Агенттік Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді

Агенттік Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді

2022 жылғы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова жетекші экономист Мартин Мелецки бастаған Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар нарықтық қағидаттарда қаржы секторын стрестік активтерден тазартудың және оларды экономикалық айналымға тартудың тиімді тетіктерін құру бөлігінде стрестік активтер нарығын дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстандық заңнамаға тиісті өзгерістерге Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 4 шілдеде қол қойғанын еске саламыз.

Сондай-ақ кездесуде экономиканы кредиттеу мәселелері және корпоративтік секторды кредиттеуді кеңейту үшін жүйелі шаралар қабылдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс талқыланды. Атап айтқанда, М. Әбілқасымова бизнесті кредиттеуді ынталандыру бойынша реттеуші шаралар, банктерді ұзақ мерзімді қорландыру көздерін ұлғайту жөніндегі ұсыныстар және Қазақстан Республикасының нақты секторын кредиттеуді қолдау бағдарламалары туралы хабарлады.

Мартин Мелецки өз кезегінде өнімділіктің теңгерімді өсуін қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы МШОК (микро-шағын және орта кәсіпорындар) қаржыландыру, цифрландыру және экологияландыру жөніндегі жобасы туралы ақпаратпен бөлісті.

 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz