ҚР қаржы секторын дамытуға қатысты ҚНРДА Төрағасы М. Е. Әбілқасымованың сұхбаты

ҚР қаржы секторын дамытуға қатысты ҚНРДА Төрағасы М. Е. Әбілқасымованың сұхбаты

Осы жыл Қазақстан экономикасы үшін оңай болған жоқ. Елдің қаржы секторының дамуына қандай негізгі факторлар әсер етті? Ағымдағы жағдайды және даму перспективаларын қалай бағалайсыз?

Биыл қаржы секторы күрделі макроэкономикалық жағдайларда дамуда. Геосаяси жағдайдың шиеленісуі, жаһандық жеткізу легінің бұзылуы, сондай-ақ энергия тасымалдағыштар бағасының өсуі әлемдік инфляцияның өсуін ең жоғары көрсеткіштерге дейін жеделдетуге және жаһандық экономиканың өсуін бәсеңдетуге әкелді.

Реттеушілер бұған ақша-кредиттік жағдайларды қатаңдату арқылы жауап берді. Әлемнің негізгі экономикаларының мөлшерлемелерін арттыру дамушы нарықтардың инвесторлар үшін тартымдылығын төмендетіп, осы нарықтардан капиталдың әкетілуіне ықпал етті.

Қазақстанға келетін болсақ, шикізат тауарларының жоғары бағасы елдің экономикалық өсуіне және бюджет кірісіне қолдау көрсетуде. Биыл  9 айда тауарлар экспорты 48%-ға 64 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды, бұл 2015 жылдан бері алғаш рет ағымдағы операциялар шотының профицитін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, сыртқы күйзелістердің әсерінен Қазақстанның экономикалық өсуінің 2021 жылғы 4%-бен салыстырғанда 2,8%-ға дейін баяулауы байқалады.

Оң фискалдық серпін аясындағы жоғары сыртқы инфляция Қазақстандағы инфляцияны ағымдағы жылдың қазан айының қорытындысы бойынша 18,8%-ға дейін айтарлықтай жеделдетуге ықпал етті. Бағаның өсуін тежеу үшін Ұлттық Банк 2022 жыл бойы базалық мөлшерлемені ағымдағы 16% деңгейге дейін кезең-кезеңімен арттырды.

Экономикалық белсенділіктің төмендеуі, сондай-ақ инфляцияның жеделдеуі және ақша-кредиттік жағдайлардың қатаңдатылуы қаржы нарығының барлық секторларына, әсіресе қор нарығы мен банк секторына қысым жасайды.

Бағалы қағаздар нарығында жыл басынан бері қазақстандық қор нарығын жиынтық капиталдандыру 16%-ға 37,3 трлн теңгеге дейін немесе ІЖӨ-ге 41%-ға қысқарды.

Базалық мөлшерлемені арттыру корпоративтік облигациялар, сол сияқты мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша барлық борыштық бағалы қағаздар бойынша қорландыру құнын ұлғайтты. Бұл жеке борыштық қаржыландыруды, әсіресе ШОБ субъектілері үшін тартудың қолжетімділігін төмендетті. Сонымен қатар, нарықтық мөлшерлемелерді арттыру қаржы ұйымдарының портфельдеріндегі қаржы құралдарын теріс қайта бағалауға әкелді.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында төмендегеніне қарамастан, 2022 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша бағалы қағаздар нарығында тартылған қаржыландыру көлемі 992 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға жоғары.

Банк секторына әсер ету туралы айтатын болсақ, мөлшерлемелерді арттыру және кредиттік тәуекелдердің өсуі бизнес субъектілері үшін қаржы ресурстары қолжетімділігінің төмендеуіне әкелгенін атап өтер едім. Корпоративтік кредиттер бойынша орташа мөлшерлемелер жыл басындағы 12,2%-дан 16,2%-ға дейін өсті.

Алайда, 2022 жылы банк секторындағы жағдайға Ресейге қарсы санкциялардың, оның ішінде 3 ресейлік еншілес банк – Сбербанк, ВТБ Банк және Альфа-Банкке қатысты санкциялардың енгізілуі әсер етті.

Санкциялық режимнің қолданылу жағдайында Агенттіктің негізгі міндеті банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, салымшылардың мүдделерін қорғау және қазақстандық банктерге қайталама санкциялар салу тәуекелдерін барынша азайту болды.

Ресейдің еншілес банктеріне қатысты олардың жыл басындағы үлесі банк секторы активтерінің 15%-ын құрағанын атап өтемін. Енгізілген санкциялар аталған банктердің негізгі операцияларын жүзеге асыруда қиындықтарға алып келді, нәтижесінде депозиттердің басқа қазақстандық банктерге әкетілуі және қаражаттың банк жүйесінен ішінара кетуі орын алды. Сонымен қатар, активтер сапасының жоғары болуы мен ресейлік банктердің өтімділік қорының арқасында клиенттер алдындағы міндеттемелер уақтылы және толық көлемде орындалды, бұл банк жүйесіне деген сенімді сақтауға мүмкіндік берді.

Сбербанк пен Альфа-Банк акционерлерінің банктерді жаңа инвесторларға сату туралы қабылдаған шешіміне байланысты Агенттік тарапынан АҚШ-тың қаржы билігінен қажетті лицензияларды алуға қолдау көрсетілді. Альфа-Банкті Банк ЦентрКредит кейіннен оған қосыла отырып сатып алды.

«Бәйтерек» ұлттық холдингі Сбербанкті әрі қарай жеке инвесторға сату жоспарларымен сатып алды. Сбербанктің жүйелі түрде маңызды банк болғанын және банк секторы активтерінің мөлшері бойынша, оның ішінде корпоративтік клиенттерге кредит беру бойынша екінші банк болғанын атап өткен жөн. Сондықтан Сбербанкті нарықта сақтап қалу қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, шоғырлануды азайту және банк секторындағы бәсекелестікті сақтау тұрғысынан маңызды болды.

Аталған сын-қатерлерге қарамастан, банк секторы табысты жұмыс істеп, жаңа шынайы жағдайларға бейімделді. Жыл басынан бері банктер активтерінің өсуі 10,9%-ды құрады және 41,7 трлн теңгеге жетті. Банк жүйесіндегі салымдар 13,1%-ға 29,4 трлн теңгеге дейін өсті, несие  портфелі 10,4%-ға 22,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

 

Сіз санкциялар және олардың банк секторына әсері тақырыбын қозғадыңыз. Банк секторындағы ағымдағы жағдай туралы айтып берсеңіз және қаржы институттарының орнықтылығын арттыру үшін қандай шаралар қабылдануда?

Банк секторының ағымдағы күйзелістерді игеру үшін жеткілікті беріктік қоры және экономиканы қаржыландырудағы өз рөлін арттыру әлеуеті бар.

Мәселен, меншікті капиталдың жеткіліктілік көрсеткіші белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және  ең төменгі мәні 8% болған кезде 20,9%-ды құрайды. Бұл ретте банктерде өтімділігі жоғары активтердің деңгейі жеткілікті, олардың үлесі 30,5%-ды құрайды, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Сектордың әр түрлі күйзелістерге орнықтылығы көп жағдайда банк секторын қалыпқа келтіру жөніндегі саясаттың іске асырылуы арқылы қамтамасыз етілді. Нарықты төлемге қабілетсіз банктерден және тарихи тұрғыдан жинақталған проблемалық кредиттерден тазарту бойынша ауқымды жұмыс аяқталды. Соңғы 6 жылда нарықтан 8 дәрменсіз банк шығарылды және 6,9 трлн теңгеге, оның ішінде 2020 жылдан бастап 1,5 трлн теңгеге стрестік активтер есептен шығарылды.

2020 жылы аяқталған банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау қорытындылары бойынша банктердің есебінен анықталған шығындар толығымен әсерін азайтты. 597 млрд теңге сомаға қосымша провизиялар қалыптастырылды, акционерлердің қаражаты есебінен 128 млрд теңгеге банктерді қосымша капиталдандыру жүргізілді.

Нәтижесінде банктердің несие портфелінің сапасы айтарлықтай жақсарды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша NPL90+ қарыздарының деңгейі 3,6%-ды құрады, ал стрестік активтердің үлесі банк жүйесі активтерінің 6%-ы мөлшерінде бағаланады.

Проблемалық активтердің банктердің балансында қайта жинақталуына жол бермеу үшін реттеуші 2021 жылдан бастап банк секторында тәуекелге бағдарланған қадағалауды толық көлемде енгізуді қамтамасыз етті.

Жыл сайын банктердің қызметі өздерінің қаржылық орнықтылығы мен корпоративтік басқару сапасын бағалайтын SREP (Supervisory Review and Evaluation Process) қадағалау әдіснамасы бойынша сапалық және сандық тұрғыдан бағаланады. Бағалау нәтижелері бойынша жекелеген банктермен түзету шараларының жоспарлары жасалады. Ағымдағы жылғы желтоқсанда Агенттік 2022 жылғы SREP бағалау қорытындылары шығарылады және тәуекелдері жоғары банктерге қатысты тиісті қадағалау шаралары қолданылатын болады.

2021 жылдан бастап қадағалау процесіне қосымша екі жаңа элемент енгізілді – бұл тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестілеу.

Тұрақты AQR банктер активтерінің нақты сапасын, жұмыс істемейтін активтердің деңгейін және ықтимал шығындарды бағалауға, сондай-ақ кредиттік портфель бойынша провизияларды қалыптастыру сәйкестігін анықтауға мүмкіндік береді. Алдыңғы жылдары банктер күтілетін кредиттік шығындарды көп жағдайда төмендетіп отырды, бұл олардың төлем қабілетсіздігіне және халықтың салымдарын сақтап қалу үшін мемлекеттік қаражатты пайдалануға әкелді.

2019-2020 жылдардағы тәуелсіз AQR нәтижелері бойынша банктердің тәуекелдерді басқару жүйесінде қарыз алушыларды, кепілдерді және кредиттік тәуекелді, есепке алу және аудит жүйесін бағалау кезінде бизнес-процестердегі кемшіліктер анықталды. Барлық банктермен түзету шараларының жеке қадағалау жоспарлары жасалды. Жоспарлардың орындалуы Агенттіктің ерекше бақылауында. Үш жылда олардың орындалуы 85%-ды құрады.

Нәтижесінде кредиттік тәуекелдерді бағалау және мониторингтеуге қатысты банктердің негізгі бизнес-процестері айтарлықтай өзгерді, қаржы активтерін жіктеу, кепілдерді бағалау және провизияларды қалыптастыру ХҚЕС стандарттарына сәйкес келтірілді. 

Биыл тұрақты AQR аясына банк жүйесінің несие портфелінің 72%-ы шоғырланған 10 ірі банк кірді. Бағалау барысында жеке алғанда 1400 ірі қарыз алушы бойынша және ұжым бойынша 19 млн несие бойынша күтілетін кредиттік шығындар айқындалды.

Ағымдағы жылғы 17 қазанда тұрақты AQR нәтижелері алынды, олар банктер капиталы жеткіліктілігі (k1) деңгейінің 1,7 пайыздық тармаққа 15,9%-ға дейін төмендегенін көрсетті. AQR бағалауы бойынша провизиялармен өтеудің күтілетін деңгейі 2,3 пайыздық тармаққа  ұлғайды. Агенттік ағымдағы жылдың соңына дейін тұрақты AQR нәтижелері бойынша есепті жариялауды жоспарлап отыр.

Банктердің ықтимал теріс сценарийлерге орнықтылығын  бағалаудың маңызды құралдарының бірі стресс-тестілеу болып табылады.

Агенттік 2021 жылы қадағалап стресс-тестілеу жүйесін әзірлеп, іске қосты. Еуропалық орталық банк қолданатын негізгі қағидаттар мен тәсілдерге сәйкес қадағалап стресс-тестілеу әдіснамасы, кредиттік, нарықтық, валюталық және басқа да тәуекелдерді бағалаудың тексеру үлгілері, деректер үлгілері әзірленді, сондай-ақ банктердің қызметкерлерін оқыту жүргізілді.

2022 жылғы қазанда тұрақты AQR нәтижелерін алғаннан кейін Агенттік 10 банк бойынша қадағалап стресс-тестілеуді жүргізуге кірісті. Қорытынды нәтижелер 2023 жылғы наурызда күтіледі.

Банктерді қадағалап бағалау қорытындылары және стресс-тестілеу нәтижелері банктердің капиталына материалдық әсер ететін болады. 2024 жылдан бастап біз капиталға қадағалау үстемесін енгізуді жоспарлап отырмыз, бұл капитал жеткіліктілігінің ең төменгі мәндеріне бағдарлануға емес, банктерден ағымдағы және ықтимал шығындарды жабу үшін қосымша капитал буферін құруды талап етуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Агенттік тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін құрады, ол тәуекелдерді уақтылы анықтауды және оларды төлемге қабілетсіз банктерді қолдауға мемлекеттік қаражатты тартпай банктер акционерлерінің қаражатымен өтеуді қамтамасыз етеді. 

Тағы бір маңызды жүйелік міндет – стрестік активтерді экономикалық айналымға тиімді тарту. Стрестік активтердің одан әрі жинақталуына жол бермеу үшін банктердің баланстарын стрестік активтерден тазартудың және оларды экономикалық айналымға қайтарудың нарықтық тетігін құру маңызды болып табылады.

Осы мақсатпен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 4 шілдеде жеке инвесторларды, оның ішінде бейрезиденттерді қосу арқылы стрестік активтерді сатып алушылар тізімін кеңейтуді және сервистік компаниялар құруды көздейтін Стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заң қабылданды. Бұдан басқа, Заңда проблемалық кредитті өтеу есебінен өндіріп алынған мүліктің банктер мен МҚҰ баланстарында болуы үшін 3 жыл шекті мерзім белгіленген.

Стрестік активтер нарығының ашықтығын арттыру және инвесторлар базасын кеңейту үшін қазіргі уақытта Агенттік стрестік активтерді сатып алу мен сатудың бірыңғай цифрлық платформасын құру мәселесін пысықтауда.

Банк секторының шоғырлануын арттыру жағдайында нарыққа жаңа қатысушыларды тарту мәселесі өзекті болып табылады.

Жаңа қатысушылардың пайда болуын ынталандыру және елдің шалғай өңірлерінде банк қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылғы шілдеде заңнамалық деңгейде МҚҰ-ны банкке жеңілдетілген айналдыру тетігі іске асырылды. Бұл ретте МҚҰ-ға айналдыру кезеңінде өз қызметін тоқтатпауға мүмкіндік берілді.

Сонымен бірге банктер ашылған кезде кіру талаптарын ырықтандыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнама жаңадан ашылған банктерге өз қызметін жүзеге асырудың бірінші жылында депозиттер тартуға тыйым салады, бұл секторда жаңа банктердің пайда болуын ынталандырмайды. Осыған байланысты талаптарды ырықтандыру шеңберінде бұл заңнамалық шектеулерді алып тастау жоспарлануда.

 

Макроэкономикалық жағдайлардың қатаңдатылуы банктердің кредит беруіне қалай әсер етті және экономикаға кредит берудің ағымдағы жағдайы қандай? Агенттік бизнеске кредит беруге қатысты қандай шаралар қабылдауда?

Жаһандық сыртқы жағдайлардың нашарлауына жауап ретінде Қазақстан экономикасының тұрақтылығын сақтап қана қоймай, үдемелі өсуін қамтамасыз ету қажет және бизнес субъектілерін қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету негізгі фактор болып табылады.

Ақша-кредиттік жағдайлардың қатаңдатылуына қарамастан, банктік кредиттеудің оң серпіні байқалады. 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономикаға кредиттер 14,1%-ға 21,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде заңды тұлғаларға берілетін қарыздар 3,6%-ға 8,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұлттық Банктің деректері бойынша, дара кәсіпкерлерге берілген қарыздарды қосатын болсақ, бизнеске берілген жалпы кредиттер ағымдағы жылдың 9 айында 5,2%-ға 8,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Бизнеске кредит беру құрылымында ШОБ субъектілеріне берілген  кредиттер басым, олар жыл басынан бері 6,8%-ға 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте ағымдағы жылдың 9 айында 167 мыңнан 255 мың қарыз алушыға дейін өскен қарыз алушы-ШОБ субъектілерінің саны бойынша оң серпін байқалады.

ШОБ кредиттері 2020 жылдан бастап оң серпінді көрсетіп отырғанын атап өткен жөн, бұл көп жағдайда реттеушілік ынталандыру шараларымен және кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға және кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған кезде кепілдік алуға мүмкіндік беретін кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдаудың іске асырылып жатқан бағдарламаларымен байланысты. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қолданысын 2023 жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылданып, осы бағдарлама бойынша банктерді қаржыландыру лимиттері кеңейтілді, субсидиялар деңгейі базалық мөлшерлемеге байланыстырылды.

Ірі бизнеске берілетін кредиттер ағымдағы жылы 2,7%-ға 3,3 трлн теңгеге дейін өсті. ШОБ кредиттерімен салыстырғанда ірі бизнестің барынша баяу өсу қарқыны ағымдағы жылғы ірі өтеулермен, сондай-ақ стрестік активтерді төмендету жөніндегі жоспарлар шеңберінде қарыздарды есептен шығаруды жалғастырумен байланысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы макроэкономикалық жағдайларда экономикаға кредит беруге қолдау көрсету мақсатында Агенттік реттеушілік сипаттағы жаңа ынталандыру шараларын қабылдады.

Банктер капиталының жеткілікті қоры банктердің кредиттік белсенділігін арттырудың аса маңызды факторы болып табылады. Осыған байланысты Агенттік ШОБ қарыздары бойынша тәуекел-саралау коэффициенттерін 50%-ға дейін азайтты, бұл аталған сегментке кредит беруді ұлғайтуға ықпал етеді.

Банктердің өтімділігіне қысымды азайту және бизнеске кредит беру үшін қосымша қаражат босату мақсатында өтімділік пен қорландыру нормативтерінің мәндері 1-ден 0,8-ге дейін азайтылды.

Бизнес субъектілеріндегі, әсіресе ШОБ-тағы күрделі жағдайды және сапалы кепілдердің тапшылығын ескере отырып, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері, жабдық, дайын өнім және ТМҚ, болашақта МЖӘ шарттары мен off-take келісімшарттары бойынша келіп түсетін ақша қаражаты түріндегі кепілдер бойынша өтімділік коэффициенттерін арттыру арқылы банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Бұдан басқа, рейтингі жоғары қаржы институттарының кепілдіктері есебінен өтімді қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді.

Осылайша, Агенттік іске асырып жатқан реттеушілік ынталандыру шаралары қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономиканың нақты секторына кредит берудің  өсуін қолдау арасындағы теңгерімді  қолдауға бағытталған.

Жүйелік деңгейде экономикаға кредит беру экономиканың банктік және нақты секторларына тән құрылымдық мәселелермен тежеледі. Бұл, ең алдымен, банктердегі пассивтердің әлсіз әртараптандырылуы және тұрақты ұзақ мерзімді қорлардың тапшылығы, нақты сектор кәсіпорындарының шамадан тыс кредиттелуі, сондай-ақ кепіл тетіктерінің және дәрменсіздікті реттеудің тиімділігін азайтатын заңнамалық кедергілер.

Кредит берудің сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін бағалық және қаржылық тұрақтылықты, фискалдық саясаттың теңгерімділігін, нақты сектор кәсіпорындары мен банктердің орнықтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ кепіл тетіктерінің және банкроттық институтының тиімділігін арттыруға бағытталған дәйекті және үйлестірілген макроэкономикалық саясатты іске асыру қажет.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz