
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингі
2022 жылғы 4 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заң) қол қойды, ол 2022 жылғы 4 қыркүйекте қолданысқа енгізілді. Бұл Заң Агенттіктің банк жүйесіндегі стрестік активтер деңгейін төмендетуге бағытталған жұмысының қисынды жалғасы болып табылады.
2019 жылы реттеуші активтердің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізді, оның нәтижесінде стрестік активтердің үлесі банктердің несие портфелінің 21%-ы деп бағаланды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банктер
554 млрд теңге қосымша провизиялар қалыптастырып, 128 млрд теңгеге қосымша капиталдандыруды жүзеге асырды.
Қазіргі уақытта 13 банк стрестік активтерді 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін азайту бойынша 2020-2026 жылдар аралығындағы кезеңге жеке қадағалау жоспарларын іске асыруда. Банктер бұл жоспарларды мерзімінен оза отырып орындауда. Бүгінгі күні жоспарлардың орындалуы 60%-ды құрайды. Жоспарды іске асыра бастаған сәттен бастап 01.07.2022 жылға дейін бұл банктер 693 млрд 407 млн теңге сомаға жұмыс істемейтін қарыздарды есептен шығарды/кешірді.
Ағымдағы жылы банктер жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарының ағымдағы деңгейін төмендету жөнінде жеке жоспарлар жасасты. Банктер 2023 жылдың соңына қарай 331 млрд теңге сомаға шамамен 634 мың қарыз алушыны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жататын жалпы сомасы 41,7 млрд теңге болатын 84,5 мың қарыз алушыны реттеу жөніндегі іс-шаралармен қамтуды жоспарлап отыр.
«Осылайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде стрестік активтердің көлемі 7,7 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін төмендеді, бұл банк жүйесі активтерінің 6%-ын құрайды», - деп атап өтті Олжас Қизатов.
Стрестік активтердің аталған көлемі төлеу мерзімі 90 күннен асқан (997 млрд теңге) кредиттерден басқа қайта құрылымдалған кредиттерді (967 млрд теңге), өндіріп алынған мүлікті (128 млрд теңге) және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтерін (366 млрд теңге) қамтиды.
Көрсетілген стрестік активтер негізінен экономикалық айналымға тартылуы қажет кепілдердің тұрақты түрлерімен (жер учаскелері, коммерциялық жылжымайтын мүлік) қамтамасыз етілген.
Осы мақсаттар үшін Стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заң қабылданды, ол мынадай негізгі бағыттарды қамтиды.
«Заңда стрестік активтерді авторизацияланған сатып алушылардың қолданыстағы тізімін жеке инвесторларды, оның ішінде бейрезиденттерді қосу арқылы кеңейту көзделеді. Бұл мемлекеттің қаражатын тартпай, банктердің баланстарын жұмыс істемейтін кредиттерден тазартудың нарықтық тетігін жасайды», - деп Агенттік Төрағасының орынбасары түсініктеме берді.
Жеке инвесторларға заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің қарыздарын сатып алуға рұқсат етіледі. Қарыз алушы – жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін Заңда жеке тұлғалардың кредиттерін инвесторларға сату көзделмеген.
Заңда, сонымен қатар, сервистік компаниялар институтын құру көзделеді, олар инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсетеді. Жеке инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерді сату кезінде сервистік компаниялар институтын енгізу маңызды болып табылады, себебі бұл компаниялардың проблемалық қарыз алушылармен жұмыс істеу бойынша тиісті жұмыс тәжірибесі мен құзыреті болады.
Сервистік компаниялар активтерді сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын, өндіріп алудың жеке стратегияларын әзірлейтін және іске асыратын және стрестік активтердің иелеріне бірқатар қызметтер көрсететін болады, олардың ішінде қарыз шарты туралы ақпаратты жинау, өңдеу, есепке алу, әкімшілендіру, талдау, оның орындалуын мониторингтеу, өндіріп алу процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау, қайта құрылымдауды ұйымдастыру, кепілмен қамтамасыз ету сапасын жақсарту жөнінде шаралар қолдану, қарыз туралы ақпаратты сотта жеке инвестордың мүддесін қорғау, бағалаушылардың, аудиторлардың, заңгерлердің және т.б. қызметтерін тарту және пайдалану.
Сервистік компаниялардың функцияларына банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарына және тиісті тәжірибесі мен құзыреті бар коллекторлық агенттіктерге берілетін болады. Бұдан басқа, заң аясындағы деңгейде сервистік компаниялар үшін капиталдың мөлшері, нарықтағы жұмыс тәжірибесі, мінсіз іскери беделінің болуы және қадағалау шаралары мен санкциялардың болмауы жөнінде жоғары талаптар белгіленетін болады. Агенттік белгіленген талаптарға сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізіп, олар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады. Бұл қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, себебі аталған ұйымдар Агенттіктің реттеу аясына жатады.
Жоғарыда айтылғандардан басқа, қабылданған Заңда жеке инвесторлар үшін ірі корпоративтік қарыздарды (50 млн теңгеден астам) дербес басқару мүмкіндігі көзделген.
«Қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында банктік қарыз және микрокредит шарттары шеңберінде кредитордың қарыз алушымен өзара қарым-қатынасына қойылатын барлық талаптар мен шектеулер жеке инвесторға қолданылған», - деді қаржы реттеушісінің өкілі.
Мұндай талаптар мен шектеулерге, мысалы, қарыз алушының жағдайын жақсартатын талаптарды қоспағанда, шартты біржақты өзгертуге тыйым салу, айыпақы есептеу бойынша шектеулер, қаражат жетіспеген кезде берешекті өтеу кезектілігі, банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі өткен кезде кредитордың іс-қимыл жасау тәртібі және т.б. жатады. Осылайша, қарыз алушылардың құқықтарын жеке инвесторлар мен сервистік компаниялар алдында қорғау қамтамасыз етіледі.
Заң банктер мен микроқаржы ұйымдарының балансында өндіріп алынған мүліктің, яғни проблемалық кредитті өтеу есебіне банктің меншігіне өткен мүлік түріндегі стрестік активтің болуы үшін шекті мерзімді 3 жыл деп белгілеуді көздейді.
«Нәтижесінде, қабылданған Заң стрестік активтерді экономикалық айналымға тарту арқылы стрестік активтердің қайталама нарығын дамыту үшін берік негіз жасайды», - деп қорытындылады Олжас Қизатов.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz