Орнықты даму облигациялары мәселелері бойынша жария талқылау

Орнықты даму облигациялары мәселелері бойынша жария талқылау

2022 жылғы 5 тамызда орнықты даму облигацияларын (бұдан әрі – ESG облигациялары) шығару мәселелері бойынша жария талқылау өткізілді. Талқылауға Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Бағалы қағаздар нарығы департаментінің, «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (бұдан әрі – KASE), Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Халықаралық Қаржы Корпорациясының (IFC - International Finance Corporation), бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қаржы нарығының сарапшылары қатысты.

Кездесу барысында әлемдік және Қазақстан нарығындағы тұрақты даму саласындағы ағымдағы үрдістер, сондай-ақ Мемлекет басшысы 2022 жылғы 12 шілдеде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде ESG облигацияларының мәселелері бойынша негізгі түзетулер жайында айтылды.

Кездесуге қатысушылар жаңалықтарды іске асыру және олардың бағалы қағаздар нарығының қызметтерін тұтынушылар үшін күтілетін әсері мәселелерін талқылады. KASE әлеуетті эмитенттерге қойылатын талаптар мен өлшемшарттарды және олардың Қазақстан қор биржасының алаңында листинг өткізу үшін ақпаратты жария етуін түсіндірді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жаңа заңнамалық бастамаларда бекітілген, эмитенттерге қойылатын нормативтер мен шаралар бойынша түсіндірме алды. KASE мамандары қаржы нарығы ұйымдарының сұрақтарына жауап бере отырып, ESG облигацияларымен жұмыс істеу кезінде биржа мен реттеушінің ақпараттық-түсіндіру жұмысына және эмитенттердің де, инвесторлардың да дағдыларын арттыруға ерекше назар аударатынын жеке атап өтті.

Қаржы нарығының сарапшылары орнықты қаржыландыру тақырыбының кеңінен танылып келе жатқанын атап өтті және ESG облигацияларын шығару кезінде нарықтық жағдайларды сақтау мәселелеріне түсініктеме берді.

Мұндай жария талқылауларды Агенттік жүйелі негізде өткізетін болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz