Бағалы қағаздар нарығындағы 2022 жылғы наурыздағы ахуал туралы

Бағалы қағаздар нарығындағы 2022 жылғы  наурыздағы ахуал туралы

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның қор нарығында 39 брокер және дилер (16 банк және 22 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы,            3 трансфер-агент, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: Орталық контрагент функцияларын атқаратын «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ жұмыс істейді.

Сыртқы нарықтарда жалғасып отырған геосаяси шиеленіске қарамастан, Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы ахуал тұрақты болып қалуда. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының барлық кәсіби қатысушылары меншікті капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділік көрсеткіштерінің талап етілетін деңгейін сақтап отыр.

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша KASE-нің сауда тізімдерінде 147 эмитенттің 161 акциясы және 82 эмитенттің 324 облигациясы болды.

Наурыздың қорытындысы бойынша KASE индексі 0,4%-ға 3 348,63 тармаққа дейін төмендеді,  «Қазақстанның Халық жинақ банкі» АҚ-тың (-5,7%) акциялары көбірек төмендеді.

Акциялар нарығын капиталдандыру ағымдағы жылғы наурызда листингтелетін компаниялар акциялары құнының ұлғаюы есебінен 0,8%-ға немесе 188 млрд теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы 1 сәуірдегі  жағдай бойынша 23,3 трлн теңге болды.

Акциялар сауда-саттығының көлемі қайталама нарықтағы сауда-саттықтың өсу есебінен 2022 жылғы ақпандағы  акциялар сауда-саттығының көлемімен салыстырғанда 28,7%-ға ұлғайып, ағымдағы жылғы наурызда 13,3 млрд теңге болды.

 

Акциялар нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттарының ішінде жеке тұлғалардың үлесіне акциялармен жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің 43,7%-ы, брокерлер мен дилерлердің үлесіне – 22,0%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 19,0%, өзге заңды тұлғалардың үлесіне – 15,2%, банктердің үлесіне - 0,1% тиесілі болды.

KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі облигациялардың жекелеген шығарылымдарының айналыста болу мерзімінің аяқталуына және мерзімінен бұрын өтелуіне байланысты 2022 жылғы ақпанмен салыстырғанда 1,0%-ға немесе 146,0 млрд теңгеге төмендеп, 2022 жылғы 1 сәуірдегі  жағдай бойынша 14,8 трлн теңге болды.

KASE-де корпоративтік облигациялар сауда-саттығының көлемі бастапқы нарықта орналастырулардың болмауы және корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы сауда-саттық көлемінің төмендеуі есебінен алдыңғы аймен салыстырғанда 58,2 млрд теңгеге дейін 37%-ға азайды.

Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлігінде заңды тұлғалардың үлесі – 77,2%-ды, институционалдық инвесторлардың үлесі – 12,5%-ды,  брокер мен дилерлердің үлесі - 3,7%-ды, жеке тұлғалардың үлесі – 5,8%-ды,  екінші деңгейдегі банктердің үлесі - 0,8%-ды құрады.   Бейрезиденттердің үлесі 12,9%-ды құрады.

 

KASE-де саудаланатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы мемлекеттік бағалы қағаздардың жекелеген шығарылымдарының өтелуіне және айналыста болу мерзімінің аяқталуына байланысты 01.03.2022ж.  көрсеткішпен салыстырғанда   2,3%-ға немесе 395,7 млрд теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 сәуірдегі  жағдай бойынша 17,3 трлн теңге болды.

КASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі ағымдағы жылғы ақпан айымен салыстырғанда 80,1%-ға немесе 267 млрд теңгеге ұлғайып, ағымдағы жылғы наурыздың  қорытындысы бойынша 600,2 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылғы наурызда мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 27,6%-ға немесе 58,5 млрд теңгеге өсіп, 270,5 млрд теңгені құрады. Барлық көлем Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық міндеттемелерін орналастыруға тиесілі.

 

2021 жылдың үш айында МБҚ қайталама нарығындағы инвесторлардың құрылымында заңды тұлғалардың үлесі 54,4%, екінші деңгейдегі банктердің үлесі 27,6%, институционалдық инвесторлардың үлесі 15,8%, брокер-дилерлердің үлесі – 1,6%, жеке тұлғалардың үлесі 0,5% болды. Бейрезиденттердің қатысуы 9,2%-ға бағаланады.

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 41 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 22 аралық, 18 жабық және 1 ашық.

Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтердің жиынтық көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 36 млрд теңгеге немесе 6,8%-ға азайып, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша        491,2 млрд теңгені құрады. Бұл азаю бейрезидент-эмитенттердің, сондай-ақ резидент-эмитенттердің бағалы қағаздар портфелінің (32,8 млрд теңгеге немесе 6,9%-ға азаю) құнының төмендеуі есебінен болды. 

2022 жылғы 1 сәуірде инвестициялық пай қорларының негізгі активі болып бағалы қағаздар портфелі сақталады, ол 440,7 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 89,7%-ын құрайды, бұл ретте портфельдің 98,2%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.

Бүгінгі таңда зейнетақы активтері мына төрт компанияның сенімгерлік басқаруында: «BCC Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Jusan Invset» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ. 2022 жылғы                1 сәуірде зейнетақы активтері инвестициялық портфелінің құны 8,6 млрд теңгені құрады. Зейнетақы активтері портфелінің құрылымына кері РЕПО мәмілелері мен ақша қаражаты (29%), мемлекеттік бағалы қағаздар, оның ішінде ҚР мемлекеттік бағалы қағаздары, ҚРҰБ ноттары (25%), ПАЙ-лар (24%), облигациялар (16%), акциялар мен депозитарлық қолхаттар (5%) кіреді. Валюталар бөлігінде зейнетақы активтері портфелінің құрылымында ұлттық валюта басым (71,5%), АҚШ доллары зейнетақы активтері портфелінің 28,5%-ын құрайды.

 

2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықаралық нарықтағы сыртқы тәуекелдердің өсуіне және құбылмалылығына қарамастан Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы жағдай тұрақты болып қалуда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қор нарығының жүйелік тәуекелдеріне күшейтілген бақылауды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының заңнама талаптарын орындау бөлігіндегі орнықтылығына тұрақты бағалауды қамтамасыз етеді.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz