
2022 жылғы қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) қызметі тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде негізінен қарыз алушылардың жәрдем ету және борыш жүктемесін азайту үшін шаралар қабылдау туралы өтініштерін қараумен байланысты болды.
Есепті айда Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 2 646 өтінішін қарады, бұл 2022 жылғы тамызбен салыстырғанда 21%-ға артық.
Өтініштердің ең көп үлесі банктерге тиесілі болды, ол өтініштердің жалпы санының 68%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер жалпы санының 14%-ын, коллекторлық агенттіктердің - 5%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің – 1%-ын, өзге де ұйымдардың - 12%-ын құрады.
2022 жылғы қыркүйекте Агенттік 13 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 15 жазбаша ұйғарым, 2 жазбаша ескерту және әкімшілік құқық бұзушылық турлы 22 хаттама бойынша жалпы сомасы 6,0 млн теңгеге 21 әкімшілік жаза, оның ішінде:
- банктерге - 13 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 2 хаттама бойынша жалпы сомасы 0,9 млн теңгеге 2 әкімшілік жаза;
- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына – әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 2 хаттама бойынша жалпы сомасы 0,5 млн теңгеге 2 әкімшілік жаза;
- коллекторлық агенттіктерге - 1 жазбаша ұйғарым, 1 жазбаша ескерту, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 13 хаттама бойынша жалпы сомасы 3,3 млн теңгеге 12 әкімшілік жаза;
- микроқаржы ұйымдарына – 14 жазбаша ұйғарым, 1 жазбаша ескерту, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 5 хаттама бойынша жалпы сомасы 1,2 млн теңгеге 5 әкімшілік жаза қолданды.
2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігінің шеңберінде банктер 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 184,3 млрд теңгеге 31,2 мың қарызды қайта қаржыландырды, оның ішінде револьверлік тетіктің есебінен 56,1 млрд теңгеге 7,6 мың қарызды қайта қаржыландырды.
Бағдарламаның бірінші және екінші бөлігі шеңберінде банктер 132,2 млрд теңгеге 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды аяқтады.
Бағдарламаның ағымдағы жылғы сәуірде қабылданған түзетулер ескерілген үшінші бөлігінің шеңберінде банктер 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 9,4 мың ХӘОТ – қарыз алушыға 61,0 млрд теңгеге қаржылай қолдаудың қосымша шараларын көрсетті. Қосымша көмек қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдікті кестесін белгілеу, сондай-ақ қарыз алушының меншігіне банктің балансында тұрған жалғыз баспанасын қайтару түрінде көрсетілуде.
Қазіргі уақытта 2023 жылы ХӘОТ – қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету үшін Бағдарламаның үшінші бөлігін іске асыру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz