Лицензиялары кері қайтарылған банктердегі тарату өндірісінің ағымдағы жай-күйі туралы

Лицензиялары кері қайтарылған банктердегі тарату өндірісінің ағымдағы жай-күйі туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) тарату процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында банктерді тарату өндірісінің тәртібі, өту барысы және ағымдағы жай-күйі туралы хабарлайды.

Банк қызметін тоқтатудағы негізгі мақсат – кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру және банктің барлық істерін аяқтау.

Банк кредиторларының талаптары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген кезектілік тәртібімен қанағаттандырылады (10 кезек, 74-2-бап).

Бірінші кезекте, өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін банк жауап беретін еңбекақы төлеу және жеке тұлғалар бойынша талаптар қанағаттандырылады.

Екінші кезекте, кепілдік берілген сома шегінде жеке тұлғалардың депозиттері бойынша «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-пен (бұдан әрі – ҚДКҚ) есеп айырысулар.

Үшінші кезекте, банк мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша есеп айырысулар.

Төртінші кезекте, үлестес тұлға болып табылмайтын жеке тұлғалардың ҚДКҚ-ның кепілдік берілген сомасынан асатын депозиттері бойынша, сондай-ақ зейнетақы активтері есебінен және «өмірді сақтандыру» саласында жасалған сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша есеп айырысулар.

Бесінші кезекте коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттарымен (қайырымдылық ұйымдары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер қоғамдары) есеп айырысулар.

Алтыншы кезекте, үлестес емес заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысулар.

Жетінші кезекте салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есеп айырысулар, республикалық бюджет және Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры қаражаты есебінен берілген қарыздар.

Сегізінші кезекте қалған кезектерге кірмеген басқа кредиторлармен есеп айырысулар.

Тоғызыншы кезекте үлестес жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысулар.

Оныншы кезекте реттелген борыш пен мерзімсіз қаржы құралдары бойынша есеп айырысулар.

Бұл ретте әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.

 

Банктердегі тарату өндірісінің жай-күйі туралы

Қазіргі уақытта 9 банк тарату сатысында тұр (Валют-транзит банк, Казинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan).

Таратылатын банктердегі активтердің негізгі типі қарыздар бойынша берешек және дебиторлық берешек болып табылады.

Валют-транзит банк

Банк активтері 11,7 млрд теңгені құрайды, оның 5,6 млрд теңгесі -  несие портфелі. Несие портфелі құрылымындағы мерзімі өткен кредиттердің үлесі 99,9%-ды құрайды.

Банктің міндеттемелері - 50,5 млрд теңге. Тарату комиссиясы бірінші және екінші кезектегі талаптарды толығымен өтеді, қазіргі уақытта Банк депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақылар бойынша ҚДКҚ алдындағы талаптарды қанағаттандыру сатысында (үшінші кезек) тұр. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша  талаптар  57%-ға немесе 18,3 млрд теңгенің 10,5 млрд теңгесі қанағаттандырылды.

Қазинвестбанк

Банктің активтері 7,1 млрд теңгені құрайды.  Несие портфелі бойынша 170 млрд теңге сомасындағы берешек (164,7 млрд теңге мөлшеріндегі қалыптастырылған провизияларды есепке алу арқылы, нетто несие портфелі - 5,3 млрд теңге) 99,8%-ға мерзімі өткен кредиттерден тұрады.

Міндеттемелер 131,9 млрд теңгені құрайды. Қазинвестбанк  екінші, үшінші, бесінші, жетінші кезектердегі талаптарды толығымен қанағаттандырды. Қазіргі уақытта сегізінші кезектегі кредиторлармен 6% немесе 109,2 млрд теңгеден 6,6 млрд теңге мөлшерінде есеп айырысулар жүргізілді.

Delta Bank

Банктің активтері 319,2 млрд теңгені құрайды, оның 94,6%-ы
415 млрд теңге мөлшерінде несие портфелі бойынша берешекті құрайды (108,5 млрд теңге мөлшерінде қалыптастырылған провизияларды ескере отырып, нетто несие портфелі - 306,5 млрд теңге), ол 99,9%-ға мерзімі өткен кредиттерден тұрады.

Міндеттемелер 218,1 млрд теңгені құрайды. Банк бірінші, екінші, үшінші кезектегі кредиторлар алдындағы талаптарын толығымен қанағаттандырды. Қазіргі уақытта Банктің тарату комиссиясы алтыншы кезектегі кредитормен 13,9 млрд теңгенің 16%-на немесе 2,2 млрд теңгеге есеп айырысуды жүзеге асырды.

 

Эксимбанк Қазақстан

Банктің активтері - 16,3 млрд теңге, оның 96,5% негізгі үлесін 66 млрд теңге мөлшеріндегі берешегі бар несие портфелі құрайды (58 млрд теңге мөлшеріндегі қалыптастырылған провизияларды ескере отырып, нетто несие портфелі - 8 млрд теңге) 99,9%-ы мерзімі өткен қарыздардан тұрады.

Міндеттемелер 46,5 млрд теңгені құрайды. Банк бірінші, екінші, төртінші кезектегі кредиторлар алдындағы міндеттемелерін толығымен өтеді. Алтыншы кезектегі кредиторлармен 9,8 млрд теңгенің 28%-на немесе 2,8 млрд теңгеге есеп айырысулар жүзеге асырылды.

Астана Банкі

Банк активтері 60,1 млрд теңгеге бағаланады, оның 43,6% негізгі үлесін 26,2 млрд теңге мөлшерінде сатуға арналған ұзақ мерзімді активтер құрайды. Несие портфелі  22,5 млрд теңге (15,4 млрд теңге мөлшерінде қалыптастырылған провизияларды ескере отырып, нетто несие портфелі – 7,1 млрд теңге) және 84,9%-ы мерзімі өткен кредиттерден тұрады.

Міндеттемелер сомасы - 81,9 млрд теңге. Банк бірінші кезектегі кредиторлар алдындағы міндеттемелерін толығымен орындады. Қазіргі уақытта ҚДКБҚ алдындағы талаптар (екінші кезек) 37,6 млрд теңгеден 50,8%-ға немесе 19,1 млрд теңгеге қанағаттандырылды.

Qazaq Banki

Активтері – 120,9 млрд теңге, оның ішінде несие портфелі бойынша берешек 129 млрд теңгені құрады (42 млрд теңге мөлшерінде қалыптасқан провизияларды ескере отырып, нетто несие портфелі – 87 млрд теңге) және 99,3% мерзімі өткен кредиттерден тұрады.

 Банк міндеттемелері – 81,6 млрд теңге. Qazaq Banki сонымен қатар ҚДКҚ алдындағы талаптарды қанағаттандыру барысында (екінші кезек). Қанағаттандыру пайызы 18,5% немесе 20,5 млрд теңгенің 3,8 млрд теңгесін құрады.

Tengri Bank

Активтері 26,3 млрд теңгені құрайды. Банктің несие портфелі бойынша берешек 100,9 млрд теңгені құрайды (85 млрд теңге мөлшерінде қалыптасқан провизияларды ескере отырып, нетто несие портфелі – 15,9 млрд теңге) және 97,1% мерзімі өткен кредиттерден тұрады.

Міндеттемелері – 59 млрд теңге. Tengri Bank бірінші және екінші кезектер алдындағы міндеттемелерін толығымен өтеді және қазіргі уақытта үшінші кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға кірісті. Талаптар 9 %-ға немесе 5 млрд теңгенің 0,5 млрд теңгесіне орындалды.

AsiaCredit Bank

Банк активтері 51,5 млрд теңгені құрайды, оның ішінде несие портфелі бойынша берешек 44,7 млрд теңге мөлшерінде (13 млрд теңге мөлшерінде қалыптасқан провизияларды ескере отырып, нетто несие портфелі – 31,7 млрд теңге) және 99,6% мерзімі өткен кредиттерден тұрады. 

Міндеттемелер 33,4 млрд теңгені құрайды. Банк бірінші кезектегі кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін толығымен орындады және ҚДКҚ-мен есеп айырысуға кірісті (екінші кезек). ҚДКҚ талаптары 4,7%-ға немесе 19 млрд теңгенің 0,9 млрд теңгесіне қанағаттандырылды.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Агенттік аралық тарату теңгерімін және Capital Bank Kazakhstan кредиторлары талаптарының тізілімін бекітті, олар кредиторлармен есеп айырысуды бастау үшін тарату комиссиясына жіберілді. Аралық теңгерімді бекіту және кредиторлармен есеп айырысудың басталуы туралы ақпарат Capital Bank Kazakhstan ресми интернет-ресурсында орналастырылады (www.capitalbank.kz).

Жалпы, кредиторлардың талаптарын одан әрі қанағаттандыру мөлшері банктердің тарату массасына кіретін активтердің сапасына байланысты болады.

Таратылатын банктер ақпаратты, оның ішінде Банктердің өткізілетін мүлкі туралы ақпаратты өздерінің ресми сайттарында жариялайды.

Астана Банкі АҚ ТК – www.bankastana.kz, Алматы қ., Төлебаев к-сі, 38/61, «Жетісу» бизнес орталығы, 3-қабат, +7 (727) 259 60 60.

Валют-транзит банк АҚ ТК – www.lc-vtb.kz, Қарағанды қ., Бұқар жырау даңғ., 51/1, +7 (7212) 99-64-05, 99-64-06, 99-64-12.

Qazaq Banki АҚ ТК – www.qazaqbanki.kz, Алматы қ., Төлебаев к-сі, 38/61, «Жетісу» бизнес орталығы, +7 (727) 380-39-51, 380-39-99.

Tengri Bank АҚ ТК – www.tengribank.kz, Алматы қ., Абай даңғ., 10 А, «A&F» бизнес орталығы, 4-қабат, +7 (727) 244 92 96.

Delta Bank АҚ ТК – www.deltabank.kz, Алматы қ., Бөгенбай батыр к-сі, 80, +7 (727) 266-30-87, 333-42-81, 333-42-69.

Эксимбанк Қазақстан АҚ ТК  – www.eximbank.kz, Алматы қ.,  Бөгенбай батыр к-сі, 80, +7 (727) 266-30-87, 333-42-81, 333-42-69.

Қазинвестбанк АҚ ТК – www.kib.kz, Алматы қ., Төлебаев к-сі,  38/61, 5-қабат, «Жетісу» бизнес орталығы, +7 (727) 321 09 92.

АsiaCredit Bank АҚ ТК – www.asiacreditbank.kz, Алматы қ., Төлебаев к-сі, 38/61, «Жетісу» бизнес орталығы, 3-қабат, +7 (727) 327 88 18.

Capital Bank Kazakhstan АҚ ТК – www.capitalbank.kz, Алматы қ., Қажымұқан к-сі, 86, 4-қабат, +7 (727) 339 30 21.

 

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz