Қазіргі уақытта Қазақстанда миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау бағалы қағаздар нарығын дамытудың негіз қалаушы факторы болып табылады. Елімізде миноритарлық инвесторлардың құқықтары қалай қорғалатыны жөнінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Гүлчехра Абдуллаева айтып берді.
- Акционерлік қоғам меншік нысанын білдіреді, онда қоғам өз акционерлерінің мүлкінен оқшауланған мүлікке ие болады және олардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
Бұл ретте акционер акционерлік қоғамды басқаруға қатысу, ол таратылған жағдайда дивидендтер мен қоғам мүлкінің бір бөлігін алу құқығына ие болады.
Акционер өз акцияларын қайталама нарықта кез келген инвесторға сатуға және акциялары құнының өсуі түрінде акцияларды сатудан кіріс алуға құқылы.
Акционерлер қоғамды басқаруды Акционерлердің жалпы жиналысына қатысу арқылы жүзеге асырады. Акционерлік қоғамдағы акционерлердің құқықтарына қатысты маңызды шешімдерді жоғарғы басқару органы болып табылатын акционерлердің жалпы жиналысы ғана (АЖЖ) қабылдайды. Мәселен, АЖЖ-ның айрықша құзыретіне қоғамның жарғысын бекіту, қоғамды қайта ұйымдастыру немесе тарату, қоғамның акцияларын шығару, айырбастау, конвертациялау, дивидендтер төлеу, директорлар кеңесінің мүшелерін тағайындау, жылдық қаржылық есептілікті бекіту және басқа да мәселелер жатады.
Акционерлік қоғамдардың негізгі басқару органдары: қоғам жұмысының жалпы стратегиясын айқындайтын директорлар кеңесі және қоғамның директорлар кеңесінің шешімдерін жедел басқаруды және орындауды қамтамасыз ететін атқарушы орган (басқарма) болып табылады.
Қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп пайызына ие акционер ірі немесе мажоритарлық акционер болып табылады. Өз кезегінде, қоғамның дауыс беретін акцияларының он пайызынан кем акцияларына ие акционер миноритарлық акционер деп аталады.
Миноритарлық акционерлер акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешімдер қабылдау мақсатында басқа акционерлермен бірігуге құқылы.
Қоғамды басқару құқығы жоқ артықшылықты акцияларды ұстаушыларға белгілі бір жағдайларда дауыс беру құқығы беріледі. Мұндай жағдайларға қоғамның артықшылықты акцияларды ұстаушылардың құқықтарын шектеуі мүмкін шешімдер қабылдауы жатады. Мысалы, бұл жерде дивидендтердің мөлшерін азайту, дивидендтерді төлеу тәртібін өзгерту, артықшылықты акцияларды қоғамның жай акцияларына айырбастау, акцияларды сатып алу кезінде олардың құнын айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізу, қоғамды қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы айтылады.
Бұл ретте, акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның төмен тұрған басқару органдарының қоғамның ішкі қызметі мәселелері жөніндегі кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы екенін атап өткен жөн.
Қоғамның лауазымды тұлғалары олардың әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен келтірілген залал үшін және қоғамға келтірілген зиян үшін қоғам мен акционерлердің алдында Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жауапкершілік алады.
Акционерлер қоғамның органдары қабылдаған шешімдерді сот тәртібімен даулауға құқылы, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың қоғамға келтірген зияндарды өтеуі туралы талап-арызбен сотқа жүгіне алады. Сонымен қатар, жиынында дауыс беруші акциялардың он және одан көп пайызы тиесілі акционерлер директорлар кеңесі отырысының шақырылымын талап етуге құқылы.
Қоғамды корпоративтік басқарудың жариялылығын және акционерлердің уақтылы шешімдер қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін акционерлік қоғамдар Қаржылық есептілік депозитарийінің порталында қоғамның қаржылық жай-күйін қоса алғанда, барлық маңызды мәселелер бойынша ақпаратты жария етеді.
Аталған порталға кез келген адам еркін кіре алады.
Өз тарапынан Агенттік, акционерлік қоғамдардың қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауы, оның ішінде қоғамдардың қызметі туралы ақпаратты уақтылы және толық жария етуі тұрғысынан мониторингтеуді жүзеге асырады.
Акционерлік қоғамдар туралы заңнаманың бұзылғаны анықталған жағдайда, Агенттік қоғамға шектеулі ықпал ету шараларын, санкциялар қолдануға, оның ішінде әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы.
Осылайша, Қазақстанның акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы қазақстандық компаниялар акционерлерінің құқықтарын олардың базалық құқықтарын тікелей бекіту арқылы, сондай-ақ корпоративтік басқару және шешімдер қабылдаудың тиісті жүйесін құру арқылы және де қоғамдардың өз қызметі туралы ақпаратты жария етуі арқылы кешенді қорғауды қамтамасыз етеді.
Миноритарлық акционерлердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін Агенттік келіп түскен өтініштердің талдауын ескерумен, акционерлік қоғамдар туралы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралуда.
Қоғамның барлық акционерлерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Заң акцияларды бөлшектеу тәртібімен толықтырылады.
Осылайша, акцияларды бөлшектеу туралы шешімді акционерлердің жалпы жиналысы қабылдайды, ол бөлшектеуге жататын акциялардың түрін, бөлшектеудің коэффициенті мен мерзімдерін анықтайды.
Жай акцияларды бөлшектеген жағдайда қоғам қоғамның артықшылық берілген акцияларының осындай коэффициенті бойынша бөлшектеуді жүргізуге міндетті. Артықшылық берілген акцияларды бөлшектеген жағдайда бұл рәсім қоғамның жай акцияларының осы коэффициенті бойынша жүзеге асырылады, яғни «айна сплиті» қағидаты сақталады.
Бұл ретте артықшылық берілген акцияларды бөлшектеу туралы шешімді артықшылық берілген акцияларды ұстаушылардың білікті көпшілігі (орналастырылған артықшылық берілген акциялардың жалпы санынан кемінде 2/3) ғана қабылдай алады. Осылайша, акцияларды, оның ішінде артықшылық берілген акцияларды бөлшектеу кезінде акционерлердің заңнамада көзделген құқықтарының көлемі сақталады.
Сондай-ақ, қоғамның миноритарлық акционерлерінің құқықтарын қорғауды арттыру мақсатында сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша жоғарыда көрсетілген заң жобасы ірі акционердің (үлесі қоғамның дауыс беретін акцияларынан 30%-ға және одан жоғары немесе 95%-ға және одан жоғары деңгейге басым болған) қоғамның миноритарлық акционерлерінен акцияларды сатып алудың әділ бағасын айқындау нормалары күшейтіледі.
Мұндағы негізгі қағидат акцияларды тек әділ нарықтық баға бойынша немесе оларды акционердің сатып алған бағасы бойынша (барынша жоғары бағасына байланысты) сатып алу болып табылады.
Сондай-ақ, заң жобасы акцияларды акционерлерден қоғамның өзі сатып алатын жағдайда, осындай өзгерістерді енгізуге қарсы дауыс берген акционердің өз акцияларын акционерлердің жалпы жиналысының өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдауына дейін қолданыста болған әдіснама редакциясына сәйкес айқындалған баға бойынша сатып алуды талап етуге құқылы болатынын белгілеуді ұсынып отыр.
Акционерлік қоғамдар туралы заңнамаға көрсетілген өзгерістер инвестициялық ахуал жақсартуға және акционерлік қоғамдарда туындайтын корпоративтік дауларды азайтуға мүмкіндік береді.