
Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресі аясында панельдік сессиялар өтті, онда қаржы секторын дамытудың негізгі бағыттары талқыланды.
Панельдік сессиялардың бірі сақтандыру секторын дамыту мәселелеріне арналған.
Сақтандыру жөніндегі панельдік сессияға Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаева, сақтандыру ұйымдарының және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-тың бірінші басшылары қатысты.
Талқылауға қатысушылар соңғы жылдары халықтың сақтандыру нарығына деген сенімін арттыру үшін қаржылық орнықтылық пен төлем қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге көп көңіл бөлінгенін атап өтті. Жұмыс істеп тұрған толыққанды инфрақұрылым дауларды реттеу және төлемдерге кепілдік беру жүйелерін қоса алғанда, сақтанушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Субсидияланған және жеңілдікті салық салынатын өнімдерді қоса алғанда, жаңа әлеуметтік тұрғыдан бағдарланған сақтандыру өнімдері үшін жағдайлар жасалған. Жүктелген сақтандыру мен пуллинг жүйесін дамыту үшін құқықтық орта бар. Саланы белсенді цифрландыру кезеңі басталды.
Реттеуші өкілінің пікірінше, сақтандыру өнімі кепілдік тұрғысынан банктік өнімге қарағанда озық көрінеді. Алайда, нарық қатысушыларының назарын көрсетілетін сақтандыру қызметтерінің сапасына аудару қажет. Тұтынушы сақтандыру жағдайы басталған кезде не үшін төлегенін және не алатынын түсінуі керек. Сондықтан реттеуші іс-қимыл қадағалауына баса назар аударады. Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру және реттеу мәселелеріне баса назар аудара отырып, сақтандыру ұйымдарының бизнес-процестерін талдау жүзеге асырылатын болады. Сақтандыру шарттары клиент үшін адал болуы керек, ал төлемдерді алу процесі төрешілдік тәсілді болдырмайтын ашық және жылдам болуы керек.
Көп жағдайда көрсетілген мәселелерді шешу саланы одан әрі цифрландыру шеңберінде іске асырылатын болады.
Сессияға қатысушылар клиенттің қажеттіліктеріне жауап беретін сақтандыру өнімдері мен сервистерін әзірлеу кезінде инновациялық технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін талқылады.
«Сақтандыру нарығын цифрлық трансформациялау – бұл саланың басты үрдісі. Цифрлық технологияларды пайдалану сақтандырудың барлық бизнес-процестерін оңтайландыруға және автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл, түпкілікті нәтижесінде, халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің қамтылуын, қолжетімділігі мен сапасын арттырады», - деп қорытындылады Әсел Әмірбаева.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089
press@finreg.kz