Шет мемлекеттің аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы

Шет мемлекеттің аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2022 жылғы 23 тамызда «Базалық активі осы бағалы қағаздар болып табылатын эмиссиялық бағалы қағаздарды және (немесе) туынды бағалы қағаздарды шет мемлекеттің аумағында орналастыру қорытындылары туралы хабардар ету, сондай-ақ депозитарлық қолхаттарды немесе базалық активі Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының эмиссиялық бағалы қағаздары болып табылатын өзге де бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы хабардар ету нысандары мен мерзімдерін бекіту туралы» қаулысын қабылдады (бұдан әрі - Қаулы).

Қаулы ҚР Премьер – Министрінің 26.07.2022 ж. № 117-ө өкіміне сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2022 жылғы 12 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі-Заң) іске асыру мақсатында қабылданды.

Эмитенттердің IPO-ға шығу мерзімін қысқарту мақсатында акцияларды шетелде орналастыру үшін уәкілетті органнан рұқсат алу талабы алынып тасталады.

Бұл ретте, ішкі өтімділікті қамтамасыз ету үшін қазақстандық компаниялар акцияларының кемінде 20%-ын оларды шетелде орналастырар алдында жергілікті биржаларда ұсыну қажеттігі сақталуда.

Қаулының мәтінімен: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/341366?lang=ru ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктің ресми интернет-ресурсының «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz