
Халықаралық валюта қоры (бұдан әрі – ХВҚ) миссиясының өкілдері Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Республикасының қаржы секторының тұрақтылығын нығайту жөніндегі шараларының маңыздылығын атап өтті.
ХВҚ миссиясы сапарының нәтижелері бойынша қорытынды мәлімдемесінде Қазақстан Республикасының банк секторы жаһандық күйзелістердің салдарын тиімді еңсеруде екендігі атап өтілді. Нормативтік талаптарды орындау жүйесін нығайту, салымдарды долларландыруды азайту, сондай-ақ капиталдың, өтімділіктің және рентабельділіктің жоғары көрсеткіштері банк жүйесіне оң әсер етуде.
ХВҚ сарапшыларының пікірі бойынша Агенттік енгізген активтер сапасын бағалау (AQR) құралы және қадағалап стресс-тестілеу жүргізу, жұмыс істемейтін кредиттерді есепке алудың жаңартылған шараларын енгізу жұмысы Агенттік әлеуетінің белсенді түрде өскенін көрсетеді.
2022 жылы басталады деп күтіліп отырған ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің қаржы секторын бағалау жөніндегі бірлескен бағдарламасы (Financial Sector Assessment Program, FSAP) Қазақстандағы қаржы секторына қатысты саясат негіздеріне терең талдау жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен кездесу нәтижелері бойынша ХВҚ сайтында ХВҚ Жарғысының IV-Бабы бойынша консультациялар жүргізу үшін ХВҚ миссиясының 2022 жылғы 22 қыркүйек – 5 қазан аралығындағы келу нәтижелері бойынша қорытынды мәлімдеме жарияланды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz