
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 150 эмитенттің 164 акциясы болды, оның 3 шығарылымы «листингтік емес бағалы қағаздар» секторындағы айналысқа және 43-і KASE Global секторындағы айналысқа жіберілді.
2022 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша KASE индексі 3,4%-ға 3 549,3 тармаққа дейін төмендеді. «Қазатомөнеркәсібі» АҚ-тың (-16,1%), «Қазақстанның Халық жинақ банкі» АҚ-тың (-18,2%), «Қазақтелеком» АҚ-тың (-1,1%) акциялары көбірек төмендеді.
Акциялар нарығын капиталдандыру 2022 жылғы қаңтарда 7,2%-ға немесе 2,1 трлн теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 26,7 трлн теңге болды.
Акциялар сауда-саттығының көлемі 2021 жылғы желтоқсандағы акциялар сауда-саттығының көлемімен салыстырғанда 95,4%-ға немесе 206,3 млрд теңгеге азайып, ағымдағы жылғы қаңтарда 10 млрд теңге болды.
KASE-де саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 0,2%-ға немесе 24,0 млрд теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 15,4 трлн теңге болды.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша KASE-нің сауда тізімдерінде 82 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 320 шығарылымы болды, оның 170 шығарылымын квазимемлекеттік сектордың 29 компаниясы, 91 шығарылымын екінші деңгейдегі 13 банк және 59 шығарылымын 40 жеке компания шығарған.
KASE-де корпоративтік облигациялар сауда-саттығының көлемі өткен есепті аймен салыстырғанда бастапқы нарықта мәмілелер үлесінің азаюы және бірқатар облигациялар шығарылымының өтелуі есебінен 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 89,8%-ға немесе 249,6 млрд теңгеге азайып, 28,2 млрд теңге болды.
2022 жылғы қаңтарда «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-тың 1,8 млрд теңге сомасына облигациялардың 1 шығарылымы орналастырылды.
2022 жылғы қаңтарда корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлігінде ЕДБ үлесі 1,9%-ды, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі – 6,5%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 16,0%-ды, өзге заңды тұлғалардың үлесі – 63,8%-ды, жеке тұлғалардың үлесі – 11,9%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 8,6%-ды құрады.
KASE-де саудаланатын номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 2022 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткішке қатысты 3,1%-ға немесе 553,1 млрд теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 17,3 трлн теңгені құрады.
КASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 5,3%-ға немесе 13,2 млрд теңгеге азайып, 2022 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша 236 млрд теңгені құрады.
2022 жылғы қаңтарда мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 53,3%-ға немесе 58,6 млрд теңгеге өсті және 168,4 млрд теңгені құрады. Барлық көлем Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық міндеттемелерін орналастыруға тиесілі.
2022 жылғы қаңтарда қайталама нарықтағы инвесторлардың құрылымында банктердің үлесіне 16,3%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 1,9%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 4,9% тиесілі болды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 76,1%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 0,9% болды. Бейрезиденттердің қатысуы 3,7%-ға бағаланады.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығында 35 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 22 аралық, 12 жабық және 1 ашық.
Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтердің жиынтық көлемі 2022 жылғы қаңтарда 3,8%-ға немесе 18,3 млрд теңгеге азайып, 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 465 млрд теңгені құрады. Бұл төмендеу, ең алдымен, бағалы қағаздар портфелінің 12 млрд теңгеге немесе 2,8%-ға төмендеуі есебінен болды. Атап айтқанда, бейрезидент-эмитенттердің (8,9 млрд теңгеге немесе 2,7%-ға төмендеу) және резидент-эмитенттердің (1,4 млрд теңгеге немесе 2%-ға төмендеу) бағалы қағаздар портфелі айтарлықтай азаюына әсер етті. Бұдан басқа, активтер көлемінің азаюына қолма-қол ақшаның және ағымдағы шоттардағы ақшаның (5,8 млрд теңге немесе 30,5%-ға төмендеу) азаюы әсерін тигізді.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша инвестициялық пай қорларының негізгі активі бағалы қағаздар портфелі болып табылады, ол 414,6 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 89,2%-ын құрайды, бұл ретте портфельдің 98,4%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша инвестициялық пай қорларының портфеліндегі бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздары 319,6 млрд теңгені немесе жиынтық активтердің 68,7%-ын құрады, ҚР резидент-эмитенттердің бағалы қағаздары – 73 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 15,7%-ы. Активтер құрамында сондай-ақ 13,1 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 2,8%-ы мөлшерінде шетелдік инвестициялық қорлардың пайлары бар.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында 38 брокер және дилер (16 банк және 22 банктік емес ұйым), 9 кастодиан банк, 19 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын 2 инфрақұрылымдық ұйым: «Қазақстан қор биржасы» АҚ және «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ бар. Бұдан басқа, «Қазақстан қор биржасы» АҚ базасында орталық контрагент жұмыс істейді. Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиялар саны 72 дана болды.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz