
Қаржылық операцияларды жүргізу сенімділігі мен тұрақтылығы бағалы қағаздар нарығының жұмыс істеу тетігінің негізгі элементтері болып табылады. Кез келген деңгейдегі инвестор үшін инфрақұрылымдық ұйым ретінде орталық депозитарийдің рөлі мен жұмыс істеу қағидаттарын түсіну маңызды, бірақ, өкінішке қарай, бұған көңіл жеткілікті түрде бөліне бермейді. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаментінің Инфрақұрылымдық ұйымдарды реттеу және мәмілелерді мониторингтеу басқармасының басшысы Қажымұрат Байгубенов Қазақстанда негізгі тетіктердің қалай жұмыс істейтіні және инвестициялау бойынша жұмыстың үздіксіздігі қалай қамтамасыз етілетіні туралы айтып берді.
- Бір жағынан, инвесторлардың өздері де инфрақұрылымдық тетіктер тұрақты жұмыс істеп, қалыпты тәртіппен үзіліссіз жұмыс істеуді қамтамасыз ететін «бақылаудан тыс» болуы керек деген пікірде. Бұл дұрыс. Екінші жағынан, кез келген биржа алаңында қандай да бір бағалы қағаздарды сатып алуға немесе сатуға бұйрық бергеннен кейін нақты не болатынын түсіну инвестициялық процестің қауіпсіздігін айтарлықтай деңгейде қамтамасыз ете алады.
Бағалы қағаздардың дерекқорын орталықтандырылған түрде жүргізетін инфрақұрылымдық ұйым ретінде қор нарығында орталық депозитарийдің болуы, ең алдымен, бағалы қағаздарды ұстаушылардың бағалы қағаздарға меншік құқығын қорғауды қамтамасыз ететінін атап өткім келеді. Екіншіден, депозитарлық ұйымдар әлемдік тәжірибеде, шын мәнінде, қаржы құралдары қозғалысының орталықтандырылған бэк-офисі болып табылады.
Қазақстанда депозитарлық қызметті бағалы қағаздар бойынша барлық ақпаратты орталықтандырылған түрде сақтайтын, бағалы қағаздармен жасалған барлық мәміле мен операцияны есепке алатын және тіркейтін жалғыз ұйым болып табылатын «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ жүзеге асырады. Депозитарий меншік құқығын растау мақсатында бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу қызметін де жүзеге асырады.
Депозитарлық қызмет – орталық депозитарийдің клиенттері болып табылатын басқа да номиналды ұстаушыларға, ұйымдарға бағалы қағаздарды номиналды ұстау қызметтерін көрсету және қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру қызметі. Өз кезегінде, номиналды ұстау – бұл бағалы қағаздардың түпкілікті меншік иелері болып табылатын басқа тұлғалардың атынан және олардың тапсырмасы бойынша бағалы қағаздарды сақтау және есебін жүргізу қызметі. Қарапайым сөзбен айтқанда, сіздің брокеріңіз бағалы қағаздарыңыздың номиналды ұстаушысы болып табылады, бірақ бұл ретте сіздің брокеріңіздің шынайы номиналды ұстаушысы депозитарий болып табылады. Осылайша, номиналды ұстаудың екі деңгейлі жүйесі құрылады, мұнда инвестор түпкілікті бенефициар болып қала береді.
Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу – бағалы қағаздар бойынша құқық ұстаушыларды идентификаттауды, бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркеуді, сондай-ақ, мысалы, бағалы қағаздарға қандай да бір ауыртпалықтар салынса, осы бағалы қағаздардың айналысына немесе құқықтарын жүзеге асыруға тіркелген шектеулердің сипатын қамтамасыз ететін эмитент (бағалы қағаздарды шығарған заңды тұлға), эмиссиялық бағалы қағаздар және оларды ұстаушылар туралы дерекқорды жүргiзу. Бағалы қағаздарға құқықтарын растау үшін клиенттер әрқашан брокерден немесе Орталық депозитарийден өз шотынан үзінді-көшірмені сұрай алады.
Сондай-ақ бағалы қағаздармен мәмілелер биржалық нарықта да, биржадан тыс нарықта да жасалатынын және олар кез келген жағдайда заңнамаға және Орталық депозитарийдің немесе номиналды ұстаушының ішкі құжаттарына сәйкес брокердің немесе Орталық депозитарийдің номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде немесе Орталық депозитарийдің бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімі жүйесінде тіркелуге тиіс екендігін түсінген маңызды.
Ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) бағалы қағаздар нарығында мәмілелерді жүзеге асыру үшін брокердің қызметтерін пайдалану әрдайым міндетті емес. Мұндай жағдайда жеке немесе заңды тұлғалар және олардың контрагенттері бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу шеңберінде өздерінің жеке шоттары бойынша бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу үшін Орталық депозитарийге жүгінеді.
Өзге жағдайда, ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) бағалы қағаздар нарығында мәмілелерді жүзеге асыру үшін брокердің қызметтерін пайдалану қажет. Брокер клиентпен шарт жасасқаннан кейін оның бағалы қағаздарын есепке алу үшін өзінің есепке алу жүйесінде және Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде осы клиенттің атына арнайы қосалқы шот ашады.
Соңғы екі жылда Қазақстанда халықтың қор биржасындағы саудаға деген қызығушылығы жоғары қарқынмен өсуде. 01.03.2022ж. жағдай бойынша Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде брокерлер клиенттеріне бағалы қағаздарды есепке алу үшін 293 325 шот ашылды, ол өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 103,04%-ға немесе 148 865 бірлікке, екі еседен астам өскенін көрсетеді. Бұл ретте бөлшек инвесторлардың шоттарының саны 290 932 (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда +148 678 немесе 104,5%) құрайды.
Жеке тұлғалар шоттары санының артуы бірнеше өзара байланысты факторларға байланысты. Біріншіден, 2020 жылғы қазаннан бастап брокерлерді есепке алу жүйесінде клиенттерді динамикалық немесе биометриялық сәйкестендіру құралдарын пайдалана отырып, әлеуетті клиенттерге қашықтан брокерлік шарттар жасасу және шоттар ашу мүмкіндігін енгізумен байланысты. Екіншіден, әрине, соңғы бірнеше жылда нарықтың және клиенттермен қашықтан жұмыс істеу тәсілдерінің жалпы дамуымен байланысты. Брокерлер арасында қауіпсіз және сонымен бір мезгілде технологиялық қызмет ұсынуға қатысты өсіп келе жатқан бәсекелестікті атап өту маңызды.
Брокерлік ұйымның клиенті халықаралық нарықтарда қандай да бір құралды сатып алғысы келсе, не болады? Қазақстанның қор нарығы инфрақұрылымын жаһандық капитал нарықтарының экожүйесіне ықпалдастыруды Орталық депозитарий өз кезегінде әлемдегі ірі қор алаңдарының бағалы қағаздары бойынша есеп айырысуды қамтамасыз ете отырып, жаһандық ірі депозитарийлер болып табылатын Clearstream және Euroclear сияқты халықаралық жаһандық депозитарийлармен өзара іс-қимыл арқылы қамтамасыз етеді.
2021 жылы омнибус шоттар жүйесі енгізілді, ол Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесінде брокерлердің клиенттері үшін жеке шоттар ашпай, бірақ жеке кодтарды көрсете отырып бағалы қағаздарды біріктіріп есепке алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл бірыңғай шот шеңберінде бағалы қағаздарды біріктіріп есепке алудың әлемде кең таралған тәжірибесі.
Орталық депозитарий клиенттерінің шетел валюталары нарығына қолжетімділігін жеңілдету үшін ағымдағы жылдың басынан бастап Орталық депозитарий қор нарығында мәмілелер жасасу нәтижесінде алынған шетел валютасын немесе теңгені конвертациялау қызметтерін көрсетуге құқылы.
Қазақстанның қор нарығындағы инвесторлық базаның серпінді өсу қарқыны, мәмілелер санының және инвесторлардың белсенді шоттарының ұлғаюы Қазақстанның қор нарығындағы белсенділіктің ұлғаюын көрсетіп қана қоймай, Орталық депозитарий және бөлшек инвесторларға қызмет көрсететін бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары үшін айтарлықтай сын-қатерге айналуда.
Осыған байланысты Орталық депозитарийдің алдында орнықты дамуды қамтамасыз ету міндеттері тұр, оның шеңберінде бірқатар бағыттарды белгілеуге болады:
Қазіргі уақытта Орталық депозитарийдің ақпараттық жүйелерін Мемлекеттік дерекқорлармен ықпалдастыру іс-шаралары жүзеге асырылуда, бұл Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде клиенттердің деректерін жаңартып отыруға, мәмілелерді тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына олардың клиенттерін сәйкестендіру бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді.
Бағалы қағаздармен қарыз беру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін платформаны іске қосу, шетелдік депозитариймен жаңа «депозитарий аралық байланысты» қалыптастыру, сондай-ақ KASE-ге айналыстағы шетелдік бағалы қағаздар бойынша есеп айырысу жүйесін жетілдіру жоспарлануда.
Сонымен қоса Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесін корпоративтік іс-әрекеттер туралы ақпаратты ашу жүйесімен ықпалдастыру, корпоративтік іс-қимылдар порталын қалыптастыру, акционерлердің жалпы жиналыстарында электрондық дауыс беру жүйесін құру және енгізу арқылы корпоративтік іс-қимылдар хабын қалыптастыру жоспарлануда. Қазақстанның қор нарығының халықаралық капитал нарықтарына ықпалдасуына қарай корпоративтік іс-әрекеттерге қатысу және Қазақстандағы корпоративтік іс-әрекеттер туралы ақпаратты жария ету жүйесін реформалау барынша өзекті болып табылады. Сондықтан Орталық депозитарийдің күш-жігері Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін корпоративтік іс-қимылдар жүйесін қалыптастыруға бағытталатын болады.
Белгіленген шаралар технологиялық шешімдермен бірігіп Орталық депозитарийді жергілікті депозитарийден өңірлік есепке алу-есеп айырысу Хабына – электрондық сервистер мен платформалардың кең тізбесі бар заманауи жоғары технологиялық платформаға айналдыруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осындай өңірлік институттың болуы өңірлік бағалы қағаздар нарықтарының дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді және Қазақстандық және шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанның қор нарығының қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Қор биржасында бағалы қағаздармен мәмілелерді жүзеге асыруға ниетті жеке немесе заңды тұлғаларға уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметтерін пайдалану қажет екенін еске саламыз. Брокерлік және дилерлік қызмет көрсету бойынша компанияда лицензияның болуын Агенттіктің ресми сайтынан тексеруге болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz