
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Жүктелген сақтандыру жөніндегі үлгілік шарттарға қойылатын ең төмен талаптарды бекіту туралы» Басқарма қаулысының жобасын (бұдан әрі - Жоба) әзірлегені туралы хабарлайды.
Жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді.
Жобада жүктелген сақтандыру жөніндегі үлгілік шарттарға қойылатын ең төмен талаптар анықталады. Сақтандыру шартына сақтандыру объектісі, сақтандыру жағдайы, қабылданатын тәуекелдер бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің лимиттері туралы мәліметтерді енгізу бойынша талаптар белгіленеді.
Жүктелген сақтандыру шарттарына қойылатын бірыңғай талаптар сақтандырудың осы түрінің негізгі (шекті) шарттарын стандарттауға мүмкіндік береді, бұл халық пен бизнесті кәсіби қателіктерден және кәсіпкерлердің сапасыз қызмет көрсетулерінен қорғауға ықпал етеді.
Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14143559 интернет-порталынан және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсынан «Нормативтік құқықтық база» бөлімінен танысуға болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-90, press@finreg.kz