Қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптарды күшейту туралы

Қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптарды күшейту туралы

Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың өзара бағалауына дайындық шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы Агенттіктің заң аясындағы актісіне өзгеріс енгізуді көздейтін қаулы[1] (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.

Қаулының мақсаты қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қаржы нарығына жұмысқа жіберілетін адамдарға бақылауды күшейту болып табылады.

Атап айтқанда, қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлері лауазымдарына үміткерлерді келісу кезінде мінсіз іскерлік беделді бағалау үшін қолданылатын өлшемшарттар кеңейтілді.

Қаулыда, басқаларымен қатар, адамның террористік қызметке қатысы бар адамдардың тізімінде, терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесінде және (немесе) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12 және 12-1-баптарына сәйкес жасалатын, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесінде болуы мінсіз іскерлік беделдің болмау өлшемшарттары болып табылатындығы көзделген.

Қаулы жария талқылау рәсімінен өтті, оның ішінде «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-мен және «Атамекен» ҰКП-мен талқыланды.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237-10-90, press@finreg.kz

 

[1] «Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптарды, мінсіз іскерлік беделінің болмауы өлшемшарттарын қоса алғанда, қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының, банк, сақтандыру холдингтерінің, «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру қағидаларын және келісім алу үшін қажетті құжаттар тізбесін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 43 қаулысы