
Сақтандыру нарығының қалай дамығаны және 2023 жылы сақтандыру компаниялары мен тұтынушыны қандай заңнамалық өзгерістер күтіп тұрғаны туралы ҚНРДА Басқармасы Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтып берді
- Соңғы екі жыл ел экономикасы үшін өте қиын болды. Сақтандыру секторы соңғы жылдардағы жоғары турбуленттілікке қалай ден қоюда?
- Геосаяси тұрақсыздық және күрделі макроэкономикалық ахуал жағдайында сақтандырудың тәуекелдерді басқару институты ретіндегі рөлі күшеюде. Сондықтан Агенттік сақтандыру нарығы соңғы жылдардағы жағымсыз оқиғалар аясында тұрақтылықты көрсетіп отырғанын ерекше атап өтеді. Сектордың негізгі өлшемдері тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Сақтандыру секторы орнықтылығының негізгі факторы жеткілікті беріктік қоры және сақтандырушылардың орнықты қаржылық жағдайы болып табылады.
Соңғы үш жылда сақтандыру компанияларының активтері 74,6%-ға 2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл сақтандыру секторының елдің ІЖӨ-ге қатысуын соңғы үш жылда 1,7%-дан 2,22%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді, бірақ сақтандырудың енуі әлі де төмен деңгейде. Дегенмен, сақтандыру секторының көрсеткіштері оптимистік деңгейде. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 69,1%-ға ұлғайып, 642 млрд теңгеге жетті. Сақтандыру шарттарының саны 1,5 есе 10,3 млн шартқа дейін өсті, оның 86%-ы жеке тұлғалармен жасалған. Сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі 23%-ға ұлғайды.
Сектор өсуінің негізгі драйвері ерікті сақтандыру болып табылады. Ерікті сақтандыру бойынша сыйлықақылар ағымдағы жылдың он айында ғана 502 млрд теңгені құрады, ал міндетті сақтандыру бойынша 140 млрд теңге болды.
Мүлікті ерікті сақтандыру ең үлкен өсімді көрсетіп отыр, атап айтқанда, автомобиль көлігін сақтандыру 44%-ға өсті. КАСКО сату белсенділігінің ұлғаюы автокредит беру бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асырумен тікелей байланысты.
Даму серпіні туралы айтатын болсақ, соңғы үш жылдағы өмірді сақтандыру саласы даму қарқыны бойынша жалпы сақтандырудан озып тұр. Үш жыл ішінде өмірді сақтандыру бойынша сыйлықақылар көлемі 2,2 есе ұлғайып, 237 млрд теңгені құрады. Өмірді сақтандыру саласының өсуі, оның ішінде сақтанушылар үшін жеке табыс салығы бойынша салық жеңілдіктерін енгізу, зейнетақы аннуитетінің құнын 40%-ға төмендету, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін енгізу бойынша қабылданған шараларға байланысты. Бұл ретте 2022 жылы зейнетақы аннуитеттері бойынша сыйлықақылар көлемінің өткен жылмен салыстырғанда 58,5%-ға төмендеуі байқалады. Бұл емделуге және тұрғын үй сатып алуға зейнетақы ақшасын пайдалану мүмкіндігіне байланысты.
Биыл қабылданған тәуекелдерді қайта сақтандыру құрылымы айтарлықтай өзгерді. Сақтандырушылар Қазақстан ішіндегі тәуекелдерді көбірек қайта сақтандыра бастады. Ел ішінде қайта сақтандырылған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,7 есе ұлғайды. Бейрезиденттерден қайта сақтандыру көлемі 23,7%-ға ұлғайды. Осының бәрі қазақстандық сақтандыру нарығына деген сенімнің артып келе жатқанын және нарық сыйымдылығының ұлғайғанын көрсетіп отыр.
Бүгінгі күні сақтандыру нарығында 27 сақтандыру ұйымы өз қызметін жүзеге асыруда, оның 9-ы өмірді сақтандыру компаниялары. Соңғы үш жылда нарық құрылымы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Негізгі үрдістер өмірді сақтандыру жөніндегі жаңа компаниялардың нарыққа шығуы және жалпы сақтандыру компанияларының шоғырлануы болды.
- Сақтандыру ұйымдары – ішкі қор нарығындағы ірі институционалдық инвесторлар. Биыл жылдың басынан бері байқалған қор нарықтарының құбылмалылығын ескерсек, сақтандырушылар клиенттер алдындағы міндеттемелерін қалай орындауда? Тәуекелдерді бақылау және сектордың орнықтылығын қамтамасыз ету үшін реттеуші қандай шаралар қолданып жатыр?
- Сақтандыру ұйымдары – бақыланатын нарық субъектілері. Оларға қатысты қаржылық орнықтылығы мен төлем қабілеттілігінің деңгейін анықтайтын пруденциялық реттеу қолданылады. Сақтандырушылардың инвестициялық портфелі жақсы әртараптандырылған. Шетел валютасында номинирленген қаржы құралдарының үлесі жиынтық инвестициялық портфельдің 20%-ын құрайды.
Осы жылы инвестициялық қызметпен де, қайта сақтандырумен де байланысты тәуекелдер болды. ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемені көтеруі және Ресей Федерациясының эмитенттерінен рейтингтерді қайтарып алу сақтандырушылар портфеліндегі қаржы құралдарын қайта бағалауды талап етті. Ресейдің халықаралық кредиттік қайта сақтандыру ұйымдарының рейтингтерінің төмендеуі қазақстандық сақтандыру ұйымдарының төлем қабілеттілігі маржасын есептеу кезінде тәуекелді саралау талаптарды күшейтуге алып келді.
Сектордың қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін Агенттік сақтандыру ұйымдары үшін пруденциялық нормативтерді есептеу тәртібін өзгертті. Бұл сақтандырушыларға биылғы жылғы қиын жағдайларда орнықтылық пен төлем қабілеттілігін сақтай отырып, қайта сақтандыру және инвестициялық портфельдерді қайта құрылымдауға мүмкіндік берді.
2022 жылы сақтандырушылар алғаш рет Insurance Regulatory Information System (IRIS) халықаралық реттеу жүйесі негізінде әзірленген Агенттіктің әдістемесін басшылыққа алып, тәуекелдерін өздері бағалады. Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың ішкі жүйесі Supervisory Risk Evaluation System (SRES) жетілдірілді, оның негізінде сақтандыру ұйымдарына қатысты қадағалау деңгейі айқындалады. Бұл құралдардың барлығы реттеушіге сақтандырушының сыртқы және ішкі тәуекелдерін кешенді бағалауға және оларды азайтудың алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Сақтандыру нарығы үшін нормативтік тұрғыдан болған өзгерістер
- Жақын уақытта секторды реттеуде қандай да бір жаһандық реформалар күтіп тұр ма?
- Агенттік стресс-тестілеудің қолданыстағы моделін жетілдіруді жоспарлап отыр. Сақтандыру ұйымдарының тәуекелдерге осалдығын анықтау үшін стресс-тестілеудің 9 сценарийі жаңартылатын болады. Атап айтқанда, валюталық тәуекел бойынша стресс-тестілеу теңгенің түрлі шетел валюталарына қатысты төмендеу сценарийі ескеріле отырып жетілдірілетін болады.
Бұдан басқа, сақтандыру сыйлықақыларын жинауды тоқтата тұру, орын алмаған шығындар резервін ұлғайту, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын бұзу, қайта сақтандырушының төлемді уақтылы жүзеге асырмауы және т.б. тәуекелдерді бағалайтын қосымша сценарийлер әзірленетін болады. Нормативтік құжаттың жобасы қазіргі уақытта нарыққа қатысушылардың талқылауында жатыр.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Сақтандыру шарттары» 17-ХҚЕС (IFRS) күшіне енеді. Бұл сақтандыру нарығы үшін елеулі сын-тегеурін болады, себебі күтілетін болашақ ақша ағындарын бағалау негізінде сақтандыру шарттарын есепке алуды жүргізу, ақпаратты жаңаша жария ету және қаржылық есептілікті ұсыну қажет болады. Нарыққа осы міндетті іске асыруға көмектесу үшін Агенттік ағымдағы жылы «Сақтандыру міндеттемелерін бағалау жөніндегі нұсқаулықты» - нарыққа қатысушыларға 17-ХҚЕС-тің негізгі қағидаттарын енгізу бойынша ұсынымды әзірледі.
2030 жылға дейін сақтандыру секторы Solvency II халықаралық төлем қабілеттілігі стандартының элементтерін енгізуге тиіс. Биылдың өзінде осы бағытта белгілі бір жұмыс жүргізілуде. Solvency Capital Requirements тестілік аралық есептеулерін жүзеге асыру үшін Жол картасы әзірленді, индикативтік тәуекелдердің тізбесі айқындалды және оларды бағалау бойынша жұмыс басталды. Жыл соңына дейін сектордың осы стандартты енгізуге дайындығына кешенді бағалау жүргізіледі және стандарттың негізгі элементтерін ұлттық заңнамаға енгізу бойынша нақты қадамдар әзірленеді.
- Биыл шілде айында Мемлекет басшысы тек сақтандыру мәселелері бойынша 19 заңнамалық актіге түзетулерді қамтитын Заңға қол қойды. Сақтандырушылар мен олардың клиенттері үшін іс-қимыл ережелері қалай өзгереді?
- Мемлекет басшысы 12 шілдеде қол қойған сақтандыру нарығын, бағалы қағаздар нарығын дамыту және банк қызметі мәселелері жөніндегі заңда негізгі басымдықтар ретінде халықты және бизнесті сақтандырумен қамтуды кеңейту, сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықтың сақтандыру нарығына деген сенімін арттыру айқындалады.
Сақтандырудың жаңа әлеуметтік бағдарланған өнімдерінің пайда болуы үшін заңнамалық жағдай жасалған. Сақтандыру нарығында алғаш рет мемлекеттің субсидиясы бар білім беру жинақтаушы сақтандыру өнімі пайда болды. Бұл баланы оқыту үшін ақша жинақтауға мүмкіндік береді және ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда, жинақталған сомаға қарамастан оқу ақысының толық төленуіне кепілдік береді.
Зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігі артты. 2021 жылы зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде 45 жастан бастап шарт жасасуға және 55 жастан бастап өмір бойы зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік беретін кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. 2022 жылы ерлі-зайыптылардың екеуіне де өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз ету үшін олардың зейнетақы жинақтарын біріктіру арқылы бірлескен (ерлі-зайыптылық) зейнетақы аннуитеттерін сатып алуға мүмкіндік туды.
Бұдан басқа, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан азаматтар шарттың талаптарын өзгертуге және жинақтардың бір бөлігін кейіннен емделуге және тұрғын үй сатып алуға пайдалану үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтаруға мүмкіндік алды.
Сақтандыру секторын белсенді цифрландыру жалғасуда. Ол тұтынушы үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, сақтандыру секторын барынша ашық етеді.
2024 жылға дейін цифрландырудың екінші кезеңін – барлық міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру жағдайын онлайн реттеуді енгізу жоспарланып отыр.
Бұл клиенттің сақтандыру ұйымымен қарым-қатынасын электрондық форматқа ауыстыруға және сақтандыру төлемдерін алу рәсімін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сақтандыру жағдайларын онлайн-реттеу сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған және сақтандыру төлемін алу рәсімін айқын етуге мүмкіндік береді. Сақтандыру жағдайын реттеу процесінің құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап төлемді жасау не сақтандырушының шешіміне шағымдануға дейінгі барлық кезеңдері Бірыңғай сақтандыру дерекқорда (БСДҚ) тіркелетін болады. Агенттік және сақтандыру компаниялары БСДҚ-ны нарыққа қатысушылармен және оны мемлекеттік дерекқормен біріктіру бағытында жұмыс істеуде. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша сақтандыру ұйымдары барлық сақтандыру түрлері бойынша толық статистикаға қол жеткізе алады, сондай-ақ скорингтік модельдер жасау және сақтандыру өнімдерінің ұсынылып отырған тізімін кеңейту мүмкіндігіне ие болмақ.
Онлайн реттеу шеңберінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру жағдайларын жеңілдетілген реттеу – Еурохаттама енгізіледі. Ол полицияның қатысуынсыз және сотқа жүгінбей, жол-көлік оқиғалары бойынша залал сомасы 100 АЕК-ке дейін болған кезде сақтандыру төлемдерін онлайн режимде жедел алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бәсекеге қабілетті ортаны дамыту және одан әрі цифрландыру мақсатында міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеуге көшу жоспарлануда. Өңірлер бойынша нақты шығындылықты ескере отырып, баға белгілеудің әділ жүйесі, сақтандыру жағдайын жеңілдетілген реттеу және сақтандыру жағдайларын онлайн-реттеу тетіктерін енгізу белгіленетін болады.
Сақтанушылардың құқықтарын қорғау үшін төлемдерге кепілдік беруді және дауларды реттеуді қамтамасыз ететін инфрақұрылым реформалаудан өтті. Мәселен, сақтандырылған адамдарға барлық міндетті сақтандыру және әлеуметтік маңызды сақтандыру сыныптары, оның ішінде зейнетақы аннуитеттері шарттары және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының толық кепілдігі берілген. Сонымен қатар, сақтандыру омбудсманының клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктерін сотқа дейінгі міндетті реттеуі көзделген. Жеке тұлғалар, шағын және орта бизнес субъектілерінің қатысуымен орын алатын барлық дауларды міндетті түрде омбудсман қарайтын болады және оның шешімімен келіспеген жағдайда ғана тұтынушы сотқа жүгінеді. Аталған шаралар сақтандырумен өтеуді ұлғайтып, халықтың және бизнестің сақтандыруға деген қызығушылығын арттырады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz