Кредиттік бюроларға ақпарат беру және кредиттік есеп беру тәртібіне қойылатын шарттар мен талаптар туралы

Кредиттік бюроларға ақпарат беру және кредиттік есеп беру тәртібіне қойылатын шарттар мен талаптар туралы

2022 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының отырысында бірқатар нормативтік құқықтық актілердің жобалары, оның ішінде «Ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптарын, Кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келiсiмiн ресiмдеу, кредиттік бюродан кредиттiк есептi беруге келiсiмiн ресімдеу қағидаларын, сондай-ақ Кредиттiк есептi берудiң қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 53 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының жобасы (бұдан әрі – жоба) қаралды.    

Жоба кредиттік бюроның қарыз алушының кредиттік есептерінде кредиттік ұйым тарапынан борышты кешіру, мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде немесе өзге де көздер есебінен борышты өтеу жағдайларын қоса алғанда, қарызды өтеу көздері туралы ақпаратты жария етуі туралы талап белгілеуді көздейді.

Ұсынылған шараны қабылдау банктер мен микроқаржы ұйымдарында қарыз алушылардың кредит төлеу қабілетін неғұрлым сапалы бағалау үшін ақпараттың болуына мүмкіндік береді.

Қаулы 2023 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz