Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді талдау және стресс-тестілеу Департаментінің директоры Иван Мойсовтың түсініктемесі
Агенттік жариялаған Банк секторының қадағалау саясатының 2022 жылға арналған басымдықтарында стресс-тестілеуді қадағалау процесіне енгізуге ерекше назар аударылады. Қадағалап стресс-тестілеу (ҚСТ) туралы толығырақ айтып берсеңіз.
Соңғы уақытта біз банктердің қаржылық орнықтылығына жергілікті, сол сияқты жаһандық деңгейде әсер еткен түрлі күйзелістердің куәсі болдық. Мұндай күйзелістердің жарқын үлгілері COVID-19-бен байланысты экономикалық белсенділіктің күрт бәсеңдеуі және ағымдағы геосаяси дағдарыс болып табылады.
Банктердің және бүкіл сектордың осындай жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету үшін банктердің бизнес-үлгілерінің, ішкі бизнес-процестерінің және менеджментінің дайындығын тұрақты түрде тексеру қажет. Бұл мақсаттар үшін жыл сайын өткізілетін стресс-тестілеу пайдаланылады.
Әлемдік практикада стресс-тестілеу тәуекелдерді басқарудың маңызды құралы болып табылады, оны банктер өздерінің тәуекелдерді басқарудың ішкі практикасы шеңберінде, сол сияқты қадағалау органдары банктердің және бүкіл банк секторының ықтимал күйзелістерге орнықтылығын бағалау үшін пайдаланады.
Стресс-тестілер, егер сценарийлердегі күйзелістер шын мәнінде орын алса, банктерге шығындарды өтеу үшін капиталдың қандай көлемі талап етілу мүмкіндігі туралы түсінік береді. Әдетте стресс-тестілер түрлі қатаңдық дәрежесі бар болжамды сценарийлер жиынтығын көздейді.
Алғаш рет стресс-тестілеу құралын Агенттік 2020 жылы COVID-19 пандемиясының банк секторына жағымсыз салдарын бағалау үшін қолданды. 2021 жылдан бастап Агенттік стресс-тестілеуді тұрақты қадағалау процесіне енгізуде.
Қазақстанда біз қадағалап стресс-тестілеудің екі деңгейлі үлгісін негізге алдық. Бұл тәсілге сәйкес банктер Агенттік белгілеген әдіснаманы және талаптарды (bottom-up немесе төменнен жоғарыға) пайдалана отырып өзінің қаржылық жағдайына жалпы сценарийлердің әсеріне бағалау жүргізеді және бұл бағалаудың сапасы мен нәтижелеріне жауапкершілік атқарады. Реттеуші тексеру үлгілерінің көмегімен (top-down немесе жоғарыдан-төменге) тәуелсіз бағалау жүргізеді. Банктердің нәтижелері Агенттіктің тексеру үлгілерінің нәтижелеріне қарағанда айтарлықтай ауытқулары болған жағдайда қосымша талдау жүргізіледі. Түпкілікті ретінде не банк нәтижесі, не Агенттік нәтижесі қабылданады.
Озық практикаға сәйкес стресс-тестілеу алдында Агенттік банктер активтерінің сапасына бағалау (AQR) жүргізеді. AQR пайдалану екінші деңгейдегі банктердің баланстарындағы активтердің дұрыс көрсетілуін айқындауға, сондай-ақ банктер капиталының «нақты» сапасын және жеткіліктілігін айқындауға мүмкіндік береді. Бұл тәсілге сәйкес, AQR нәтижелері қадағалап стресс-тестілеу үшін бастапқы нүкте болып табылады.
Стресс-тестілеу Агенттік пен Ұлттық Банк әзірлейтін, 3 жылдағы базалық және стрестік сценарийлердің негізінде жүргізіледі. Әдетте, сценарийлерде шикізат тауарларына баға тәуекелдері, мұнай өндірудің төмендеу, климат жағдайларының нашарлау тәуекелдері, жылжымайтын нарықтағы ауытқу тәуекелдері және басқалар ескеріледі. Агенттік 56 макроөлшемнен тұратын тізбені әзірледі, ондай өлшемдер банктердің қаржылық орнықтылығына әлеуетті түрде әсер етуі мүмкін.
Қадағалап стресс-тестілеудің базалық және стрестік сценарийлері күйзелісінің тереңдігі мен ұзақтығы бойынша алғышарттарды қалыптастыру және сандық бағалау үшін Агенттік макроэкономикалық талдау және болжаудың құралдар кешенін әзірледі.
Стресс-тестілеуді ықпалдастырудың қандай сатысында тұрсыз? Алдағы жылдарға жоспарларыңыз қандай?
2022 жылғы сәуірде стресс-тестілеу жүргізудің негізгі қағидаттарын және тәсілдерін ашып көрсететін ҚСТ Тұжырымдамасы жарияланды. Бұл қадам процестің ашықтығын және банктердің қадағалап стресс-тестілеудің негізгі қағидаттарын түсінуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2020 жылғы стресс-тестілеу тәжірибесін ескере отырып, 2021 жылы бұрын жасалған құралдарды кеңейту бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізілді, бағалаудың жаңа үлгілері мен толыққанды әдіснамалар әзірленді, олар 2021 жылғы қазан – 2022 жылғы наурыз аралығындағы кезеңде пилоттық режимде төрт ірі банкте тестілеуден өтті.
Қатысушы банктерді айқындау кезіндегі негізгі өлшемшарттар банктердің түрлі бизнес-үлгілерінде әдіснамалар мен үлгілерді тестілеу мүмкіндігі болды, бұл Қазақстанның банк секторының ерекшеліктерін толық көлемде ескеруге мүмкіндік берді.
Банктер Агенттіктің нұсқаулары мен стрестік сценарийіне сәйкес ішкі үлгілерді қолдана отырып есеп айырысуды жүзеге асырды. Банктердің стресс-тестілеу нәтижелерін алғаннан кейін Агенттік өздерінің үлгілері негізінде олардың егжей-тегжейлі талдауын жүзеге асырды. Елеулі айырмашылықтар анықталған жағдайда банктерге есептеулерді түзету және үлгілерді жетілдіру бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар берілді.
Банктердің сұрақтарына жауаптар шеңберінде Агенттік қадағалап стресс-тестілеуді егжей-тегжейлі жүргізу процесінің негізгі тәсілдеріне түсініктеме берді. Банктер үшін қосымша барлық қажетті материалдарды ұсына отырып, оқыту сессиялары өткізілді.
2022 жылдан бастап қадағалап стресс-тестілеу жыл сайын банк жүйесінің барлық активтерінің кемінде 70%-ын алатын банктер бойынша жүргізілетін болады. Стресс-тестілеу негізінен активтердегі несие портфелінің елеулі үлесі бар және SREP (Supervisory Reviewand Evaluation Process) қадағалау бағалауының қорытындылары бойынша анықталған жоғары тәуекелдері бар банктерге жүргізілетін болады.
Сіздің ҚСТ енгізу нәтижелері бойынша күтулеріңіз қандай? Неліктен бұл құралды пайдалану ҚР банк секторы үшін қажет?
Қадағалап стресс-тестілеудің іске асырылған екі деңгейлі үлгісі барынша тиімді болып табылады. Құрылған стресс-тестілеу процесі банктер мен реттеушіні тартудың тең дәрежесін көздейді. Банктердің бұл процеске толыққанды қатысуы банктерді өз тәуекелдерін неғұрлым терең талдауға, процестер мен деректердегі кемшіліктерді анықтауға, нәтижесінде неғұрлым сараланған басқару шешімдерін қабылдауға ынталандырады.
Бүгінгі таңда Агенттікте тәуекелдерді басқару, үлкен деректерді талдау, үлгісін жасау және бағдарламалау саласында дағдылары мен білімі бар білікті мамандардың бірегей командасы құрылды. Бұл Агенттікке банктермен тиімді өзара іс-қимыл жасауға: банктерден алынатын деректерді өңдеуді автоматтандыруға, деректердегі қателерді және банктердің ішкі үлгілерінің кемшіліктерін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Қадағалап стресс-тестілеу процесінде банктер біздің ұсыныстарымызды ұстана отырып, сондай-ақ тиісті дағдылар мен білімді дамытады, осылайша ішкі тәуекел-мәдениетін арттырады. Сонымен қатар қадағалап стресс-тестілеу мақсатында банктер жинаған деректерді банктер басқа мақсаттарда да пайдалана алады. Мысалы, белгілі бір өнімді талдау және бизнес-шешімдер қабылдау үшін. Біз банктердің қадағалап стресс-тестілеуге жыл сайын қатысуы банктердегі құзыреттерді тұрақты түрде арттыруға және тәуекел-менеджментті жетілдіруге ықпал етеді деп күтеміз.
Реттеуші өзінің қадағалау жұмысында ҚСТ-ны қалай пайдалануды жоспарлап отыр? Стресс-тестіден «өтпейтін» банктерге қандай шаралар қолданылады?
Агенттік қадағалау процесінде реттеушіге әр банктің жеке тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретін SREP үлгісіне негізделген тәуекелге бағдарланған тәсілді пайдаланады.
Қадағалап стресс-тестілеудің нәтижелері «өтті немесе өтпеді» деген үкім емес. Оның орнына жаттығу әр банк үшін SREP қадағалап бағалау үшін негізгі кірістерді ұсынады. Іс жүзінде бұл стрестік сценарийдегі капитал тапшылығы бар банктер үшін стресс-тестілеу нәтижесі қадағалау үстемесін анықтау үшін бастапқы нүкте ретінде пайдаланылатынын білдіреді.
«Банк секторының 2022 жылға арналған қадағалау саясатының негізгі басымдықтарына» сәйкес, 2023 жылы SREP қадағалау бағалауының нәтижелері бойынша капиталдың жеткіліктілік нормативтеріне қадағалау үстемесін белгілеу болжанып отыр. Кейінгі жылдары қадағалап стресс-тестілеудің нәтижелері қадағалау үстемесіне ықпалдасатын болады.
Қадағалау үстемесіне қосымша сапалы сипаттағы қадағалау шараларының тізбесі көзделетін болады. Қадағалау шешімін қабылдау кезінде қадағалау шараларының тізбесі әр банк үшін жеке анықталатын болады, мысалы, акцияларды сатып алуға шектеу, дивидендтер төлеуге шектеу, үстеме капиталдандыру талабы және басқа да қадағалау әрекеттері.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz