Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы

2022 жылғы 26 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің №1021 Жарлығына (бұдан әрі – Тұжырымдама) қол қойды.

Тұжырымдама Мемлекет басшысының қаржы секторын дамыту жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажеттілігі туралы 2021 жылғы
22 қарашадағы тапсырмасын орындау үшін
әзірленді.

Тұжырымдама «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ, қаржы нарығы субъектілері, Ұлттық Банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және халықаралық аудиторлық компаниялар өкілдерінің қатысуымен құрылған Жұмыс тобы шеңберінде дайындалды. Жұмыс тобы 15-ке жуық дөңгелек үстел мен семинар ұйымдастырып, халықаралық және жергілікті сарапшылар мен бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен жұмыс талқылауларын өткізді.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттары, стратегиялық міндеттері және олар бойынша жоспарланатын іс-шаралар тиімді Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитетте қаралды және ағымдағы жылғы шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мақұлдады.

Тұжырымдама қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы қаржыландырудың өсуін ынталандыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, қаржылық көрсетілетін қызметтерді дамыту және қолжетімділігін арттыру үшін жағдайлар жасай отырып, жүйелік және кредиттік тәуекелдерді азайту үшін қаржы ұйымдарын пруденциялық реттеу арасындағы оңтайлы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында көзделген міндеттерге қол жеткізуге жәрдемдесетін болады.

Тұжырымдаманың мақсаты 2030 жылға қарай Қазақстанның тұрақты және инклюзивті экономикалық өсуіне елеулі үлес қосуды қамтамасыз ететін халықаралық кеңістікке ықпалдасқан, тиімді, инновациялық, орнықты әрі бәсекеге қабілетті қаржы нарығын қалыптастыру болып айқындалды.

Тұжырымдаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржы нарығын дамытудың 5 негізгі қағидаты айқындалды: 1) қаржы секторын дамытудан экономикалық өсуге оң әсерді қамтамасыз ету; 2) қаржы технологияларын дамыту және инновациялық өнімдер мен қызметтерді енгізу үшін жағдайлар жасау; 3) қаржы институттары қызметінің орнықтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржылық тұрақтылықты қолдау;                               4) бәсекелестікті дамыту және барлық қаржы ұйымдары үшін қызметтің тең жағдайларын жасау; 5) қаржылық инклюзияны арттыру және барлық тұтынушылар үшін қаржы өнімдері мен қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну.

Осыған байланысты Тұжырымдамада қаржы секторын дамытудың 7 стратегиялық бағыты айқындалды, оларды іске асыру үшін 31 міндет және 81 стратегиялық бастама көзделген.

Қаржылық тұрақтылықты күшейту және жүйелік тәуекелдерді болдырмау үшін макропруденциялық саясат бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу, халықаралық стандарттарға сәйкес тәуекелге бағдарланған қадағалау, пруденциялық реттеу және шоғырландырылған қадағалау құралдарын күшейту жоспарлануда.

Ақша ресурстарын тиімді қайта бөлу, сондай-ақ бизнесті кредиттеуді кеңейтуге капитал мен өтімділікті босату үшін пруденциялық сипаттағы ынталандыру шараларын пайдалану есебінен экономиканың өсуін ынталандыру банк секторының басым стратегиялық міндеті болып айқындалды. Бизнес-жобаларды қаржыландырудың баламалы құралдарын дамыту жалғастырылады.

Орта мерзімді кезеңде сақтандыру секторын дамыту инклюзивті сипатқа ие болады. Ол үшін «unit-linked» өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы инвестициялық өнімдерін ұсыну есебінен сақтандыру қызметтерінің желісін кеңейту және халық үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді енгізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру жоспарлануда.

Институционалдық және бөлшек сұранысты арттыру, нарықта инвесторлар мен қаржы құралдарының жаңа сыныптарының пайда болуы қор нарығын дамытудағы басты басымдықтардың бірі болып табылады.

Банктік қызметтермен қамтылмаған тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін микроқаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру микроқаржы нарығын дамытудағы басты бағдар болып айқындалды. Микроқаржыландыруды дамыту үшін жүйелі шаралар ретінде нарық субъектілерін қорландыру көздерін кеңейту және әртараптандыру, микроқаржылық қызметтерінің сапасы мен транспаренттілігін жақсарту жоспарлануда.

Қаржы нарығын стратегиялық дамытудың маңызды бағыты қаржы инфрақұрылымын технологиялық жаңғырту жөніндегі міндеттерді шешу, қаржы технологиялары мен инновацияларды енгізу, қадағалау процесін цифрландыру жөніндегі шаралар кешенін датаға негізделген тәсіл қағидаттары бойынша іске асыру болып табылады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін нарық субъектілерінің тұтынушылармен жұмысының іс-қимыл  стандарттары әзірленетін болады және қадағалап ден қоюдың алдын алу шаралары енгізілетін болады. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, оның ішінде қаржы пирамидаларының белгілері бар анықталған субъектілер және жедел ден қою туралы халықты алдын ала хабардар ету үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту арқылы қаржылық алаяқтықты болдырмау жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда.

Көміртексіздендіру мен тұрақты дамуды қамтамасыз етудің жаһандық күн тәртібі қаржы нарығының даму стратегиясында да көрсетілген. Бұл міндетті іске асыру үшін қаржы нарығында ESG қағидаттарын ықпалдастыру, сондай-ақ «жасыл қаржыландыруды» дамытуды ынталандыру жоспарлануда. Ол үшін ESG тәуекелдерін ашу стандарттарын енгізу, сондай-ақ қаржы ұйымдарының тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару жүйелеріне ESG қағидаттарын енгізу жоспарлануда.

Тұжырымдаманы іске асыру экономикадағы қаржы нарығының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ол үшін тиімділіктің мынадай
7 нысаналы көрсеткіші айқындалды, олар ІЖӨ-ге банктердің несие портфелінің өсуі (43,3%-ға дейін), ІЖӨ-ге сақтандыру ұйымдары активтерінің үлесінің ұлғаюы (5%-ға дейін), 2021 жылғы көрсеткішке бағалы қағаздар нарығын капиталдандырудың өсуі (38%-ға дейін), сондай-ақ
2021 жылғы көрсеткішке микрокредиттер портфелінің өсуі (138,2%-ға дейін).

Тұжырымдаманың мәтінімен Агенттіктің сайтынан https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/351016?lang=ruсілтемесі арқылы танысуға болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz