
2022 жылғы 19 шілдеде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларына[1] (бұдан әрі – қағидалар) түзетулер қабылданды.
Бұл түзетулерді «Даму» КДҚ» АҚ Үкіметпен және Агенттікпен бірлесіп әзірледі және шағын және орта бизнес субъектілерінің қор нарығында қаржыландыруды тарту барысында оларға қолдау көрсету жөніндегі шараларды көздейді.
Атап айтқанда, Қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес кәсіпкерлер төлейтін облигациялар бойынша купондық сыйақының соңғы мөлшерлемесі 6%-ды құрайтын болады.
Купондық сыйақы мөлшерлемесінің қалған бөлігін мемлекет субсидиялайтын болады. Бұл ретте купондық сыйақының жиынтық мөлшерлемесі Қазақстан Ұлттық Банкінің 5%-ға ұлғайтылған базалық мөлшерлемесінен аспауға тиіс.
Мысалы, егер кәсіпкер 19,5% мөлшеріндегі жылдық купондық сыйақы мөлшерлемесімен 100 млн теңгеге облигациялар шығарса, онда ол жыл сайын инвесторларға 6 млн теңге (6%) мөлшерінде сыйақы төлейтін болады, ал қалған сыйақы көлемін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ төлейді.
Субсидиялауды алу үшін бұл шарттар шығарылымның жиынтық номиналды құны үш млрд теңгеден аспайтын айналыс мерзімі 5 (бес) жылдан аспайтын облигацияларға қолданылады. Бұл ретте осы облигациялар бойынша нысаналы мақсат Қағидаларда белгіленген экономиканың басым секторларының тізбесіне сәйкес келуге тиіс.
Қағидалардың шеңберінде субсидиялар алу үшін шығарылатын облигациялар бойынша қамтамасыз етуді ұсыну қажеттілігі де жойылды.
Қарыз алу құнының өскенін ескерсек, енгізілген өзгерістер кәсіпкерлік субъектілеріне қор нарығында тіпті кепілді қамтамасыз ету болмайтын жағдайда да қолжетімді қаржыландыру тартуды жалғастыруға мүмкіндік береді.
Бұрын кәсіпкерлер үшін Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның шеңберінде шығарылған облигациялар бойынша «Даму» КДҚ» АҚ кепілдігін алу мүмкіндігінің көзделгенін атап өтеміз.
Облигациялар бойынша кепілдік берудің тиісті қағидалары ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №43 қаулысымен бекітілген.
Облигациялар бойынша «Даму» КДҚ» АҚ кепілдігінің болуы олардың кредиттік сапасын, сондай-ақ инвесторлардың оларды сатып алуға деген қызығушылығын арттырады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz
[1] «Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» 2018 жылғы 11 желтоқсандағы №820 және «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1060 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 505 қаулысы