
Ағымдағы жылғы 11 тамызда БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның төрағалығымен брифинг өтті.
Брифинг онлайн-форматта өтті және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) ұсынылған ең маңызды жаңалықтарды түсіндіруге арналды.
Мария Жамаловна Хаджиева брифингке қатысушыларды Заңның қабылдануына байланысты қор және сақтандыру нарықтарында болатын негізгі өзгерістермен таныстырды. Заң, шын мәнінде, таяудағы үш-төрт жыл ішінде сақтандыру саласы мен бағалы қағаздар нарығы дамитын өзіндік даму бағдарламасы болып табылатыны атап өтілді.
Сақтандыру нарығын дамыту үшін Заңның негізгі новеллалары сақтандыру саласын одан әрі цифрландыруды, міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру тарифтерін қайта қарауды және икемді тарифтеуді енгізуді, сақтандыру омбудсманының дауларды сотқа дейін реттеудің міндетті тәртібін енгізуді, жаңа әлеуметтік сақтандыру өнімдерін енгізуді, сақтандырудың кепілдік берілетін сыныптарының тізбесін ұлғайтуды, сондай-ақ кәсіби қызметтерді алу кезінде халық пен бизнестің құқықтарын мүліктік қорғауды күшейтуді көздейді.
Бағалы қағаздар нарығы бойынша Агенттіктің реттеу аясына инвестициялық консультанттардың қызметін енгізу жолымен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту, корпоративтік басқаруды жетілдіру, жеке сектордың қаржы тартатын арнасы ретінде қор нарығының рөлін арттыру, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларды реттеу мен қадағалау тәсілдерін, оның ішінде осы қатысушыларды олардың жүйедегі маңызы мен қызмет ауқымына қарай тепе-тең реттеуді енгізу арқылы қайта қарау, сондай-ақ секьюритилендіру нарығын дамыту көзделеді.
Агенттік БАҚ өкілдерінің сақтандыру омбудсманының қызметіне, міндетті автосақтандыруда икемді тарифтеуге көшуге, бірлескен зейнетақы аннуитетіне, бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау тетігіне, инвесторларды білікті деп танудың «жаңа» тәсілдерін енгізуге, қазақстандық инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін жалған брокерлік компаниялардың әрекеттерінен қорғауға қатысты сұрақтарына жауаптар берді.
Заң нормаларын іске асыру үшін Агенттік қазіргі уақытта нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуде, олар қаржы нарығына қатысушылармен және жұртшылық өкілдерімен кеңінен талқылануда.
Толық мәліметтерді сілтемеден табуға болады
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz