Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2022 жылғы ақпандағы жұмыс қорытындылары туралы

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2022 жылғы   ақпандағы жұмыс қорытындылары туралы

2022 жылғы ақпанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі, негізінен, қарыз алушылардың олардың борыш жүктемесін азайту, оның ішінде Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде азайту, сондай-ақ «кредиттік рақымшылық» бойынша жәрдем көрсету және шаралар қабылдау туралы өтініштерін қараумен байланысты болды.

Есепті айда Агенттік қаржы ұйымдарының, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) және коллекторлық агенттіктердің қызметімен байланысты жеке және заңды тұлғалардың 2090 өтінішін қарады, бұл өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 32%-ға көп.

Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) келіп түсті, ол өтініштердің жалпы санының 75%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер жалпы санының 15%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің – 1,5%-ын, коллекторлық агенттіктердің – 3,5%-ын, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің – 1%-ын, өзге де ұйымдардың - 4%-ын құрады.

2022 жылғы ақпанда Агенттік екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ), коллекторлық агенттіктер мен МҚҚЖҰ-ның әрекеттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды анықтады.  9 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, 20 жазбаша ұйғарым және 31 хаттама бойынша жалпы сомасы 9,14 млн теңгеге 16 әкімшілік жаза қолданылды. Атап айтқанда, мыналарға қатысты:

1) ЕДБ – 8 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 3 хаттама бойынша жалпы сомасы 1,22 млн теңгеге 1 әкімшілік жаза;

2) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар – 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;

3) коллекторлық агенттіктер – 3 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 3 хаттама бойынша жалпы сомасы 513,4 мың теңгеге  3 әкімшілік жаза;

4) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – 17 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 25 хаттама бойынша жалпы сомасы 7,4 млн теңгеге  12 әкімшілік жаза.

2004-2009 жылдар аралығында кезеңде ипотекалық қарыздар алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 193,1 млрд теңге сомаға қайта қаржыландыруға 29 934 өтінімді мақұлдады, 183 млрд теңге сомаға 28 989 қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде 2020 жылдан бастап 24,5 млрд теңгеге 2 239 қарыз қайта қаржыландырылды.

Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 2020 жылғы желтоқсанда 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауды аяқтады. Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктерін іске асыру кезеңінде банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды жүргізді.

Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер 2021 жылғы желтоқсанда ХӘОТ санаты бойынша қарыздары Бағдарлама шеңберінде бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының берешегін азайту және өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу түріндегі қосымша көмек көрсету, сондай-ақ банк балансындағы жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару бойынша жұмысты аяқтады. Халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы шамамен 8  мың қарыз алушыға 50,9 млрд теңгеге қосымша көмек көрсетілді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz