
Агенттік Төрағасы М.Е. Әбілқасымованың сұхбаты
Елдердің көшбасшылары соңғы онжылдықтарда экономика болсын не әлеуметтік сала болсын өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдер арасында теңгерім мен құқықтардың тең болуына қол жеткізуге ұмтылуда. 2016 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасын бекіту туралы Жарлығы шықты, оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 2030 жылға дейін есептелген. Сонымен қатар 2015 жылғы қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қосылды, онда 17 мақсаттың 12-сі гендерлік-сезімтал мақсаттар болып табылады.
Тұжырымдаманың мақсатын қысқаша цифрлармен көрсетсек – әйелдердің биліктің атқарушы, өкілдік және сот органдарындағы, мемлекеттік және корпоративтік секторлардағы үлесі 2023 жылы – 25%, 2030-ға қарай – 30% болуы керек. Ол үшін Қазақстанда не істеліп жатқанын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді.
Қазақстаннның корпоративтік әлеміндегі әйелдер
Әйелдердің экономикалық өмірге араласуының жеткіліксіздігі әлемдік экономиканың өсуін тежейтін, жалпыға белгілі айғақ болып табылады. Мұны ХВҚ және БҰҰ зерттеулері растап отыр, оларға сәйкес әр елдегі гендерлік теңдік пен әлеуметтік-экономикалық даму арасында оң байланыс бар. БҰҰ-ның пікірінше, әйелдер ерлермен бірдей тең құқық пен мүмкіндіктерге қол жеткізілмеген социум ешқашан орнықты дамуға қол жеткізе алмайды.
Қазақстанда әйелдердің іскерлік қызметке тартылу деңгейі жоғары екені атап өтіледі. Әйелдер басқаратын ШОК субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 1,1 млн адамға немесе Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілеріндегі жұмыспен қамтылғандардың 31,1%-н құрайды. Тұтастай алғанда, әйелдердің экономикалық белсенділігінің деңгейі 63,7%-ды, жұмыс күші санының құрамында – 48,5%-ды, жұмыспен қамтылған халық үлесінде – 48,1%-ды құрайды. Бұл ретте Қазақстандағы қаржы және сақтандыру қызметі әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуымен сипатталады – олардың үлесі 57%-ды құрайды.
Еліміздің қаржы секторы халықаралық корпоративтік басқару стандарттарын іске асыру мәселелерінде дәстүрлі түрде көш бастап тұр.
«Қаржы секторында шешімдер қабылдаудағы әйелдердің деңгейі бүгінгі күні басқа салалармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, 22 банктің 9-нда басқарма төрағалары әйелдер, бұл орайда 16 банкте олар Директорлар кеңесінің мүшелері болып табылады. Сақтандыру секторында 27 басшының 9-ы – әйел, тағы екі әйел нарықтағы 9 компанияның ішінде сақтандыру брокерлерік компанияны басқаруда. Бұл оң көрсеткіш, дегенмен, одан әрі өсу үшін әлі де әлеует бар», – дейді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы.
Агенттік басшысы қаржы ұйымдарына әйелдерді басшылық қызметтерге белсенді түрде тарту қажет деп санайды, себебі бұл сектор дәстүрлі түрде басқа салалар үшін үлгі болып табылады және корпоративтік басқарудағы, қызметтер сапасы мен цифрландырудағы үрдістерді белгілейді. Әйелдердің басшылық лауазымдарға қатысуы компаниялардағы инновациялардың дамуына ықпал ететіні атап өтілді. Сонымен қатар, бүкіл жұмыс күшінің гендерлік алуандығы технологиялық инновациялармен салыстырғанда технологиялық емес инновацияларды енгізудің сәттілігі мен ықтималдығына неғұрлым оң әсер етеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде әйелдердің саны ел бойынша орташа деңгейден жоғары. Агенттіктегі әйелдердің үлесі 62%-ды, басшылық позицияларда – 40%-ды, жоғары буын басшылары арасында – 43%-ды құрайды.
Гендер стратегия ретінде: реттеушінің жоспары
Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары еліміз гендерлік теңсіздікке қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар түбегейлі шаралар қабылдады, дегенмен бұл мәселе Қазақстан үшін әлі де өзекті, сондықтан мемлекеттің осы бағыттағы жұмысы жалғасуда, - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес Қазақстан негізгі салалардағы ресурстар мен мүмкіндіктерге қолжетімділіктегі гендерлік айырмашылықты өлшейтін гендерлік алшақтық деңгейі бойынша әлем елдері рейтингінде 156 елдің ішінде 80-ші орында тұр.
«Гендерлік теңсіздік индексінің маңызды құрауышы – әйелдердің экономикалық белсенділік дәрежесі. Дүниежүзілік Банк зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда компаниялар иелерінің құрамында шамамен 30%-ы әйелдер, бұл ретте отандық кәсіпорындардың төрттен бір бөлігінде (23,8%) меншік иелерінің құрылымында көпшілігі әйелдер. Ұйымдардың 26%-да әйелдер басшылық құрамына енгізілген. Гендерлік теңдікке қол жеткізу және барлық әйелдің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту білім беруді, жұмыспен қамтуды, еңбекақы төлеуді және қаржыландыруға қолжетімділікті қоса алғанда, барлық бағыттарда дамуға тиіс», – деп атап өтеді қаржы реттеушісінің басшысы.
Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының елдер бойынша бөлімшесінің ақпараты бойынша, еліміз жұмыс орнында, бизнес-нарықта және қоғамда гендерлік теңдікке және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бөлігінде БҰҰ қағидаттарын ілгерілету бойынша Орталық Азияда көшбасшы болып табылады. Қазіргі кезде Құқықтар мен мүмкіндіктерді кеңейту қағидаттарына Қазақстанның 37 прогрессивті кәсіпорны қол қойды.
«Заманауи үрдістер әр ұйымның орнықты дамуы туралы мәселені бірінші орынға қоятыны анық. Орнықты даму қағидаттарын ұстану осы қағидаттарды компаниялардың қызметіне дәйекті және жан-жақты енгізуді, бизнес-модельдерді неғұрлым орнықты етіп өзгертуді білдіреді. Экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару (ESG) өлшемшарттары бойынша практикаларды енгізу неғұрлым өзекті бағыт болып табылады. Осы тәсілдерді енгізу гендерлік теңдік және ұйымдардың дамуына әйелдердің қатысу деңгейі мәселелерінде ілгерілеуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Бұл ретте GRI (Global Reporting Initiative) және SASB (Sustainability Accounting Standarts Boards) сияқты ESG стандарттарында тұтынушылық кредит беру секторының клиенттері арасында, қаржы ұйымдарының жұмысшы және басқарушы қызметкерлері арасында жаңадан жалданған қызметкерлер бойынша ерлер мен әйелдердің арақатынасы туралы ақпаратты ашуға ұсынымдар бар. ESG стандарттары компанияның қаржылық көрсеткіштеріне оң әсер етуі мүмкін қаржылық есептілікті ашу бөлігінде IFRS (International Financial Reporting Standards) және GAAP (Generally Accepted Accounting Principles) халықаралық стандарттарын толықтыратынын атап өткен жөн. Мұндай ақпаратты сапалы және жан-жақты ұсыну компаниялардың құнына, инвесторлардың бағалауына және жалпы алғанда елдің шетелдік капитал үшін тартымдылығына оң әсер етеді.
Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді, гендерлік теңдікті және қаржыландыруға қолжетімділікті қолдайтын жобаларды қаржыландыруға бағытталған облигациялар шығарудың табысты мысалдары бар. Көлемі 38 млрд теңге болатын Азия Даму Банкінің арнайы жобасы аясында 2022 жылғы ақпанда KASE сауда-саттық жүйесінде 14 млрд теңге сомасына гендерлік облигациялардың екінші шығарылымы жүзеге асырылды. Бұдан бұрын, өткен жылы АДБ осы құрал арқылы 8,4 млрд теңге тартты. Бұл қаражат тұрғын үйді қаржыландыруда гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталады.
Мемлекет тарапынан әйелдердің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және қаржылық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған жүйелі шараларды әзірлеу және іске асыру қажет.
«Бүгінгі таңда әйелдерде банктік шоттардағы қалдықтардың орташа мөлшері аз, кепілдердің болмауына байланысты кредит алу мүмкіндігі аз», – деп атап өтті қаржы реттеушісінің Төрағасы.
Бұл ретте әйелдер кредиттік міндеттемелерді орындау шеңберінде тәртіптің едәуір жоғары деңгейін көрсетеді. Мәселен, Бірінші кердиттік бюроның деректері бойынша, оларда NPL90+ берешегінің, яғни 90 күннен асқан мерзімі өткен берешегінің үлесі – 41,1%-ын құрайды, ал ерлерде – 58,9%. Ақы төлеу мерзімін кешіктірудің орташа мөлшері де әр түрлі: әйелдерде 229,2 мың теңге және ерлерде 290 мың теңгеден сәл асады.
Әйелдерде мерзімі өткен кредит бойынша «орташа чек» те төмен: 244 мың теңге, ал ер адамдарда бұл көрсеткіш 306 мың теңгені құрайды.
Агенттік қаржылық қызметтердің қолжетімділігі мен пайдаланылуы туралы объективті жағдайды анықтау үшін гендерлік қаржылық статистиканы жинау жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.
Сонымен бірге реттеуші басшысы қаржылық мәселелерді шешу кезінде олардың хабардарлығын, сенімін, құзыреттілігі мен біліктілігін арттыруға бағытталған бастамалар мен бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру арқылы қаржылық сауаттылықтағы гендерлік алшақтықты мақсатты түрде қысқарту қажет деп санайды.
Қаржылық сауаттылық: зерттеулерде не айтылады?
2021 жылы Агенттік жүргізген халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейін әлеуметтанушылық зерттеу ерлердің өз қаражатын барынша ұтымды жұмсайтынын көрсетті.
«Ортақ бюджетті жүргізу үшін негізгі жауапкершілікті респонденттің өзі – ер адам (49,9%) не зайыбымен бірге (29,9%) алады. Әйелдердің 42,8%-ында жеке бюджеті бар, олар оны тек өздеріне жұмсайды. Бірақ олардың ішінде 29,9%-ы оны жұбайымен бірге жұмсайды. Сауалнамаға қатысқан ерлер мен әйелдердің негізгі үлесі (48,6%) өз шоттарын әрдайым уақтылы төлейді деген тұжырыммен толық келіседі және тек 0,32%-ы мұны уақтылы жасамайтынын көрсетті», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ерлердің қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану дағдыларының деңгейі әйелдерге (20,52%) қарағанда жоғары (31,20%). Сондай-ақ, ерлер (60%) әйелдерге қарағанда (40%) қаржы жүйесі туралы көбірек хабардар.
Сонымен қатар, әйелдер ерлерге қарағанда банктік шоттар мен депозиттерді жиі ашады. Олардың банк шоттарының жалпы санындағы үлесі 56%-дан астам, депозиттер санындағы үлесі 60%-дан астам, депозиттер сомасындағы үлесі 49%-ды құрайды.
«Әлеуметтанушылық зерттеу жүргізу қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар тап болатын неғұрлым өзекті мәселелерді, оның ішінде гендерлік аспект бойынша мәселелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді, ол қаржылық сауаттылық деңгейі бойынша гендерлік теңсіздік алшақтығын жою үшін ақпараттық-түсіндіру және оқыту сипатындағы іс-шараларды түзетуге, әйелдердің жеке қаржыны басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтер мен өнімдерді пайдалану мәселелеріне тартылуын күшейтуге, сондай-ақ олардың Қазақстанның қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейін арттыруға жағдай жасайды,», - деп қорытындылады Мәдина Әбілқасымова.
Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Агенттік жеке қаржыға қатысты шешімдер қабылдау кезінде азаматтарда ұтымды қаржылық әрекетті қалыптастыру, инвесторлар және қаржылық қызметтерді тұтынушылар ретінде олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратын болады.
Әйелдердің экономикалық белсенділікке тартылуын ынталандыру, олардың қаржы көздері мен құралдары туралы хабардар болу деңгейін ұлғайту жөніндегі осы бастамалар мен Қазақстандағы қолданыстағы бағдарламалар әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлін одан әрі арттыруға ықпал ететін болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 727 237 1089, press@finreg.kz