
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) делегациясы ресми үкіметтік делегация құрамында Дүниежүзілік банктің және Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы көктемгі кездесулеріне қатысты. Кездесулер ағымдағы жылғы 18 – 22 сәуір аралығында Вашингтон қаласында өтті.
Агенттік делегациясы ХВҚ Басқарушы директорының орынбасары Бо Ли мырзамен, ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің директоры Джихад Азурмен және ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланшэмен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Қазақстан банк секторының ағымдағы жағдайы, сондай-ақ тәуекелге бағдарланған қадағалауды күшейту бойынша, атап айтқанда активтердің сапасын бағалау (AQR) және қадағалап стресс-тестілеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс талқыланды. Тараптар тұтынушылық кредиттеуді реттеу, банктердің капиталына қадағалау үстемеақысын және төлем жасау қабілетін қалпына келтірудің ішкі жоспарларын (Recovery Plans) әзірлеуге қойылатын талаптарды белгілеу мәселелері бойынша ХВҚ техникалық көмегі шеңберіндегі ынтымақтастықтың кейінгі бағыттары туралы уағдаласты. Осыған дейін ХВҚ жәрдем етуімен капитал (ICAAP) және өтімділік (ILAAP) жеткіліктілігіне ішкі бағалау жүргізу бойынша банктерге, сондай-ақ пайыздық тәуекел туралы есептілікті тұрақты түрде ұсынуға қойылатын талаптарды әзірлеуге көмек көрсетілді.
Сонымен бірге Дүниежүзілік банктің Қаржы, бәсеке және инновациялар департаментінің ауқымды директоры Жан Пэммен және ХВҚ Ақша-кредит саясаты және капитал нарықтары департаментінің директоры Тобиас Адрианмен кездесулер барысында ХВҚ және Дүниежүзілік банк тарапынан алдағы уақытта Қазақстан қаржы секторының жай-күйіне кешенді бағалау (Financial Sector Assessment Program, FSAP) өткізу мәселелері талқыланды. FSAP-ты 2022 жылғы екінші жартыжылдықта өткізу жоспарланып отыр, бұрын мұндай бағалау Қазақстанда 2014 жылы өткізілді.
Сонымен қатар қаржы реттеушісінің басшысы М. Әбілқасымова Халықаралық Қаржылық Корпорацияның (ХҚК) Таяу Шығыс, Орталық Азия, Түркия, Ауғанстан және Пәкістан бойынша өңірлік Вице-президенті Хела Шейхроухимен және ХҚК қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде стрестік активтер нарығын дамыту, оларды экономикалық айналымға тарту, оларды нарықтық қағидаттармен сатып алу мен сату үшін цифрлық платформа құру үшін жағдайларды қалыптастыру мәселелері талқыланды. Бұдан басқа, қаржы нарығында ESG стандарттарын енгізу мәселелері жеке қарастырылды. Кездесуде Агенттік пен ХҚК арасында ESG стандарттарын бірлесіп әзірлеу жөніндегі ынтымақтастық және Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту туралы шартқа қол қойылғаны туралы айтылды.
Агенттік Төрағасы Moody’s, Standard&Poor’s және Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктердің басшыларымен кездесулерге қатысты. Рейтингтік агенттіктердің басшыларына банк секторының ағымдағы индикаторлары, геосаяси тәуекелдердің Қазақстанның қаржы жүйесіне әсері және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар ұсынылды.
Сонымен бірге, үкіметтік делегацияның АҚШ Қаржы министрлігінің және Мемлекеттік департаментінің өкілдерімен, оның ішінде Шетелдік активтерді бақылау офисімен (OFAC) және Саясат және экономикалық санкцияларды жүзеге асыру офисімен кездесулері өтті. Кездесулер барысында Ресей Федерациясына қатысты енгізілген санкциялардың Қазақстанның банк секторына әсері мәселелері, ресейлік еншілес банктердің қызметін қайта ұйымдастыру жөніндегі жоспарлар, сондай-ақ Қазақстанның қаржы нарығына қайталама санкциялар тәуекелдерінің туындауына жол бермеу үшін KYC (Know Your Customer) рәсімдерін қатаңдату шаралары талқыланды.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz