Сақтандыру секторын қадағалау саясатының 2022 жылға арналған негізгі басымдықтары талқыланды

Сақтандыру секторын қадағалау саясатының 2022 жылға арналған негізгі басымдықтары талқыланды

2022 жылғы 15 ақпанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова сақтандыру ұйымдарымен кездесу өткізіп, Агенттіктің қадағалау саясатының 2021 жылғы нәтижелерін және сақтандыру секторы қадағалау саясатының 2022 жылға арналған негізгі басымдықтарын талқылады. Кездесуге сондай-ақ Ұлттық Банктің және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты.

2021 жылғы наурызда алғаш рет «Сақтандыру секторы қадағалау саясатының негізгі басымдықтары» деген құжат әзірленіп, жарияланды, оның шеңберінде тәуекелге бағдарланған қадағалау жүзеге асырылды. Агенттік сақтандыру ұйымдарына SRES жүйесі бойынша  бағалау жүргізді және қадағалап ден қоюдың деңгейін айқындады. Сақтандыру ұйымдары қызметінің 2021 жылғы нәтижелері бойынша 4 сақтандыру ұйымына экстремалды қадағалау, 6 ұйымға қарқынды қадағалау, 6 ұйымға жан-жақты қадағалау, 3 ұйымға байқау, 9 ұйымға стандартты қадағалау белгіленді.

Сақтандыру ұйымдары Insurance Regulatory Information System (IRIS) халықаралық реттеушілік жүйе негізінде әзірленген әдістемені басшылыққа ала отырып, алғаш рет 2021 жылы тәуекелдерге дербес бағалау жүргізді.

2021 жылы қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандырудың әлеуметтік-маңызды міндетті сыныбы (ЖОМС) бойынша сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігін бағалау жұмысы жүргізілді. Осы кезеңде сақтандыру ұйымдарынан, мемлекеттік органдардан, дерекқорлардан және басқа да дереккөздерден сақтандыру резервтерін қалыптастыру үшін қажетті статистиканың толық және дәйекті болуы тұрғысынан алынған мәліметтерге талдау жасалды.

2022 жылғы 1-жартыжылдықта  әрбір сақтандыру ұйымымен ЖОМС сыныбы бойынша сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігін бағалауға бағытталған жұмыс жүргізілетін болады.

Тәуекелге бағдарланған қадағалауды одан әрі дамыту мақсатында Агенттік 2022 жылы сақтандыру ұйымдарында тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ішкі, сол сияқты сыртқы жүйелерін сапалы жақсартуға бағытталған заңнамалық талаптарды жетілдіру және жаңа реттеушілік бастамаларды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін тәуекелге бағдарланған қадағалаудың ішкі жүйесі (SRES) пысықталады, атап айтқанда тәуекелдерді сандық бағалау (EWS) Ресей Федерациясы Орталық банкінің тәжірибесі бойынша қаржылық қызметтерді тұтынушылардың сақтандыру ұйымдарына негізгі шағымдарын ескере отырып белгіленеді.

2022 жылы Solvency II сақтандыру ұйымдары үшін төлем қабілеттілігінің халықаралық стандартының және №17 «Сақтандыру шарттары» халықаралық қаржылық есептілік стандартының элементтерін енгізуге дайындық маңызды жаңалық болады.

2022 жылы сондай-ақ Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамаға сәйкес сақтандыру қызметтерін цифрландыру бойынша жұмыс жалғасады.

Кездесуге қатысушылар сақтандыру ұйымдарын пруденциялық реттеу тәсілдері мен есептілікті оңтайландыру мәселелерін, сондай-ақ сақтандыру делдалдарының қызметі жөніндегі мәселелерді талқылады.

Бұдан әрі халықаралық стандарттарды енгізу жөніндегі жол картасы шеңберінде сақтандыру нарығымен, Ұлттық Банктің және аудиторлық ұйымдардың өкілдерімен бірлескен кездесулер өткізілетін болады.

Сақтандыру секторы қадағалау саясатының 2022 жылға арналған басымдықтары нарыққа қатысушылардың ұсыныстарын ескере отырып, келесі аптада жарияланатын болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237-10-90, press@finreg.kz