ЕЭК Алқасының мүшесі Бақытжан Сағынтаевпен және қаржы нарығының өкілдерімен кездесу өткізу туралы

ЕЭК Алқасының мүшесі Бақытжан Сағынтаевпен және қаржы нарығының өкілдерімен кездесу өткізу туралы

2022 жылғы 21 шілдеде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі (Министрі) Бақытжан Сағынтаевпен және Қазақстан Республикасы қаржы нарығының өкілдерімен кеңес өтті.

Іс-шараға Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов, Агенттіктің Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ, «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «Атамекен» ҰКП өкілдері, екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) мен сақтандыру ұйымдарының, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың басшылары қатысты.

Өз сөзінде Олжас Қизатов ЕАЭО шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты нығайту қаржы нарығы үшін басым болып табылатынын атап өтті.

«ЕАЭО туралы шартта 2025 жылға дейін ЕАЭО ортақ қаржы нарығын құру интеграцияның бір бағыты ретінде белгіленген. Осы міндетті іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қазанда ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді», - деді ол.

Оның айтуынша, қаржы нарықтарын интеграциялаудың негізгі бағыттары: реттеу мен қадағалауға үйлестірілген талаптарды енгізу, еншілес ұйымдарды ашу арқылы ұлттық қаржы нарықтарына жеңілдетілген қол жеткізу болып табылады.

Дәурен Сәлімбаев Агенттіктің ЕАЭО шеңберінде қаржы нарығын интеграциялау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабарлады. Атап айтқанда, стандартталған лицензия тетігін енгізу және кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тәртібі, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың трансшекаралық қызметі жөніндегі халықаралық келісімдер тақырыбы қозғалды.

Бақытжан Сағынтаев әріптестерін ЕЭК-тің қазіргі уақытта қаржы нарықтары саласында жүргізіліп жатқан жұмысы туралы хабардар етті.

«Қаржы нарықтары саласында интеграцияны жүргізу негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Оның шешімі капитал мен қаржылық қызметтердің Одақ ішінде кедергісіз қозғалысы үшін жағдай жасауға, инвестициялық және қаржылық қызметтердің қолжетімділігі мен әртүрлілігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті министр. «Мәселен, қазіргі уақытта банк саласында және сақтандыру саласында стандартталған лицензия институтын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, ал бағалы қағаздар нарығының бағыты бойынша ортақ биржалық кеңістікті құру бойынша жұмыс жүргізілуде».

Кездесу барысында Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин ағымдағы жағдайларда өзара саудада ұлттық валюталарда трансшекаралық есеп айырысуларды жүргізу тақырыбын қозғап, өзара есеп айырысулардың үздіксіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі шараларды атап өтті.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Наталья Хорошевскаяның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің брокерлері мен дилерлерін Қазақстанның қор биржасына жіберуді, сондай-ақ бейрезиденттердің Қазақстанда бағалы қағаздар шығаруын реттеу мен талаптары қалыптастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар еуразиялық интеграция процестері шеңберінде одан әрі өзара іс-қимыл және ынтымақтастықты нығайту туралы пікір алмасты.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz