
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) және «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) 2022 жылғы 20 мамырда KASE платформасында «жасыл» облигациялардың және орнықты дамитын өзге де облигациялардың шығарылымдарына қаржыландыруды тарту мәселелері бойынша халықаралық қаржы ұйымдарының қазақстандық эмитенттермен кездесуін өткізді.
Бұл іс-шараға Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропа Қайта құру және Даму Банкінің, Халықаралық Валюта Қорының, Дүниежүзілік Банктің, Халықаралық қаржылық корпорацияның және Азия даму банкінің өкілдері қатысты, олардың негізгі басымдықтарының бірі орнықты жобаларға инвестициялар болып табылады.
Халықаралық ұйымдардың өкілдері орнықты қаржыландыруды дамыту саласындағы өздерінің бастамалары, сондай-ақ олардың қазақстандық эмитенттердің жобаларына инвесторлар ретінде қатысу мүмкіндіктері туралы хабарлады. Агенттіктің Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Павел Афанасьев 2021 жылдан бастап Қазақстанда орнықты қаржыландыру құралдарын: «жасыл», әлеуметтік облигацияларды, орнықты даму облигацияларын шығару үшін қажетті құқықтық ортаның қалыптасқанын атап өтті. Бұдан басқа, «жасыл», әлеуметтік облигацияларды, орнықты даму облигацияларын және орнықты дамуға байланысты облигацияларды мемлекеттік тіркеу қағидалары қабылданды. Мемлекет KASE және (немесе) АХҚО биржасында листингтен өткен «жасыл» облигациялар бойынша купондық сыйақыға кепілдік беру және субсидиялау (7%-ға дейін) құралдары арқылы қаржылық қолдау алу мүмкіндігін береді.
«Орнықты даму қағидаттарына көшу мәселелері бүкіл әлемде жоғары мәнге ие болды. Қазақстандық эмитенттердің инвестициялық тартымдылығын сақтау үшін өз бизнес-модельдеріне ESG (Environmental, Social and Governance) қағидаттарын енгізу қажет. Бұл бизнестің ұзақ мерзімді орнықты дамуына ғана емес, сонымен қатар отандық экономиканы декарбонизациялауға және Париж Келісімінің мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді», - деп атап өтті Павел Афанасьев.
«KASE «жасыл» және орнықты қаржыландыру нарығын дамыту жұмысын тұрақты негізде жүргізуде. Биржада «жасыл», әлеуметтік және өзге де орнықты облигацияларды шығару мен орналастыру үшін инфрақұрылым қолданылады. Атап айтқанда, осындай облигациялар листингінің жағдайлары айқындалды, жеңілдіктер берілді, «жасыл» және өзге де ESG облигацияларын эмитенттер үшін жеңілдік берілген верификациямен халықаралық стандарттарға сәйкестігіне тәуелсіз бағалауды (верификацияны) ұсынатын халықаралық рейтингтік және аудиторлық компаниялармен жұмыс жүргізілді», - деп атап өтті «Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқармасы Төрағасының орынбасары Ермек Мәжекенов.
Осы кездесудің қорытындысы бойынша эмитенттер орнықты және «жасыл» құралдарды шығаруға қызығушылық танытты.
Агенттік және KASE, өз кезегінде, Қазақстанда орнықты қаржыландыру құралдарын дамыту жұмысын жалғастыратын болады.
Толығырақ ақпаратты мына телефон бойынша алуға болады:
+7 (727) 2 37-11-92
e-mail: press@finreg.kz