Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің мәселелері бойынша

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің мәселелері бойынша

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2022 жылғы 22 қарашадағы №94 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдағаны туралы хабарлайды.

Қаулы ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) нормаларын іске асыру үшін әзірленді. Заңда сақтандыру ұйымдарының мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне (МБЖЖ) қатысу мүмкіндігі көзделген.

МБЖЖ – бұл кез келген азамат үшін өз баласы үшін Қазақстанда немесе шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары білім ақысын төлеуге жеткілікті қаражат жинақтау мүмкіндігі.

МБЖЖ шеңберінде білім беру жинақтаушы өмірді сақтандыру шартын жасасу арқылы ата–аналар сақтандыру ұйымы есептейтін инвестициялық табысқа қосымша жылдық 5% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын (халықтың басым санаты үшін, мысалы, жетім балалар, мүгедектер, көп балалы отбасылардан шыққан балалар – жылдық 7%) ала отырып, өз балаларын оқытуға жинай алады. Банктік өнімнен айырмашылығы, сақтандыру компаниясымен жасалған шарт азаматқа бір мезгілде сақтандыру қорғауында бола отырып, қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бұл ата-анасының еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан немесе қайтыс болған жағдайда сақтандыру ұйымы жинақталған сомаға қарамастан оқудың толық құнын төлейтінін білдіреді.

Қаулы мемлекет сыйлықақысын есептеу үшін пайдаланылатын білім беру жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша есептік соманы айқындау тәртібін көздейді, сондай-ақ білім беру жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін есептеу және жүзеге асыру қағидаларын айқындайды.

Қаулыны қабылдау азаматтардың балаларын оқытуға қаражат жинау үшін инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz