Қазақстан бағалы қағаздар нарығының 2022 жылғы 1 наурыздағы жай-күйі туралы

Қазақстан бағалы қағаздар нарығының 2022 жылғы  1 наурыздағы жай-күйі туралы

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 150 эмитенттің 164 акциясы болды, оның 43 шығарылымы KASE Global секторындағы айналысқа жіберілді.

2022 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша KASE индексі 5,3%-ға 3 361,98 тармаққа дейін төмендеді. «Қазақтелеком» АҚ-тың (-12,4%) және «Қазақстанның Халық жинақ банкі» АҚ-тың (-12,4%)  акциялары көбірек төмендеді.

Акциялар нарығын капиталдандыру 2022 жылғы ақпанда листингтелетін компаниялар акциялары құқының түсуі есебінен 13,3%-ға немесе 3,5 трлн теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 23,1 трлн теңге болды.

Акциялар сауда-саттығының көлемі 2022 жылғы қаңтардағы акциялар сауда-саттығының көлемімен салыстырғанда 3,4%-ға немесе 0,3 млрд теңгеге ұлғайып, ағымдағы жылғы ақпанда 10,3 млрд теңге болды.

KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2022 жылғы ақпанда облигациялардың жекелеген шығарылымдарының өтелуіне және айналыста болу мерзімінің аяқталуына байланысты өткен кезеңмен салыстырғанда 2,6%-ға немесе 417 млрд теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 15,0 трлн теңге болды. 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша KASE-нің сауда тізімдерінде 82 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 324 шығарылымы болды.

KASE-де корпоративтік облигациялар сауда-саттығының көлемі 2022 жылғы ақпанда қосалқы нарықтағы сауда-саттық көлемінің 3,1 есеге 82,4 млрд теңгеге дейін ұлғаюының есебінен өткен аймен салыстырғанда 3,3 есе, 91,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығында орналастыру көлемі 9,5 млрд теңге болды.

Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлігінде екінші деңгейдегі банктердің үлесі 1,0%-ды, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі – 2,2%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 8,0%-ды, өзге заңды тұлғалардың үлесі – 87,1%-ды, жеке тұлғалардың үлесі – 1,7%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 12,6%-ды  құрады.  

KASE-де саудаланатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 2022 жылғы қаңтардағы көрсеткішке қатысты 2,3%-ға  немесе 395,7 млрд теңгеге ұлғайып,  2022 жылғы ақпанның қорытындысы  бойынша  17,7 трлн теңгені құрады. 

КASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2022 жылғы қаңтармен  салыстырғанда 41,2%-ға немесе 97,2 млрд теңгеге ұлғайып, 2022 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша 333,2  млрд теңгені құрады.

2022 жылғы ақпанда мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда 25,9%-ға немесе 43,6 млрд теңгеге өсті және 212 млрд теңгені құрады. Барлық көлем Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық міндеттемелерін орналастыруға тиесілі.

2022 жылғы ақпанда қайталама нарықтағы инвесторлардың құрылымында банктердің үлесіне 7,2%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 2%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 2,9% тиесілі болды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 87,5%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 0,3% болды. Бейрезиденттердің қатысуы 8,9%-ға бағаланады.

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 35 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 22 аралық, 12 жабық және 1 ашық.

Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтердің жиынтық көлемі  62,2 млрд теңгеге немесе 13,4%-ға ұлғайып, 2022 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша 527,2 млрд теңгені құрады (2022 жылдың басынан бастап  – 9,1%-ға өсу).  Бұл ұлғаю ең алдымен бағалы қағаздар портфелінің (58,9 млрд. теңгеге немесе 14,2%-ға) өсімі есебінен болды. Бейрезидент-эмитенттердің (41 млрд теңгеге немесе 12,8%) және резидент- эмитенттердің (14,4 млрд теңгеге немесе 19,7%) бағалы қағаздар портфелінің өсімі айтарлықтай әсер етті. 

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша инвестициялық пай қорларының негізгі активі бағалы қағаздар портфелі болып табылады, ол 473,5 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 89,8%-ын құрайды, бұл ретте портфельдің 98,45%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.

2022 жылғы ақпанның қорытындылары бойынша инвестициялық пай қорларының портфеліндегі бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздары 360,6 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 68,4%-ын құрады, ҚР резидент-эмитенттердің бағалы қағаздары – 87,4 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 16,6%-ы. Активтер құрамында сондай-ақ 16,2 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 3,1%-ы мөлшерінде шетелдік инвестициялық қорлардың пайлары бар.

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында 38 брокер және дилер (16 банк және 22 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын 2 инфрақұрылымдық ұйым: «Қазақстан қор биржасы» АҚ және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ бар. Бұдан басқа, «Қазақстан қор биржасы» АҚ базасында орталық контрагент жұмыс істейді. Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиялар саны 72 дана болды.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz