Жинақтау сақтандыру өнімдерін реттеу бойынша

Жинақтау сақтандыру өнімдерін реттеу бойынша

2022 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне жинақтау сақтандыру өнімдерін реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасының қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.

Қаулы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді.

Қаулымен бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу рәсімдері айқындалады. Мұндай аннуитет бір салымшының зейнетақы жинақтары зейнетақы аннуитеті шартын сатып алу үшін жеткіліксіз болған кезде ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың (балалары, ата-аналары, әпкелері, бауырлары) зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Қаулымен өмірді жинақтау сақтандыру өнімі шеңберінде қарыз алу үшін сақтанушылар ұсынатын құжаттарға қойылатын талаптар жеңілдетілген, сондай-ақ электрондық нысанда қарыз алу мүмкіндігі берілген.

Қаулыда бір мезгілде сақтандыру мен инвестицияларды үйлестіретін «Unit-linked» өнімі бойынша сақтандыру ұйымдары тараған немесе өзге заңды тұлға етіп қайта ұйымдастырылған кезінде сақтанушылардың активтерін бөлу тәртібі көзделеді, сондай-ақ барлық сақтандырушылар үшін сақтанушылардың активтерін бағалау бойынша бірыңғай талаптар айқындалады.

Қаулыны қабылдау өмірді жинақтау сақтандыру өнімдерінің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді және оларға сақтандыру қызметтерін тұтынушылар үшін қол жеткізуді жеңілдетеді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz