Сақтандыру нарығын реттеу мәселелері бойынша

Сақтандыру нарығын реттеу мәселелері бойынша

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасының 2022 жылғы 23 қарашадағы №102 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдағаны туралы хабарлайды.

Қаулы ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 5 қаулысына (31.01.2019ж. №13, 27.08.2018ж. №191, 30.05.2016ж. №140, 29.10.2018ж. №262, 19.12.2015ж. №240) өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Қаулы сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың кепілдік төлемдерін алу рәсімін жеңілдетеді және жеделдетеді. Таратылатын сақтандыру ұйымының клиенттері сақтандыру ұйымын тарату туралы сот шешімін күтпей-ақ кепілдік төлемдерін ала алады, өйткені сақтандыру портфелін кепілдендірілген сақтандыру сыныптары бойынша беру сақтандыру ұйымының лицензиясынан айырылған сәттен бастап Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады.

Сақтандыру ұйымының төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Қаулымен білім беру сақтандыру өнімі және өндірісте зардап шеккен қызметкерлерді аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру міндеттемелерін бағалауға қойылатын талаптар жетілдірілді.

Қаулымен сондай-ақ көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін пайдаланылатын жеңілдіктер мен үстемеақылар жүйесінің («бонус-малус» жүйесі) коэффициенттері айқындалған.

Қаулымен сақтандыру нарығында жүзеге асырылатын актуарлық практикаға қойылатын талаптар жетілдірілді. Сақтандыру резервтерін тексеру үшін тартылатын тәуелсіз актуарий сақтандыру ұйымының, оның акционерлерінің, басшы қызметкерлерінің және штаттық актуарийдің туыстарының үлестес тұлғасы болмауы тиіс. Актуарийдің кәсіби даму бағдарламасы актуарлық қызмет бойынша вебинарлармен және мастер-кластармен толықтырылды.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz