ҚазМұнайГаз акцияларын жария орналастыру туралы

ҚазМұнайГаз акцияларын жария орналастыру туралы

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 2022 жылғы желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың IPO-сы өтеді.

ҚазМұнайГаз Қазақстанның жетекші мұнай-газ компаниясы болып табылады.

ҚазМұнайГаз акциялары екі алаңда – Қазақстан қор биржасында (KASE) және АХҚО биржасында (AIX)  орналастырылады. ҚМГ-нің IPO-на Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады, олардың акцияларды сатып алуға өтінімдері басым тәртіппен қанағаттандырылады.

30 млн астам жай акцияны (орналастырылған акциялардың жалпы көлемінің 5%-ы) сату жоспарланып отыр. Орналастыру қорытындысы бойынша ҚазМұнайГазды капиталдандыру 5,1 трлн теңгеден асады.

Инвесторлардың өтінімдерін қабылдау ағымдағы жылғы 9 қарашада басталып, институционалдық инвесторлар үшін 2022 жылғы 30 қарашада, ал бөлшек инвесторлар үшін – 2022 жылғы 2 желтоқсанда аяқталады.

Самұрық-Қазына хабарлағандай, ҚазМұнайГаз акциялары бойынша кепілдендірілген дивидендтердің ең төменгі деңгейі оның IPO-сынан кейін үш жылға 200 млрд теңгеден 250 млрд теңгеге дейінгі мөлшерде тіркелетін болады.

IPO аясында акцияларды қалай сатып алуға болады 

Азаматтар акцияларды сатып алу үшін Агенттік лицензия берген брокерді таңдап, онымен брокерлік шарт жасасып, шот ашуы керек.

Мұны қашықтан мобильді қосымшалар арқылы немесе, қаласаңыз, брокерлік кеңсеге хабарласу арқылы жасауға болады.

ҚазМұнайГаз акцияларын бүкіл ел бойынша Қазпошта филиалдары (брокерлік лицензиясы бар) арқылы сатып алуға болады.

Акцияларды сатып алғысы келетін азаматтар акцияларды сатып алу үшін брокердің банктік шотына ақша салып, өтінім беруі керек.

Өтінімде сатып алынатын акциялардың саны көрсетілуге тиіс. Оны қашықтан мобильді қосымша арқылы да, телефон арқылы да немесе брокердің кеңсесіне барып беруге болады.

Бұл ретте, азаматтар брокерді таңдағанда қырағылық танытып, оның Агенттік сайтындағы «Бағалы қағаздар нарығы және зейнетақы активтерін басқару» бөлімінде тиісті лицензиясының бар-жоғын тексеруі қажет екендігіне назар аударамыз.

Өздерінің қаржылық сауаттылығын арттыру үшін азаматтар «Fingramota.kz» порталындағы «Бағалы қағаздар нарығы» мамандандырылған бөлімінде инвестициялаудың базалық мәселелері туралы ақпаратпен таныса алады. Бұл порталда брокерлік шот ашу, ақша салу, бағалы қағаздарды сатып алуға өтінім беру және бағалы қағаздарға құқықтарды растау үшін қажетті құжаттарды алу тәртібі жөніндегі нұсқаулығы бар инвестор жадынамасы орналастырылған.

Бұған қосымша, IPO туралы ақпаратпен ipo.sk.kz, ipo.kase.kz сайттарында, Halyk Finance, BCC Invest, SkyBridge Invest, Freedom Finance ресми сайттарында танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz