Сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығындағы жаңалықтар туралы

Сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығындағы жаңалықтар туралы

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы 29.09.2022ж. брифингі.

 

Ағымдағы жылғы 12 шілдеде  Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) қол қойды.

Заң 30-дан астам заңнамалық актіге өзгерістерді қамтиды.

Заңның бірінші блогы сақтандыру секторын одан әрі кешенді дамытуға бағытталған.

Соңғы бес жылда сақтандыру нарығы тұрақты өсуде. Өткен жылы саланың екі негізгі көрсеткіші айтарлықтай өсуді көрсетті. Бұл сақтандыру сыйлықақыларының көлемі: алдыңғы жылға қарай ол 37%-ға және төлем қабілеттілігі маржасы (активтердің сақтандыру компанияларының міндеттемелеріне қатынасы) 7%-ға 567,5 млрд теңгеге дейін өсті.

Нарықтың өсуі ерікті жеке және ерікті мүліктік сақтандыру сияқты ерікті сақтандыру түрлерінің дамуымен байланысты. Бұл ретте сақтандыру нарығының әлеуеті, бірінші кезекте, өмірді жинақтаушы сақтандырудың жаңа әлеуметтік бағдарланған өнімдерін енгізу, сақтандыру қызметтерін одан әрі цифрландыру, сондай-ақ осы қызметтердің тұтынушыларын қорғауды қамтамасыз ету есебінен ауқымды болып отыр.

Заңда көзделген өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімдерінің бірі Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) шеңберіндегі білім беру жинақтау сақтандыру өнімі болып табылады. «Банк депозитінен ерекшелігі, бұл өнім қосымша сақтандыру қорғауын ұсынады. Ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда сақтандыру шарты бойынша жинақталған сомаға қарамастан оқу құны төленеді», - деп атап өтті Мария Хаджиева. Бұдан басқа, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры төлемдердің толық сомасына кепілдік береді, ал банк салымы бойынша кепілдік 10 млн теңгеден аспайтын соманы жабады.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша МБЖЖ бағдарламасына 4 банк қатысады және жалпы сомасы шамамен 33,5 млрд теңгеге барлығы 22 мың депозит ашылды. Өмірді сақтандыру бойынша компаниялардың МБЖЖ-ға қатысуы осы өнімді сатудың балама арнасын құруға және осы жүйенің халық арасындағы танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Заңның тағы бір жаңалығы бірлескен (ерлі-зайыпты) зейнетақы аннуитетін енгізу болып табылады, ол ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және олардың әрқайсысына жеке кесте бойынша өмір бойы төлемдер белгілеуге мүмкіндік береді.  Бірлескен зейнетақы аннуитеттерін енгізу азаматтардың жинақ бастамаларын арттыруға және зейнеткерлікке шыққан кезде оларға қосымша жинақтарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заңда cақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінде елеулі өзгерістер көзделген. СТҚҚ кепілдік беретін сақтандыру сыныптарының тізбесі кеңейтіледі. Кепілдік беру жүйесі сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сыныптарына, оның ішінде МБЖЖ шеңберінде жасалатын жаңа өнімдерге - бірлескен зейнетақы аннуитеттеріне және өмірді сақтандыру шарттарына қолданылатын болады.

Тұтынушылардың сақтандыру төлемін алуды күту кезеңі айтарлықтай қысқарады. Қазіргі уақытта тұтынушылар СТКҚ-дан төлемдерді алу үшін ұзақ уақытты қажет ететін сот шешімін күтуі керек.  Заңға сәйкес жаңа жүйе бойынша тұтынушылар сақтандыру ұйымын тарату туралы сот шешімін күтпей, лицензиясынан айырылғаннан кейін төлемдерді бірден ала алады.

Сақтандыру төлемдерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында таратылатын сақтандыру ұйымының сақтандыру портфелін беру СТКҚ-ның қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі күні бұл сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелерді орындау үшін таратылатын сақтандыру ұйымының активтері жеткілікті болған жағдайда ғана мүмкін болады.

«Қабылданған заңнамалық бастамалар кепілдік төлемдерді алу процесін оңтайландыруға әрі жеделдетуге және халықтың сақтандыруға сенімін арттыруға бағытталған», деп атап өтті Мария Хаджиева.

Түзетулердің елеулі блогы секторды цифрландыруға бағытталған.  Заңда міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын онлайн реттеуді енгізу көзделген. Қазіргі уақытта автокөлік иелері сақтандыру ұйымының кеңсесіне бармай-ақ, автосақтандыруды онлайн режимде сатып алу мүмкіндігіне ие.  2020 жылы міндетті автосақтандыру шарттарының 100%-ы электронды нысанда жасалды.

Сондай-ақ мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып, шығынды бағалауды автоматтандыру жолымен міндетті автосақтандыруда автокөлікке келтірілген шығынды бағалау жүйесін жетілдіру ұсынылады.

Заңда міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу көзделген - икемді тарифтеу жүйесіне көшу, яғни тарифтер Қазақстан өңірлерінің нақты шығындылығын ескере отырып, жыл сайын жаңартылатын болады. Икемді тарифтеу тетігі сондай-ақ жүргізушілердің көлікті  жүргізу сипатының тарихи деректеріне сүйене отырып, ағымдағы жеңілдіктер мен үстемеақылар жүйесін жыл сайын өзектендіруді қамтиды. Сонымен қатар «Еурохаттама» жүйесі енгізілетін болады.

«ЖКО-ның белгілі бір талаптары сақталған жағдайда, қатысушылар полиция қызметкерлерін тартпай дербес ресімдейді және ЖКО-ның кінәлі тарапын анықтау үшін сот шешімі талап етілмейді», - деді Агенттік Төрағасының орынбасары.

Заңнамалық бастамалардың екінші блогы қазақстандық қор нарығын одан әрі дамытуға бағытталған. Заңның бағалы қағаздар нарығы бөлігіндегі негізгі бастамалары: қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту; кәсіпкерлік субъектілері үшін қолжетімді қаржы құралдарының желісін кеңейту, эмитенттердің қор нарығына шығуын ынталандыру және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларын реттеу мен қадағалау тәсілдерін қайта қарау.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша саны 404 мың адамға жеткен инвесторлар базасы өсімінің қарқынын ескере отырып, оларды қорғауды қамтамасыз ету үшін қазақстандық брокерлер үшін қаржы құралдарын сатып алу алдында клиент – жеке тұлғаның біліктілігі мен инвестициялық бейінін бағалау туралы талап енгізіледі.

«Брокерлердің білікті деп танылған клиенттері кез келген қаржы құралдарын, оның ішінде тәуекелі жоғары құралдарды сатып ала алады, бұл инвестициялаудың әлеуетті бағыттарының әлеуетті шеңберін айтарлықтай кеңейтеді», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.

Білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғалар тәуекелдердің ең төменгі деңгейімен консервативті қаржы құралдарын сатып ала алады. Бұл ретте осы шектеу қандай да бір инвестициялармен байланысты тәуекелдерді дербес айқындай алатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

Қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі қосымша шара ретінде реттеу аясына инвестициялық консультация беру қызметтерін көрсететін субъектілер енгізілді. Мұндай қызметтерді тек лицензиясы бар брокерлер мен дилерлер ғана көрсете алады. Олар инвестициялық консультация беру бойынша қызметтерді ұсыну аясында өз клиенттеріне ұсынылатын ұсынымдардың сапасы үшін жауап береді.

Инвесторлар, өз кезегінде, жосықсыз инвестициялық консультация беру нәтижесінде туындаған зиянның өтелуін сот тәртібімен талап ете алады.

Әділ баға белгілеуді қамтамасыз ету және инвесторлардың тарапынан сенімді нығайту үшін қор нарығында айла-шарғы және жосықсыз мінез-құлық белгілері кеңеюде.

Айла-шарғы тұрғысынан тек бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелерге ғана емес, сондай-ақ мәмілелер жасауға берілген өтінімдерге де, сондай-ақ бағалы қағаздардың құнына ықпал еткен дәйексіз ақпараттың таралу фактілеріне мониторинг жүргізіледі.

Кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржы құралдарының желісін кеңейту шеңберінде бағалы қағаздардың мынадай бірқатар жаңа түрлерін енгізу көзделген: шығарылымы акционерлік капиталды ұлғайту қажеттілігінсіз ұзақ мерзімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін өтеу мерзімі жоқ облигациялар және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ESG құралдары (орнықты даму құралдары), бұл – «жасыл» облигациялар, әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигациялары және орнықты дамуға байланысты облигациялар.

Қызметі жоғары тәуекелдермен сипатталмайтын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды реттеу және қадағалау тәсілдерін оңтайландыру мақсатында қатысушылардың жүйелік маңыздылығына және қызметтің ауқымына байланысты олардың тепе-тең реттеуін енгізу көзделеді. Номиналды ұстау құқығы жоқ инвестициялық консалтинг, номиналды ұстау, брокерлік қызметті инвестициялық портфельді басқарумен қоса атқару құқығы бар брокерлік қызмет сияқты қызметтің әрбір түрі үшін капиталға қойылатын әртүрлі талаптар көзделеді.

«Барлық ұсынылған бастамалар сақтандыру нарығының және бағалы қағаздар нарығының айтарлықтай дамуына ықпал етеді, нәтижесінде бұл елдің қор нарығы мен экономикасының жалпы дамуына оң әсер етеді»,- деп қорытындылады Мария Хаджиева.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz