
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылғы 20 қазанда «Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсету ерекшеліктерін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.
Қаулы Премьер-Министрдің 2022 жылғы 26 шілдедегі № 117-ө Өкіміне сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында қабылданды.
Қаулыда жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану тәртібі көзделеді. Атап айтқанда, жеке тұлға жоғары білімі, халықаралық кәсіби сертификаттары, еңбек өтілі және т. б. болуы бөлігінде бір немесе бірнеше талаптарға сәйкес келген жағдайда білікті инвестор болып танылады.
Көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген кезде жеке тұлға тестілеуден өткен жағдайда білікті деп танылуы мүмкін. Тестілеуге арналған сұрақтар тізбесін брокер дербес қалыптастырады, алайда күрделі қаржы құралдарына (туынды қаржы құралдары, РЕПО, ETF, ETN және т. б.) байланысты сұрақтар санаттарын қамтуға тиіс.
Тестілеу нәтижесі теріс болған жағдайда жеке тұлға білікті деп танылмайды және инвестициялаудың бар тәуекелдері туралы брокердің хабарламасымен танысқан және оған қол қойған кезде ғана білікті инвесторларға арналған қаржы құралдарын сатып ала алады.
Жоғарыда көрсетілген заңнамалық өзгерістер білікті инвесторларға ғана арналған қаржы құралдарының тізбесі бойынша шектеулерсіз қаржы құралдарын сатып алуға құқылы заңды тұлғаларға қолданылмайды.
Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz