ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова банк секторы мәселелері бойынша ЕДБ басшыларымен тоқсан сайынғы кездесу өткізді. Қаржы қоғамдастығымен тоқсан сайынғы кездесулер 2021 жылдан бастап тәуекелге бағдарланған қадағалауды іске асыру және қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету шеңберінде Агенттік қызметінің ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі.
Кездесуде 2021 жылғы SREP әдіснамасы бойынша қадағалау процесі шеңберіндегі банктерді қадағалап бағалау қорытындылары, банк секторының 2022 жылға арналған қадағалау саясатының негізгі басымдықтары талқыланды.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының стрестік активтер нарығын дамыту және экономиканы кредиттеуді кеңейту бойынша тапсырмасын орындау мәселелері қаралды.
2021 жылы SREP әдіснамасы бойынша банктерге алғаш рет толық ауқымды бағалау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша қадағалау шешімдері мен қадағалап ден қоюдың реттеушілік шаралары қабылданды. Кездесуде банктерге 2021 жылғы бағалау қорытындылары бойынша анықталған негізгі тәуекелдер мен кемшіліктер айтылды.
Жүргізілген қадағалап бағалаудың нәтижелері бойынша тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің шеңберінде жақсарту мен жетілдіруді талап ететін көпшілік банктер қызметінің негізгі салалары банктердің стрестік активтердің жоғары деңгейімен (NPA) және түзету шараларының жеке жоспарларына сәйкес іс-шаралардың аяқталмауына байланысты активтер сапасын бағалау (AQR) барысында бұрын анықталған, кредиттік тәуекелді басқару кезіндегі кемшіліктерді сақтауға байланысты кредиттік тәуекелдері болды.
Агенттік Төрағасы банк секторының әлеуетті тәуекелдеріне жасалған талдауды және Қадағалау іс-қимылдарының 2022 жылға арналған бағдарламасының әзірленуін ескере отырып, ағымдағы жылы SREP-тің жаңа циклінің басталғанын атап өтті. Агенттік Төрағасы сондай-ақ қаржы реттеушісінің 2022 жылға арналған қадағалау саясатындағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді.
2022 жылы Агенттік қадағалау процесінің кешенді моделін құру арқылы банк секторына деген ашықтық пен сенімді арттыру және банк секторының қаржылық орнықтылығын бағалау бойынша жұмысты жалғастырады. Активтерді тұрақты бағалауды (AQR) және қадағалап стресс-тестілеуді имплементациялау арқылы SREP әдіснамасы бойынша қадағалау процесін одан әрі жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жүргізілетін болады. Жаңа қадағалау құралдары банктердің қаржылық жай-күйіне толық бағалау жүргізуге және экономикалық конъюнктураның нашарлауына байланысты ағымдағы тәуекелдер мен ықтимал тәуекелдерді жабу үшін қадағалау шараларын пайдалануға мүмкіндік береді.
2022 жылдан бастап тұрақты AQR қадағалау процесінің бір бөлігіне айналады және банктердің кеңейтілген тізбесі бойынша жүргізілетін болады. Оның негізінде Еуропалық Орталық Банкі әзірлеген және Агенттік пен Ұлттық Банк 2019 жылғы толық ауқымды AQR шеңберінде сынаған толық ауқымды AQR әдіснамасының озық практикасы жатыр. Сонымен бірге Агенттік 2022 жыл ішінде реттеушілік есептілікті және тұрақты AQR жүргізу рәсімдерін одан әрі автоматтандыруға, оңтайландыруға және дамытуға бағытталған жұмысты жалғастыратын болады.
Қадағалап стресс-тестілеу ағымдағы жылы AQR аясына сәйкес банктердің кеңейтілген тізбесі бойынша да жүргізіледі. Қадағалап стресс-тестілеу нәтижелері ағымдағы тәуекел-бейіндерді негізге ала отырып, банктер үшін қадағалау шараларын айқындау кезінде ескерілетін болады. Агенттік алдағы уақытта стресс-тестілеу құралдарының дамуына қарай қадағалап стресс-тестілеудің нәтижелерін кезең-кезеңімен ашу мен жариялауды жоспарлап отыр, бұл банк секторының транспаренттілігін және нарықтың сенімін арттырады.
Биылғы жылы банктердің тәуекел-бейініне байланысты капиталға жеке қадағалау үстемеақысының әдіснамасын әзірлеу жоспарланып отыр. 2023 жылы Агенттік капиталға қадағалау үстемеақысын кезең-кезеңімен қолдану бойынша жұмысты бастайды. Бастапқы кезеңде банктердің 2022 жылы жүргізген қадағалап бағалауының (SREP) қорытындылары бойынша тәуекел үшін үстемеақы қолданылатын болады. Бұдан әрі капиталға қадағалау үстемеақысы тұрақты AQR және қадағалап стресс-тестілеуді ескере отырып қолданылатын болады.
Бұдан басқа, 2022 жылы Агенттік қадағалау қызметінде уәжді қадағалау пайымдауын қолдану практикасын әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыратын болады. Агенттік банктердің байланысты тұлғалармен мәмілелерін айқындау, сондай-ақ AQR қорытындылары бойынша банктер қабылдайтын түзету іс-шараларын ескере отырып, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін бағалау үшін уәжді қадағалап пайымдауды қолданатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформа мен инфрақұрылымды құру, бизнес-жобаларды кредиттеуді ұлғайту жөніндегі, сондай-ақ банктер тиімді жобаларды кредиттеуге ұмтылатын реттеу тетіктерін жасау жөніндегі мәселелер қаралды.
Стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформаны және инфрақұрылымды құру үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, ЕҚДБ тарапынан техникалық көмек көрсету шеңберінде ағымдағы жылғы шілде айының соңына дейін тиісті кешенді бағалауды (feasibility study) жүргізеді. Агенттік платформа стрестік активтермен жасалған мәмілелердің бағалары туралы ашық дереккөзі болып табылатынын және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын қалыптастыратынын атап өтті. Нарықтың барлық қатысушыларының ұстанымдарын талқылау және есепке алу үшін Агенттік Үкіметтің, Ұлттық Банктің, ҚҚҚ-ның, банктердің және халықаралық қаржы ұйымдарының (ЕҚДБ, Дүниежүзілік Банк, ХҚК) қатысуымен жұмыс тобын құратын болады.
Экономиканы кредиттеуді арттыру үшін Агенттік Ұлттық Банктің, ҚҚҚ-ның және банктердің қатысуымен жұмыс тобын құрды, оның шеңберінде банктер үшін ШОБ-ты кредиттеу бойынша пруденциялық ынталандырулар құру, банктердің кепіл саясатын оңтайландыру, банктерді қорландырудың тұрақты базасын арттыру мәселелерін қоса алғанда, реттеушілік сипаттағы шараларды жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қаралатын болады. Көрсетілген шараларды іске асыру банктердің экономиканы кредиттеуін ынталандыруға, ШОБ үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыруға және кәсіпкерлік субъектілерінің іскерлік белсенділігін қолдауға ықпал ететін болады.
Кездесуге қатысушылар тұтынушылық кредиттеудегі тәуекелдерді реттеу тәсілдерін талқылады. Халыққа жоғары тәуекелді қарыздар беруді болдырмау үшін Агенттік пруденциялық реттеудің қосымша шараларын қабылдауды, сыйақы мөлшерлемелерін есептеу тәсілдерін қайта қарауды, кредиттік тәуекелдің құнын, қорландыру құнын, операциялық шығындарды және банктердің пайыздық маржасын ескеретін ЖТСМ есептеу формулаларын жетілдіруді жоспарлап отыр.
Азаматтардың проблемалық берешегінің деңгейін шектеу мақсатында реттеуші мен банктер проблемалық кредиттермен жұмыс істеу жөніндегі жеке жоспарларды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Азаматтардың проблемалық берешегін реттеу шаралары Үкімет әзірлейтін жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі шеңберінде де пысықталатын болады.
Агенттік банктерден өзінің бизнес-процестері мен практикаларындағы сапалы өзгерістерге, қабылданатын тәуекелдер деңгейін объективті бағалауға және банктегі тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің әлемдік стандарттарға сәйкестігі үшін өзге де пәрменді шаралардың іске асырылуына дайын болуын күтеді.
.
Баспасөз қызметі
+7 (727) 237-10-90, press@finreg.kz