Мәдина Әбілқасымова қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын таныстырды

Мәдина Әбілқасымова қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын таныстырды

2022 жылғы 30 маусымда өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын таныстырды.

Тұжырымдама Ұлттық Банкпен, Үкіметпен, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен, қаржы нарығына қатысушылармен және сарапшылармен бірлесіп әзірленді және нарыққа қатысушылардың қажеттіліктерін де, реттеуші органдардың көзқарасын да көрсетеді. Тұжырымдаманы әзірлеуге Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк және Ernst & Young сияқты халықаралық ұйымдар қатысты.

  1. Қаржы секторының дамуын талдау

Тұжырымдама аясында қаржы нарығының жай-күйіне талдау жүргізілді. Соңғы 5 жылда қаржы жүйесінің жиынтық активтері 74,5%-ға өсіп, 44,3 трлн теңгеге жетті. Бұл ЖІӨ-нің 54,5%-ын құрайды, бұл экономикалық дамудың ұқсас кезеңдеріндегі елдердің көрсеткіштерінен айтарлықтай төмен.

Қаржы жүйесі банкке негізделген модельмен сипатталады – банктер қаржы жүйесі активтерінің шамамен 85%-ын және қаржы нарығының басқа секторларының 15%-ын құрайды.

Бұл ретте, соңғы 5 жылда қаржы секторының барлық секторлары тұрақты өсім көрсетті. Банк секторында 7 триллион теңгеге жуық проблемалық кредиттердің есептен шығарылуына қарамастан, кредиттік портфель 46%-ға өсіп, 18,5 трлн теңгеге жетті, бұл ЖІӨ-нің 22,5%-ын  құрайды.

Сақтандыру ұйымдарының активтері 5 жылда екі есеге, 1,8 трлн теңгеге дейін өсті, ЖІӨ-нің 2,3%-ына жетті, бұл сақтандыру сыйлықақылары көлемінің өсуімен байланысты.

Қор нарығында капиталдандыру 5 жыл ішінде 70%-ға ұлғайып, ЖІӨ-ге қатысты 44,2 трлн теңгені немесе 53,8%-ды құрады. Капиталдандыру құрылымында 65% акцияларға, 35% облигацияларға тиесілі.

Шағын және орта бизнесті қаржыландыруда микроқаржы секторы маңызды рөл атқаруда. Барлық кредиттік ұйымдарды реттеу аясына қосуға байланысты 2019 жылдан бері микрокредиттер көлемі 4,5 еседен астам өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті. Микрокредиттер құрылымында 49% бизнеске және жеке кәсіпкерлерге берілген кредиттерге тиесілі.

  1. Жаһандық және жергілікті үрдістер мен сын-қатерлер

Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде қаржы нарығын кешенді дамытатын және реттейтін тәсілдерін жаңартудың негізгі бағыттарын айқындайтын жаһандық және жергілікті үрдістер ескерілді.

Әлемдік қаржы нарықтарының дамуы қаржылық технологиялар мен экожүйелердің белсенді дамуы, қаржылық көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, ESG және жасыл қаржыландыру қағидаттарында бизнесті дамыту, инфляциялық күтулердің өсуі, валюта бағамдарына қысымның күшеюі сияқты жаһандық үрдістердің ықпалында.

Сыртқы макроэкономикалық тұрақсыздық пен экономикалық күйзелістер аясында қаржылық тұрақтылықты сақтау, макропруденциялық саясат пен тәуекелге бағдарланған қадағалауды күшейту қаржы реттеушілерінің басымдығы болып қала береді.

Қаржылық технологиялар мен цифрлық инновациялар қаржы нарығындағы даму драйверлерінің бірі болды. Жаңа технологияларды қолдана отырып, қаржы институттарының дәстүрлі бизнес-модельдерінің жедел өзгеруі жүріп жатыр.

Жергілікті сын-қатерлер арасында, ең алдымен, қаржы секторының экономиканы қаржыландыруға қатысу дәрежесінің төмендігін бөліп көрсетуге болады.

Экономикаға банктік кредит беру корпоративтік қарыз алушылар сапасының төмен болуымен тежеледі, бұл нақты сектордың көптеген кәсіпорындарына шамадан тыс кредит беруге және олардың рентабельділік пен капиталдандыру деңгейінің төмендігіне байланысты.

Ұзақ мерзімді кредит беру банктердің қысқа мерзімді қорландыру базасымен, сондай-ақ валюталық және пайыздық тәуекелдердің жоғарылауымен шектеледі. Кредит нарығында толыққанды нарықтық ортаны қалыптастыруға мемлекеттің экономикаға тікелей кредит беруге қатысуының және нарықтық емес ставкалар бойынша кәсіпкерлікті субсидиялаудың елеулі үлесі кедергі жасайды.

Қор нарығында қазақстандық эмитенттердің аз саны мен банктік депозиттерге толыққанды балама бола алатын тартымды қаржы құралдары басты мәселе болып қалуда. Бұл нарықтың өтімділігін төмендетеді, сонымен қатар инвесторлық базаның өсуін тежейді.

Сақтандыру секторында негізгі сын-қатерлер өмірді және азаматтардың денсаулығын ерікті сақтандыру өнімдерінің, халықтың мүлкін және кәсіпкерлікті түрлі тәуекелдерден сақтандырудың жеткіліксіз дамуымен байланысты. Сонымен қатар, сақтандыру өнімдері туралы нашар хабардар болуына, сақтандыру төлемдерін алумен байланысты бұрын орын алған проблемаларға, салыстырмалы түрде жоғары сақтандыру тарифтеріне байланысты сақтандыру құралдарын пайдалануға азаматтар мен кәсіпкерлердің аса жоғары емес мүдделілігі сақталуда. 

  1. Қаржы секторын дамытудағы негізгі жетістіктер

Тұжырымдамада соңғы жылдардағы қаржы нарығын дамытудың негізгі жетістіктері айқындалған. Осылайша, банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің Базель III стандарттары енгізілді. Капиталдың жаңа буферлеріне қойылатын: консервативті, контрциклдік және жүйелік талаптар енгізілді, өтімділіктің жаңа коэффициенттері: өтімділікті жабу коэффициенті (LCR) және таза тұрақты қорландыру коэффициенті ((NSFR) белгіленді.

2019 жылы қаржы нарығының барлық секторларында тәуекелге бағдарланған қадағалау және дәлелді пайымдаулар жүйесі енгізілді. Банк секторында бұл Еуропалық Одақтың SREP (Supervisory review and evaluation process), қор және сақтандыру нарықтарында – RASS (Тәуекелдерді бағалау және қадағалау жүйесі) және IRIS (Insurance Regulatory Information System) үлгілері, олар тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

2019-2020 жылдары Ұлттық Банк пен Агенттік 14 банктің активтерінің сапасын тәуелсіз бағалауды (AQR, Asset Quality Review) жүргізді. 2021 жылы қадағалап стресс-тестілеу жүйесі енгізілді және AQR жылдық форматқа бейімделді.

Микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді, оның ішінде ломбардтар, кредиттік серіктестіктер және онлайн-кредиттік компаниялар бар (605 ломбард, 219 кредиттік серіктестік, 242 микроқаржы ұйымы).

Қор нарығында бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жүргізілді: KASE жаңа сауда жүйесі енгізілді, Орталық депозитарий базасында өңірлік депозитарлық-есеп айырысу жүйесі құрылды, барлық KASE нарықтарында мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ететін орталық контрагент енгізілді. Зейнетақы жинақтарын жеке компаниялардың басқаруына беру құқығы жүзеге асырылды.

 Сақтандыру нарығында автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын 100% онлайн жасау енгізілді. Заңнамалық деңгейде өмірді жинақтап сақтандыруды дамыту үшін ынталандырулар қабылданды және кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді.

Қаржылық қызметтерді цифрландыру және қашықтан қызмет көрсетуді енгізуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Барлық қаржылық қызметтер бойынша шарттарды қашықтан жасасу тетіктері енгізілді.

  1. Тұжырымдаманың мақсаты және дамудың стратегиялық бағыттары

Тұжырымдаманың мақсаты Қазақстанның тұрақты және инклюзивті экономикалық өсуіне және халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуды қамтамасыз ететін халықаралық кеңістікке интеграцияланған, тұрақты және бәсекеге қабілетті қаржы нарығын қалыптастыру болып табылады.

Тұжырымдама дағдарысқа қарсы реттеуден қаржы нарығын орнықты дамытуға өтуді көздейді.

Тұжырымдама мақсатына қол жеткізу үшін қаржы нарығын дамытудың 5 негізгі қағидаты айқындалды.

Бірінші – қаржы секторын дамытудың экономикалық өсуге оң әсерін қамтамасыз ету.

Екінші – қаржылық технологияларды дамыту және инновациялық өнімдер мен қызметтерді енгізу үшін жағдай жасау.

Үшінші – қаржы институттары қызметінің орнықтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржылық тұрақтылықты қолдау.

Төртінші  – бәсекелестікті дамыту және барлық қаржы ұйымдары үшін қызметтің тең жағдайларын жасау.

Бесінші – қаржылық инклюзияны арттыру және барлық тұтынушылар үшін қаржы өнімдері мен қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну.

Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін қаржы секторын дамытудың           7 стратегиялық бағыты айқындалды, олардың 3-еуі кросс-секторалдық сипатқа ие және қаржы нарығының барлық сегменттері үшін өзекті және            4 стратегиялық бағыт қаржы нарығының негізгі қатысушылары үшін өзіндік секторалдық міндеттер мен бастамаларды қамтиды.

Бірінші бағыт. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қаржы жүйесіне деген сенімге қолдау көрсету.

Қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету тиімді макропруденциялық саясатты және тәуекелге бағдарланған қадағалауды іске асыру есебінен жүзеге асырылатын болады.

Макропруденциялық саясат шеңберінде банктердің меншікті капиталының ең төменгі жеткіліктілігіне контрциклдық буферді енгізу қарастырылады.

Сондай-ақ тәуекелдерді басқару және ақпараттық қауіпсіздік жүйелеріне қойылатын жоғары талаптарды белгілей отырып, қаржы ұйымдарын жүйелік маңызды деп тану өлшемшарттарын кеңейту жоспарлануда.

SREP жыл сайынғы бағалау және стресс-тестілеу нәтижелері бойынша банк капиталының жеткіліктілік коэффициенттеріне қадағалау үстемеақысын белгілеу жоспарлануда (Базель 2 екінші құрауышы).

Активтерді тұрақты бағалауды (AQR) және жыл сайынғы SREP қадағалап бағалау процесіне қадағалап стресс-тестілеуді түсіндіру бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. AQR және стресс-тестілеу SREP талдауын толықтыра отырып, банктердің қаржылық жай-күйін толық көрсетеді және реттеушіге банк ұшыраған барлық тәуекелдерді өтеу үшін қадағалау шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

Жүйелік тәуекелдерді төмендету үшін Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің талаптарына сәйкес қаржы конгломераттарын шоғырландырылған қадағалауды енгізу жоспарлануда.

Банктерді тәуекел-менеджменттің үздік құралдарын қолдануға ынталандыру үшін меншікті капиталдың жеткіліктілігін (ICAAP) және өтімділікті (ILAAP) бағалау бойынша банктердің ішкі процестеріне қойылатын талаптар күшейтілетін болады. Нарықтық тәуекелдерді басқару үшін пайыздық тәуекелдердің банктердің кірістілігі мен капиталына әсерін бағалау бойынша қадағалау әдіснамасын (IRRBB) әзірлеу жоспарлануда.

КЖ/ТҚҚ саласында ресми шекті операциялардан тиімді өлшемшарттарға өту жүзеге асырылатын болады.

Екінші бағыт. Инновацияларды, қаржылық технологияларды, жаңа бизнес-модельдерді және құзыреттерді дамыту.

Реттеушілік жүктемені оңтайландыру үшін датаға негізделген қадағалауға өту жүзеге асырылады және RegTech және SupTech технологияларын қолдана отырып, қаржы ұйымдарын қадағалау рәсімдері автоматтандырылады.

Соңғы жылдары қаржы нарығында платформалық шешімдер мен экожүйелер түрінде цифрлық сервистердің өсуі мен кеңеюі байқалады.

 Қаржы ұйымдарының цифрлық сервистерді енгізуіне және экожүйелерді дамытуға байланысты әлеуетті тәуекелдерді шектеу үшін қаржылық экожүйелерді тиісті реттеу енгізілетін болады.

Онлайн сервис саласындағы қаржы ұйымдары арасындағы адал  бәсекелестікті қамтамасыз ету үшін Open API және Open Banking ашық интерфейстер стандарттарын енгізу тәсілдері әзірленетін болады.

БҰҰ-ның орнықты даму және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі күн тәртібіне сүйене отырып, қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізу, сондай-ақ «жасыл қаржыландыруды» дамытуды ынталандыру жеке бағыт болады. Қаржы нарығында қаржы ұйымдарының ESG тәуекелдеріне ұшырағыштығы туралы ақпаратты ерікті түрден міндетті түрде ашуға  кезең-кезеңмен өтуі жүзеге асырылатын болады. ESG қағидаттарын тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйелеріне және қаржы ұйымдарының корпоративтік басқаруына біріктіру жоспарлануда. ESG тәуекелдерін бағалау SREP қадағалау жүйесіне және стресс-тестілеуге енгізіледі.

Нарыққа қатысушылардың ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін қаржы нарығының киберқауіпсіздігі оқиғалары мен оқыс оқиғаларына мониторингтеу  және ден қою жүйесі автоматтандырылады.

Үшінші бағыт. Адал әрекетті қамтамасыз ету, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі проактивті жұмысқа өту үшін тұтынушыларды қорғаудың жаңа кешенді моделін енгізу жоспарлануда.

Жаңа модельдің негізгі элементі тұтынушылармен жұмыс істеудің жосықсыз  практикаларын ертерек анықтау үшін қаржы ұйымдарының бизнес-модельдері мен стратегияларын талдауды және тұтынушылардың көп санының мүдделеріне қатер төндіретін жағдайды түзету және оған жол бермеу үшін қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларын қабылдауды көздейтін тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу болып табылады.

Тұтынушылармен адал жұмысты қамтамасыз ету үшін қаржы өнімін құру кезеңінде тұтынушылар үшін тәуекелдерді анықтауға, тұтынушының қаржылық сауаттылығын ескере отырып, қаржылық өнімдер мен тәуекелдер туралы ақпаратты ашуға, өтініштер беру арналарын кеңейтуге, кері байланыс желісі бойынша дауларды жедел реттеуге бағытталған қаржы ұйымдарының іс-әрекет стандарттары енгізілетін болады.

Қаржылық инклюзияны дамыту шеңберінде мүмкіндіктері шектеулі адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кедергісіз орта құру, өңірлер бөлінісінде қаржы ұйымдарының бейімделген бөлімшелерінің интерактивті картасының жұмыс істеуі бойынша шаралар қабылданатын болады. Неғұрлым талап етілетін қаржы өнімдерінің шарттарын мүгедек адамдардың мұқтаждықтарына бейімдеу жоспарлануда. Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру үшін халықты цифрлық және киберсауаттылық, жаңа технологияларды пайдаланумен және интернет алаяқтықпен байланысты тәуекелдерден қорғау мәселелері бойынша білім беру бағдарламаларымен қамтуды ұлғайту жоспарлануда.

Төртінші бағыт. Экономиканы қаржыландыру және банк секторын дамыту.

Банк секторының негізгі міндеті ақша ресурстарын халық пен бизнестің қажеттіліктеріне тиімді қайта бөлу арқылы экономиканың өсуін ынталандыру болып табылады.

Осы мақсаттарда экономиканы нарықтық кредиттеу үлесін ұлғайту бойынша, оның ішінде бизнесті кредиттеуді кеңейтуге капиталды босату және өтімділік үшін пруденциялық ынталандыру арқылы бастамалар көзделген.

Бұдан басқа, мемлекеттің экономиканы тікелей қаржыландыру   бағдарламаларына қатысуын кезең-кезеңмен қысқарту жоспарлануда, бұл ірі және капиталды қажет ететін инвестициялық жобаларды мемлекеттік қаржыландыруды қаржы нарығының ресурстарымен алмастыруды қамтамасыз етеді.

Жұмыс істеуге қабілетсіз кәсіпорындарды мемлекеттік қолдауды тоқтату, сондай-ақ жосықсыз борышкерлерді оңалту және олардың банкроттығы рәсімдерін жетілдіру қажет.

Сонымен қатар, факторинг, лизинг, синдикатталған кредит беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік сияқты қаржыландырудың балама құралдарын дамыту жалғасады.

Стрестік активтерді экономикалық айналымға тарту үшін стрестік активтер нарығында жеке инвесторлар мен басқарушылардың пайда болуы үшін институционалдық жағдайлар жасалады, сондай-ақ стрестік активтермен мәмілелер жасау үшін цифрлық платформа құру мәселесі пысықталады.

Бесінші бағыт. Қаржы мүдделерін қорғау құралы ретінде сақтандыру нарығын дамыту.

Сақтандыру секторы әлеуметтік бағдарланған сала болып табылады, оның негізгі міндеті халықтың әл-ауқатын арттыру және оның мүліктік мүдделерін қорғау болып табылады.

Осы бағыт бойынша негізгі бастамалар сақтандыру қызметтерінің желісін кеңейтуді, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын, оның ішінде цифрландыру есебінен жетілдіруді, сондай-ақ төлем қабілеттілігін бағалаудың халықаралық стандарттарын енгізу арқылы сақтандыру секторының тұрақтылығын арттыруды қамтиды.

Жалпы сақтандыру саласында дамудың негізгі бағыттары жүктелген сақтандыруды енгізу арқылы халықтың және кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қорғауға бағытталатын болады. Жүктелген сақтандыруды дамыту халықты кәсіби қателіктерден, кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын сапасыз қызметтерден мүліктік қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жеке тұлғалар үшін инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында unit-linked өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы инвестициялық өнімдерін жандандыру бойынша жұмыс жалғастырылады.

Сақтандыру төлемдерін онлайн реттеуді жүзеге асыру үшін Деректердің бірыңғай сақтандыру базасын дамыту жалғастырылатын болады.

Көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін сақтандыру делдалдарының (сақтандыру агенттерінің) өзін-өзі реттеу институтын енгізу жоспарлануда.

Ұлттық сақтандыру нарығының мүмкіндіктерін кеңейту үшін жүктелген сақтандырудың түрлері бойынша сақтандыру пулдарын құру арқылы бірнеше сақтандырушының бір тәуекелді бірлесіп  сақтандыруын дамыту және кеңейту жоспарлануда.

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін одан әрі дамыту сақтандырудың кепілдік берілетін сыныптарын кеңейтуді, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорынан кепілдік төлемдерді жүзеге асыру тетігін оңайлатуды, сақтандырудың аннуитеттік түрлері бойынша төлемдердің үздіксіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

Алтыншы  бағыт.  Экономиканы қаржыландырудың қосымша көзі ретінде бағалы қағаздар нарығын дамыту.

Қор нарығының рөлі сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуда және халықтың жинақтарын арттырудың балама құралы ретінде айтарлықтай өсті.

Қор нарығын дамыту үшін институционалдық және бөлшек сұранысты, сондай-ақ қор нарығындағы тереңдік пен өтімділікті арттыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады.

Өңірлік есепке алу-есептеу хабын дамыту үшін қор нарығының инфрақұрылымдық ұйымдарын ауқымды технологиялық жаңғырту жалғастырылатын болады.

Экономиканы қаржыландыруда сектордың әлеуетін арттыру үшін KASE және AIX-те ірі компаниялардың IPO-сын өткізу жоспарлануда. Бұл
сондай-ақ Қазақстанның FTSE және MSCI халықаралық индекстеріндегі позициясын арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа эмитенттердің нарыққа шығуы үшін жекелеген бастамалар жеке компанияларды корпоративтік басқарудың сапасы мен ашықтығын арттыруға, клиенттерді қашықтан идентификаттау жүйесін дамытуға және кастодиандық қызметтер нарығын кеңейтуге бағытталатын болады.

Капитал нарығын дамыту екі биржаның жұмыс істеуінен синергетикалық әсерді арттыру үшін АХҚО-мен тығыз өзара іс-қимыл арқылы жүргізілетін болады.

АХҚО-ны дамыту стратегиясын іске асыру шеңберінде АХҚО қатысушылары үшін қаржылық қызметтердің тізбесін және қаржы нарығының инфрақұрылымына қол жеткізуді кеңейту. Мәселен, Орталық депозитарий мен AIX депозитарийі базасында рейдингтен кейінгі инфрақұрылымды интеграциялау жоспарлануда. АХҚО ислам банкингін, криптовалюталармен биржалық сауданы дамытуда үлкен әлеуетке ие. АХҚО-мен бірлесіп, қаржылық инновацияларды, қаржылық қызметтердің жаңа технологияларын сынақтан өткізу үшін реттеу ортасын реттеудің бірыңғай тәсілдерін енгізу жоспарлануда.

Жетінші бағыт. Банктік емес сектор мен микроқаржыландыруды дамыту.

Микроқаржыландыру нарығы халықтың көпшілігі мен өңірлердегі шағын бизнес өкілдері үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Микроқаржы ұйымдары үшін агенттік, төлем-есеп айырысу және бизнес үшін консультациялық қызметтерді қоса алғанда, ұсынылатын қызметтер спектрі кеңейтілетін болады.

Бизнесті, әсіресе ауылда дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға МҚҰ тарту аграрлық саланы дамытуға және өңірлерде жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесетін болады.  

Оларды қорландыру көздерін кеңейту және әртараптандыру үшін апекс ұйымдардың тетігі іске асырылатын болады.

Бизнесті кеңейткісі келетін ірі МҚҰ үшін банкке айналдыру мүмкіндігі беріледі.

Тұтынушылық кредиттеудегі тәуекелдерді шектеу үшін кепілсіз кредиттер беру кезінде тәуекелге сараланған коэффициенттерді ұлғайту, борыш жүктемесі деңгейіне қойылатын талаптарды қатаңдату және тиімді сыйақы мөлшерлемелерін төмендету жоспарлануда.

Пропорционалды реттеу шеңберінде жүйелік тәуекелі жоқ нарық қатысушылары үшін реттеушілік жүктемені әлсірету мәселесі қаралатын болады: бұл кредиттік серіктестіктер мен ломбардтар.

Тұжырымдаманың стратегиялық бағыттарын, міндеттері мен бастамаларын іске асыру барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және қаржы нарығына қатысушылардың үйлестірілген жұмысын талап етеді. Осы мақсатта Тұжырымдаманы іске асыру бойынша барлық бастамаларды, оларды іске асыру мерзімдерін және жауапты орындаушыларды қамтитын егжей-тегжейлі Іс-шаралар жоспары әзірленді.

  

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz