
2022 жылғы 8 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылау бойынша онлайн кездесу болып өтті.
Заң жобасын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірледі.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, сондай-ақ өзге де мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары О.Смоляков баяндама жасады.
О. Смоляков стрестік активтер нарығын дамыту қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
Соңғы 5 жыл көлемінде банктердің баланстарын тазарту бойынша түбегейлі шаралар қабылданды, бұл банк секторының стрестік активтерінің мөлшерін 7,7 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Әзірленген заң жобасы осы жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады және нарықтық қағидаттарда стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту үшін жағдайлар жасауға бағытталған, бұл стрестік активтерге сұраныс пен ұсыныс арасындағы баға алшақтығына тікелей әкеп соғатын құқықтық кедергілерді жоюды көздейді.
Бірінші кезекте, Агенттік жеке инвесторлардың қатысуы үшін стрестік активтерді сатып алушылардың тізімін кеңейтуді ұсынады. 2022 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысы отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу барысында стрестік активтер мәселесіне байыпты қарау керектігін және банктерден осындай бұғатталған активтерді сатып алуға заңды түрде уәкілетті субъектілер санын кеңейту қажеттігін атап өтті.
Стрестік активтердің кез келген нарығын дамытуда стрестік активтерге қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және олардың меншік иелеріне осындай активтерді басқаруға байланысты қызметтердің бүкіл саласын көрсететін «сервистік компаниялар» шешуші рөл атқарады. Ол үшін «сервистік компания» ұғымын енгізу және осындай ұйымдарға қойылатын талаптарды белгілеу ұсынылады. Бұл сатып алынатын активтерді Агенттіктің қадағалауындағы сервистік компанияларға сенімгерлік басқаруға беру арқылы іске асырылатын активтерге қатысты реттеу өрісінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін кредиторлардың қарыз алушылармен өзара қарым-қатынасы бойынша қолданыстағы барлық заңнамалық шектеулер жаңа инвесторлар мен сервистік компанияларға қолданылатын болады.
Сонымен қатар заң жобасы банктерді өндірілген мүлікті экономикалық айналымға тартуға ынталандыруға бағытталған. Ол үшін мұндай мүліктің банктердің балансында болуының 3 жылдық мерзімін белгілеу ұсынылады.
Кездесу соңында қатысушылар стрестік активтер нарығын құру және стрестік активтерді экономикалық айналымға тарту бойынша ұсынылған шараларды бірлесіп талқылауды жалғастыру қажеттілігін атап өтті.
Агенттіктің сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 727 237 1090, press@finreg.kz