
2022 жылғы 23 қарашада ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Басқарманың № 101 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.
Қаулы ағымдағы жылғы 12 қыркүйектен бастап енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының нормаларын іске асыру үшін әзірленді және Агенттік Басқармасының 2 қаулысына (25.06.2007ж. №177, 01.03.2010ж. № 25) және ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2 қаулысына (28.01.2016ж. №14, 29.10.2018ж. №259) өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
Қаулыда өнім берушілердің және Бірыңғай сақтандыру дерекқорының сақтандыру есептерін алушылардың тізбесі кеңейтіледі, ерікті сақтандыру шарттары бойынша дерекқор жүйесіне мәліметтер енгізу мерзімдері өзгертіледі, сондай-ақ дерекқор жүйесінде ерікті сақтандыру шарттарына бірегей нөмір тағайындау бойынша талаптар белгіленеді.
Бұдан басқа Қаулыда сақтандыру агентінің оқытудың ең төмен бағдарламасы бойынша емтиханнан өту процесі (2023 жылдан бастап енгізіледі) қайта қаралды, сақтандыру агенттері үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шартын жасау қажеттілігі (2025 жылдан бастап) көзделеді.
Сақтандыру жағдайын реттеу рәсімі шеңберінде Қаулыда көлік құралына келтірілген зиян мөлшерін анықтау әдістемесін жаңарту, сондай-ақ зиян мөлшерін анықтаған кезде мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану көзделеді және оған қойылатын техникалық талаптар белгіленеді.
Қаулыны қабылдау халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің сапасы мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz