Банк секторындағы ағымдағы ахуал туралы

Банк секторындағы ағымдағы ахуал туралы

Геосаяси тәуекелдердің ушығуы және қаржы нарықтарындағы құбылмалылық аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен бірлесіп сыртқы экономикалық тәуекелдердің қаржы нарығының тұрақтылығына әсерін әлсірету үшін жүйелік шаралар қабылдауда.

Бірқатар ресейлік банктерге қатысты санкциялар енгізілгеннен кейін Mastercard және Visa халықаралық төлем жүйелері 18 және 20 наурыздан бастап ресейлік еншілес банк «Сбербанк Қазақстан» ЕБ АҚ карточкалық операцияларын өңдеуді шектейді.

Шет елдерде және басқа қазақстандық банктер желісінде Visa және Mastercard төлем жүйелерімен карточкалық операцияларды өңдеу бойынша шектеулерге қарамастан, ВТБ және Сбербанк банктерінің клиенттері банк карталарын банк ішінде аударымдарды жүзеге асыруды, банкоматтардан қолма-қол ақша алуды қоса алғанда, банктердің өз желісінде банктік карталарды шектеусіз пайдалана алады, көрсетілген банктердің POS-терминалдарында төлем жасай алады  және бөлімшелерде, банкоматтар мен мобильді қосымшаларда  қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың барлық түрлерін жүргізе алады.  Төлем карточкаларын қолданбай басқа банктерге ақша аударуға шектеу жоқ.

Банктер штаттық режимде жұмыс істеуде  және салымдарға, депозиттерге қызмет көрсетуді, сондай-ақ ақша қаражатын қабылдау мен беруді қоса алғанда, өздерінің клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауда. 

Сондай-ақ Ресейдің еншілес банктері депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылады, бұл азаматтардың қаражатының сақталуына кепілдік береді.

Ресейдің еншілес банктеріне қатысты енгізілген санкциялар мен шектеулер Қазақстан банктерінің қызметіне байланысты емес және әсер етпейтінін атап өтеміз.

Қазақстанның екінші деңгейдегі банктеріндегі ахуал тұрақты. Екінші деңгейдегі банктердің ағымдағы аптадағы жағдай бойынша шамамен 16,7 трлн теңгені немесе жалпы активтердің 43%-ын құрайтын өтімді активтерінің айтарлықтай қоры бар. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне уақтылы және толық көлемде қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді. Банктердің өтімділігі бойынша пруденциялық нормативтер реттеушінің ең төмен талаптарынан төрт еседен аса көп.

2022 жылдың басынан бері банктердің меншікті капиталы 3,2%-ға өсті және 4,7 трлн теңгені құрады. Банктердің меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенті 23,3%-ды құрайды және  заңнамамен белгіленген нормативтерден екі еседен астам артады.

2022 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан банктерінің клиенттері депозиттерінің 3,5%-ға өсуі байқалады. Бұл ретте жеке тұлғалардың салымдарының үлесі 51,4%-ды немесе 13,9 трлн теңгені, заңды тұлғалардың салымдары  48,6%-ды немесе 13,1 трлн теңгені құрайды.

Заңнамаға сәйкес жеке тұлғалардың депозиттеріне мемлекет тарапынан кепілдік берілген. 2022 жылғы қаңтарда халықтың депозиттеріне кепілдік берудің шекті сомалары «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігімен 20 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

Агенттік және Қазақстанның Ұлттық банкі банктердің қаржылық жағдайына, олардың капиталының жеткіліктілігі мен өтімділігіне,
банктердің клиенттері алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындалуына тұрақты бақылауды жүзеге асырады.

  

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

      +7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz