Қазақстандық эмитенттерге арналған Халықаралық қаржы корпорациясының қолдауымен Climate Bond Initiatives ұйымдастырған оқыту тренингі туралы

Қазақстандық эмитенттерге арналған Халықаралық қаржы корпорациясының қолдауымен Climate Bond Initiatives ұйымдастырған оқыту тренингі туралы

Ағымдағы жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) мен Халықаралық қаржы корпорациясы (бұдан әрі – IFC) арасында қол қойылған ESG стандарттарын бірлесіп әзірлеу және Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы шарт шеңберінде 2022 жылғы 21-22 маусымда Қазақстандық эмитенттер үшін экологиялық, әлеуметтік және орнықты облигацияларды (Deep Dive Green, Social, and Sustainability (GSS) Bonds Issuance Process) шығару мәселелері бойынша екі күндік тренинг өткізілді.

Бұл тренинг REGIO TA Program (Real Economy Green Investment Opportunity Technical Assistance Program) – Climate Bond Initiatives (CBI), HSBC Global Asset Management және Нидерланд Корольдігімен әріптестікте IFC іске асыратын экономиканың нақты секторының жасыл жобаларды қаржыландыру жөніндегі бағдарламаның орталық элементі болып табылады.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) GSS облигациялар шығарылымына мүдделі нақты сектордың (мұнай және газ, күн энергетикасы, электр энергетикасы, атом энергиясы және т.б. саласында) 35 ірі компаниясын таңдап, тренинг өткізу үшін алаң болды.

«GSS облигацияларын шығару процесіне терең бойлау» курсы GSS облигацияларын шығарудың практикалық аспектілерін ашты. «Жасыл» облигацияларды шығаруға қойылатын қолданыстағы талаптар (шығарылым проспектісін дайындаудан бастап облигацияларды өтеуге дейін), «жасыл» облигацияларды шығарудың әртүрлі схемалары, оның ішінде климаттық, «жасыл» облигациялар стандарттары, климаттық облигациялардың таксономиясы және т. б. жан-жақты қаралды.

Тренингтің ашылу салтанатында Агенттіктің Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Павел Афанасьев пен Қазақстандағы IFC өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджамен құттықтау сөз сөйледі. Олар Қазақстандық эмитенттер үшін Қазақстандағы орнықты жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері туралы хабардар болуды арттыруға көмектесетін осындай тренингтердің маңыздылығын атап өтті.

Агенттік пен IFC жеке сектор компанияларын «жасыл» қаржыландыру нарығына шығуға ынталандыруға және орнықты даму саласындағы әлеуетті ұлғайтуға бағытталған іс-шараларды өткізуді жалғастыруды жоспарлап отыр.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 10 89, press@finreg.kz