Жинақтау сақтандыру өнімдерін реттеу бойынша НҚА жобасы әзірленді

Жинақтау сақтандыру өнімдерін реттеу бойынша НҚА жобасы әзірленді

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне жинақтау сақтандыру өнімдерін реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттіктің Басқарма қаулысының жобасын (бұдан әрі – Жоба) әзірлегені туралы хабарлайды.

Жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді және бірнеше нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Жобада сақтанушы (алушы) жинақтаушы сақтандыру шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде сақтандыру ұйымынан алуға құқығы бар ақша сомасын (сатып алу сомасын) есептеу тәртібі жетілдірілді.

Жобада зейнетақы аннуитеті шартын сатып алу үшін бір салымшының зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болған кезде ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстарының (балалары, ата-аналары, апа-қарындастары, аға-інілері) зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік беретін бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу көзделеді.

Жобада бір мезгілде сақтандыру мен инвестицияларды үйлестіретін «Unit-linked» өнімі бойынша сақтанушылардың активтерін бағалау және бөлу бөлігінде бірыңғай талаптар белгіленеді.

Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14160180 интернет-порталынан және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсынан «Нормативтік құқықтық база» бөлімінен танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz