2022 жылғы 1 маусымдағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының жай-күйі туралы

2022 жылғы 1 маусымдағы Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының жай-күйі туралы

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (бұдан әрі – KASE) сауда-саттық тізімдерінде 148 эмитенттің   162 акциясы болды, оның ішінде 45 шығарылым KASE Global секторында айналымға жіберілді.

2022 жылғы мамыр айының қорытындылары бойынша KASE индексі 2661,5 тармаққа дейін 12,3%-ға төмендеді, ең көп төмендеу «Kcell» АҚ (-29,5%), «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (-16,5%),  «Kaspi.kz» АҚ (-14,5) бойынша болды.

Акциялар нарығын капиталдандыру 2022 жылғы мамырда сыртқы конъюнктураның нашарлауы аясында олардың акциялары бағасын түзету есебінен 7,9%-ға немесе 1,82 трлн теңгеге азайды және 2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 21,2 трлн теңгені құрады. Акциялар нарығын капиталдандырудың төмендеуі 2022 жылдың басынан бері  26,4% немесе 7,6 трлн теңгені құрады.

Ағымдағы жылғы мамыр айында акциялармен сауда-саттық көлемі 2022 жылғы сәуірдегі акциялармен сауда-саттық көлеміне қатысты 64,6%-ға немесе 7 млрд теңгеге ұлғайып, 18 млрд теңгені құрады.

KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2022 жылғы мамыр айында 0,4%-ға немесе 6,1 млн теңгеге төмендеп, 2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 14,9 трлн теңгені құрады. 2022 жылғы 1 маусымға KASE сауда-саттық тізімінде 82 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 325 шығарылымы болды.

KASE-де корпоративтік облигацияларымен сауда-саттық көлемі сәуірге қатысты 29,9%-ға немесе 54,5 млрд теңгеге, 128,0 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығында инвесторлардың негізгі санаттары бойынша екінші деңгейдегі банктердің үлесі 0,1%-дан төмен, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі  - 2,4%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі - 13,8%-ды, басқа заңды тұлғалардың үлесі – 82,6%-ды, жеке тұлғалардың үлесі  - 1,2%-ды құрады.  Бейрезиденттердің үлесі 23,7%-ды құрады.

KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыштың номиналды сомасы 2022 жылғы сәуірдегі көрсеткіштермен салыстырғанда 2,8%-ға немесе 480,3 млн теңгеге көтеріліп, 2022 жылғы мамырдағы қорытындылар бойынша 17,8 трлн теңгені құрады. 

2022 жылғы мамырдың қорытындылары бойынша KASE-дегі мемлекеттік бағалы қағаздардың сауда-саттығының жиынтық көлемі 2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда 38,4%-ға немесе 231,2 млрд теңгеге азайып,  371,1 млрд теңгені құрады.

Мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 2022 жылғы сәуірмен салыстырғанда 14,6%-ға төмендеп, 237,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 39,1 млрд теңгені 6 облыс пен Алматы қаласының әкімдіктері тартты 198,8 млрд теңгені Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі тартты.

2022 жылғы мамырда қайталама нарықтағы инвесторлар құрылымындағы банктердің үлесі 12,9%, брокер-дилерлік ұйымдардың үлесі – 3,4%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 1,1%, басқа заңды тұлғалардың үлесі – 80,5%, жеке тұлғалардың үлесі – 2,2% болды. Бейрезиденттердің қатысуы 23,4%-ға бағаланады.

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 43 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде           23 аралық, 20 жабық және 1 ашық.

2022 жылғы мамыр айының қорытындылары бойынша ұжымдық инвестициялар нарығындағы басқарудағы активтердің жиынтық көлемі 14,1%-ға немесе 69,4 млрд теңгеге төмендеп, 421,8 млрд теңгені құрады (2022 жылдың басынан бері 12,8 %-ға төмендеді). Мұндай төмендеу, ең алдымен, ұлттық валютаның нығаюы есебінен болды, атап айтқанда айтарлықтай төмендеуге бейрезидент-эмитенттердің (52,3 млрд теңгеге немесе 15,6%-ға төмендеу) және резидент-эмитенттердің (4,8 млрд теңгеге немесе 5,9%-ға төмендеу) бағалы қағаздарының портфелі ықпал етті. Бұл ретте, 2022 жылдың басындағы жағдайға қатысты жиынтық активтер 61,4 млрд теңгеге немесе 12,7%-ға, сондай-ақ әсіресе бағалы қағаздар портфелінің төмендеуі есебінен төмендеді.

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 384,8 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 90,4%-ын құрайтын бағалы қағаздардың портфелі инвестициялық пай қорларының негізгі активтері болып табылады, бұл ретте портфельдің 98%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.

2022 жылғы мамыр айының қорытындылары бойынша инвестициялық пай қорларының портфеліндегі бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздары 283,1 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 67,1%-ын, ҚР резидент-эмитенттерінің бағалы қағаздары 75,8 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 18%-ын құрады. Активтер құрамында, сондай-ақ 14,8 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 3,5%-ы мөлшерінде шетелдік инвестициялық қорлардың пайлары бар.

2022 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын 39 брокер және дилер (16 банк және 23 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 20 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ бірыңғай тіркеушінің және сауда репозитарийінің функцияларын орындайтын 2 инфрақұрылымдық ұйым: «Қазақстан қор биржасы» АҚ және «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ ұсынды. Бұдан басқа, «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың негізінде орталық контрагент жұмыс істейді. Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиялар саны 74 дананы құрады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz