
2022 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Сақтандыру омбудсманын сайлау және қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» және «Міндетті жарналардың мөлшерін есептеу әдістемесін, Сақтандыру ұйымдарының сақтандыру омбудсманының офисіне міндетті жарналарды төлеу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының қаулыларын (бұдан әрі – Қаулылар) қабылдады.
Қаулылар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін әзірленді.
Қаулылар:
- сақтандыру омбудсманын сайлау рәсімін регламенттейді. Сақтандыру омбудсманын уәкілетті орган Сақтандыру омбудсманы өкілдерінің кеңесі ұсынған кандидаттар ішінен сайлайтын болады;
- сақтандыру омбудсманының жәбірленушілерден түскен өтініштерді қарау тәртібі мен мерзімдерін және сақтандыру омбудсманының интернет-ресурсына қойылатын талаптарды;
- міндетті жарналардың мөлшерін есептеу рәсімін, сақтандыру ұйымдарының міндетті жарналарды сақтандыру омбудсманына төлеу тәртібі мен мерзімдерін регламенттейді. Жарна мөлшерін айқындау кезінде сақтандыру ұйымының әрекеттеріне тұтынушылардан түскен шағымдар санын және оған қатысты қабылданған ықпал ету шаралары мен санкциялардың болуын ескеру ұсынылады.
Қаулыларды қабылдау сақтандыру омбудсманының сақтандыру нарығына қатысушылардан тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сақтандыру ұйымдарының тәртібін арттыруға және тұтынушылар тарапынан шағымдар санын азайтуға ықпал етеді, бұл, нәтижесінде, сақтандыру ұйымдары қызметтерінің сапасын арттырады.
Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz