
Шағын және орта бизнестің дамуы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге басты әсер етеді, экономикалық өсудің драйвері болып табылады және миллиондаған адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген шағын және орта бизнес (ШОБ) компанияларының саны бір жарым миллионнан астам субъектіні құрайды.
Айналым капиталына тұрақты қажеттілік, сондай-ақ негізгі капиталға инвестицияларды жүзеге асыру қажеттілігі жағдайларында қорландыруға тұрақты қолжетімділіктің болуы ШОБ-тың өсуі мен дамуына ықпал етуге қабілетті маңызды фактор болып табылады. Сонымен қатар, компаниялар үшін түрлі тәуекелдерді болдырмау үшін қаражат тарту көздерін әртараптандыру маңызды.
Бұл жағдайда қор нарығы қаржыландыруды тартудың қосымша арнасы бола алады. Шағын және, әсіресе, орта бизнес субъектілері әдеттегі банктік кредиттен басқа, қор нарығында облигациялар шығара алады, сол арқылы өз бизнесін қаржыландыру үшін өздеріне ыңғайлы икемді шарттармен капитал тарта алады. Бұл әдістің бір артықшылығы облигацияларды ішінара/толық сатып алу, мерзімінен бұрын өтеу арқылы қарызыңызды басқару мүмкіндігі болып келеді. Бұл ретте облигация ұстаушылар оларды қайталама нарықта басқа инвесторларға сата алады.
Қор нарығына шыққысы келетін шағын және орта бизнес эмитенттері үшін қажетті құқықтық база қазірдің өзінде бар. Сондай-ақ, Қазақстандық қор биржасы қор биржасына шығуды жеңілдету үшін ШОБ эмитенттері үшін ресми тізімнің құрылымында жеңілдікті листингтік талаптары және листингтік алымдары бар «Баламалы» алаңды көздеді, ол биржаның ресми тізімінің «Негізгі» алаңының листингтік алымдарынан 30%-ға төмен.
2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қор биржасында 96 ШОБ субъектісінің бағалы қағаздары орналастырылды және айналысқа шығарылуда. 2021 жылы KASE листингіне («Негізгі» және «Баламалы» алаңдар) 19 жаңа компания - ШОБ өкілдері енгізілді (облигациялардың 21 шығарылымы, акциялардың 3 шығарылымы). Көрсетілген шығарылымдар шеңберінде 2021 жылы шағын және орта бизнес қор нарығында 124,65 млрд теңге тартты, бұл 2021 жылы қазақстандық қор нарығында корпоративтік эмитенттерді тартудың жалпы көлемінің шамамен 11%-ын құрайды.
Өткен жылы Агенттік жеке орналастыруға жататын облигацияларды енгізді. Мұндай орналастыру алдын ала айқындалған инвесторлар шеңберінен жеңілдетілген капитал тартуға арналған құрал болып табылады. Олар үшін бағалы қағаздар нарығын шығару талаптары барынша жеңілдетіліп, мерзімдер қысқартылып, оларды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар топтамасы оңтайландырылған. Енді жеке орналастыру шеңберінде эмитент ҚНРДА-ға бағалы қағаздарды шығарудың толық проспектін берусіз облигациялар шығарылымының негізгі өлшемдері туралы мәліметтерді ғана көрсететін жеке меморандумды ұсынады.
Жеке орналастыруға жататын облигациялар 2021 жылғы шілдеде іске қосылған «Жеке орналастыру» КASE-тің арнайы алаңында орналастырыла алады. Бұл алаңда бағалы қағаздар мен олардың эмитенттеріне қойылатын барынша қарапайым листингтік талаптар, облигацияларды алаң шеңберіне енгізу үшін құжаттарды ұсыну мен қараудың жеңілдетілген тәртібі және төмендетілген листингтік алымдар әрекет етеді. 2021 жылдың төртінші тоқсанында «Жеке орналастыру» арнайы алаңында жалпы сомасы 40 млн теңге болатын қазақстандық эмитенттердің облигациялары орналастырылған.
Агенттік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қор нарығына шығаруға ынталандырудың бастапқы кезеңінде мемлекеттік қолдау маңызды қозғаушы бола алатынын түсініп отыр. Қазір Агенттік және басқа мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс жүргізуде.
Қор нарығында ақша тартуды жоспарлап отырған ШОБ компаниялары үшін облигацияларды шығару бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тан және Қазақстанның Даму Банкінен мемлекеттік кепілдік алу мүмкіндігі ұсынылатын болады. Мемлекеттік кепілдіктен өзге ШОБ компаниялары шығарылған облигациялар бойынша купонды сыйақы мөлшерлемесінің бөлігін субсидиялау бойынша қолданыстағы мемлекеттік қолдауды қатар пайдалана алатын болады.
Сондай-ақ, KASE облигацияларды кепілдікке шығаруға ниеттеніп отырған ШОБ субъектілері үшін арнайы 2021 жылғы желтоқсанда бағалы қағаздардың мамандандырылған сауда-саттығын ұйымдастыру үшін листингтік және комиссиялық алымдарға жеңілдіктерді бекітті.
Бизнес субъектілері қор нарығында қаражат тарту рәсімдері басталғанға дейін олардың бағалы қағаздарына әлеуетті сұранысты зерделейтінін ескеру қажет. Сұранысты ынталандыру мақсатында Агенттік 2021 жылғы желтоқсаннан бастап банктерде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Қазақстанның Даму Банкінің кепілдігімен қамтамасыз етілген ШОБ облигацияларын және пруденциалдық нормативтерді есептеу кезінде тиісті есепке алу бойынша мүмкіндіктерді кеңейтті. Осыған ұқсас бастамалар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары үшін де көзделген, олар 2022 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді. Осылайша, қаржы ұйымдарының бизнес шығарған, кепілдік берілген бағалы қағаздарды сатып алу бойынша мүмкіндіктері кеңейтілді.
Қаржы құралдарын орналастыру үшін қосымша опция бағалы қағаздармен биржадан тыс мәмілелер бойынша жаңа алаң болуы мүмкін, оны Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінің алаңында іске қосу жоспарланып отыр. Алдымен осы алаңдағы сұраныс бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары есебінен қамтамасыз етілетін болады, содан кейін жұмысқа жеке және заңды тұлғалар жіберіледі. Листингтік алымдардың, комиссиялардың және қаржы кеңесшілеріне, андеррайтерлер мен маркет-мейкерлерге арналған өзге де ілеспе шығыстардың болмауына байланысты осы алаңда бағалы қағаздарды орналастыруға және олардың айналысына арналған шығыстарды азайту жоспарлануда.
Осылайша, бүгінгі күні ШОБ компанияларына отандық қор нарығының құралдары арқылы өз бизнесін қаржыландыру үшін ақша тартуға барлық қажетті заңнамалық негіз бар, сондай-ақ тұрақты негізде қор нарығына шығуға бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар іске асырылуда. Бизнестің бағалы қағаздар нарығында тартатын қорландыру көлемін арттыру шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін береді, қор нарығының дамуына ықпал етеді, сондай-ақ экономикалық өсуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-90, press@finreg.kz