Бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін жетілдіру және оңтайландыру және олардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы

Бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін жетілдіру және оңтайландыру және олардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы

2022 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасының № 84 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.

Қаулы ҚР Премьер-Министрінің 26.07.2022ж. № 117-ө өкіміне сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында қабылданды.

Атап айтқанда, Қаулы шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 2 желтоқсандағы № 409 қаулысымен бекітілген Төлем агенті қызметін жүзеге асыру қағидаларына осындай міндеттемелердің тиісінше орындалуын бақылау жөніндегі функционалды орталық депозитарийге жүктеуге байланысты эмитенттердің облигацияларды өтеу тәртібі бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы                                     29 қарашадағы № 307 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарийдiң қызметiн жүзеге асыру қағидаларында орталық депозитарийдің қаржылық есептілікті депозитарийдің сайтында орталық депозитарийдің және «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-тың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы эмитенттің жекелеген корпоративтік оқиғалары туралы ақпаратты жария ету тәртібі айқындалған.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 249 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдер жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттік тізілімінде облигациялар шығарылымының күшін жою туралы Агенттіктен орталық депозитарий алған электрондық хабарлама негізінде облигациялар шығарылымының күшін жою мүмкіндігі көзделеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 21 тамыздағы № 259 қаулысымен бекітілген  Инвестициялық қор активтерінің, инвестициялық қордың таза активтерінің құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептік құнын және акционерлік инвестициялық қор акциясын сатып алу бағасын айқындау қағидаларында, талаптарында және әдістемесінде басқарушы компанияның өзінің ресми интернет-ресурсында инвестициялық қорлардың кейбір қаржылық көрсеткіштері туралы мәліметтерді жария ету тәртібі көзделген.

Бұдан басқа, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде бағалы қағаздармен операцияларды тіркеу, құжаттарды сақтау, талап етілмеген ақшаны есепке алу және төлеу мерзімдеріне қатысты жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің жекелеген ережелеріне нақтылайтын және редакциялық сипаттағы түзетулер енгізілді.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің ресми интернет-ресурсында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

 +7 (727) 237-10-89, email: press@finreg.kz