
Сақтандыру омбудсманы Қазақстанда 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл – сақтандыру ұйымдары мен олардың клиенттерінің арасындағы сақтандыру шарттары бойынша өзара қатынастарды реттеумен және дауларды соттан тыс шешумен айналысатын, қызметі тәуелсіз адам. 2019 жылғы қарашадан бастап сақтандыру омбудсманының өкілеттіктері Павел Алексеевич Завалкоға жүктелді. Бүгін Павел Алексеевич өзінің қызметі туралы сұрақтарымызға жауап береді.
Павел Алексеевич, сақтандыру омбудсманының қызметі туралы қысқаша айтып беріңізші. Кімдер және қандай даулар бойынша Сізге жүгіне алады? Кәсіпкерлік субъектілерінің, заңды тұлғалардың өтініштерін қарайсыз ба?
Негізінен маған азаматтар міндетті автосақтандыру шарттары бойынша сақтандыру ұйымдарымен дауларды реттеу үшін жүгінеді. Даудың негізгі мәні сақтандыру төлемінің мөлшерімен не төлем жасаудан бас тартумен, автомобильге келтірілген зиян мөлшерін бағалаумен және т.б. байланысты.
Алайда, мен міндетті автосақтандыру шеңберінде ғана емес, ерікті түрде жасалатын сақтандыру сыныптарын қоса алғанда, сақтанушылары жеке тұлғалар немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын барлық сақтандыру шарттары бойынша да келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратынымды атап өткім келеді. Басқа заңды тұлғалар маған міндетті автосақтандыру бойынша ғана жүгіне алады. Бұл заңда белгіленген.
Заңда сақтандыру омбудсманы қарауға құқылы болатын даулар бойынша талаптардың сомасы белгіленген, 2022 жылы ол 10.000 АЕК-тен аспауға тиіс, бұл шамамен 30 млн теңге болады.
Сіз қарастыратын осындай ауқымды мәселелер аясында азаматтар үшін қызметтеріңіздің құны қанша? Сіздер өтініштерді қандай мерзімде қарайсыздар?
Азаматтар үшін мен тегін қызмет көрсетемін. Өтінішті қарау мерзімі өтініш қарауға қабылданған сәттен бастап екі айдан аспауға тиіс.

Сіз шығаратын шешімнің мәртебесі қандай болады? Оны сақтандыру ұйымы міндетті түрде орындауға тиіс пе?
Сақтандыру омбудсманының шешімін сақтандыру ұйымы кез келген жағдайда, клиент пен сақтандырушы арасындағы не сақтандыру ұйымдары арасындағы дау болсын, орындауға міндетті. Бұл ретте сақтанушы, яғни сақтандыру ұйымының клиенті үшін сақтандыру омбудсманының шешімін орындау міндетті емес. Оның шешімді сотта даулауға құқығы бар.
Нақтырақ айтсақ, өзіңіз 2021 жылы шығарған шешімдер бойынша статистиканы келтіре аласыз ба? Өтініш берушінің пайдасына қанша шешім шығарылды?
Өткен жылы мен 991 өтініш қарадым. 562 өтініш бойынша шешім өтініш берушілердің пайдасына шығарылды, бұл қаралған өтініштердің жалпы санынан 57%-ға жуық. 53 өтініш бойынша дау отырыстар барысында реттелді. Талаптар заңсыз болғандықтан, 164 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім шығарылды, бұл қаралған өтініштердің жалпы санының шамамен 16%-ы.
Өтініш берушінің талаптарды растайтын құжаттарды ұсынбауынан не істің соттың қарауына берілуінен 20%-ға жуық өтінішті қарау тоқтатылды.
Сіздің тәжірибеңізге сүйенсек, болашақта даулы мәселелерді болдырмау үшін сақтандыру шартын жасамас бұрын тұтынушы не нәрсеге назар аударуы керек? Сақтандыру ұйымының өтемақы төлемеуіне қандай жағдайлар негіз болуы мүмкін? Сақтандырушыны төлемнен босататын форс-мажорлық өлшемшарттар бар ма?
Мен клиенттерге сақтандыру шартына қол қоймас бұрын оны мұқият оқып, зерделеуге кеңес берер едім. Автокөлік иелерін міндетті сақтандыру сияқты сақтандырудың міндетті сыныптарына қатысты сақтандыру шарттары заңмен реттеледі. Сондықтан бұл жағдайда сақтандыру ұйымдарының қызметтері стандартты және реттелген.
Сақтандырудың ерікті сыныптарына қатысты, мысалы, мүлікті залалдан сақтандыру, сақтандырудың барлық шарттары сақтандыру шартында қамтылған. Сондықтан әлеуетті клиент шартқа қол қойғанға дейін өзін қандай тәуекелдерден сақтандыратынын және сақтандыру жағдайы басталған кезде оның қандай соманы алатынын түсінуі маңызды. Тиісінше, клиентті толғандыратын барлық мәселелерді сақтандыру шартын жасасқанға дейін сақтандырушымен талқылау қажет. Бұл өте маңызды, өйткені ол сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру құны мен сақтандыру төлемінің мөлшеріне әсер етеді.
Егер сіз мүлікті тек өрттен сақтандырсаңыз, бұл сақтандырудың бір құны. Егер сақтандыру шартында, мысалы, мүлікті ұрлау, үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне байланысты оның зақымдануы, өрт, үй-жайларды су басу және т.б. сияқты сақтандыру жағдайларының кең тізімі қамтылса, онда мұндай шарт қымбатқа түседі.
Еліміздегі соңғы қайғылы оқиғалар туралы айтар болсақ, азаматтар Сізге сақтандыру ұйымдарының Алматыда және елдің басқа өңірлерінде болған террорлық актілердің нәтижесінде келтірілген залалдар бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудан бас тартуы жөнінде жүгінді ме?
Бүгінгі күні ол оқиғалар бойынша Сақтандыру омбудсманының офисіне өтініштер келіп түскен жоқ. Мұндай өтініштердің көпшілігі қазір сақтандыру ұйымдарында қаралу сатысында деп ойлаймын
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде бізге реттеушінің сақтандыру омбудсманының қызметін жетілдіру саласындағы соңғы бастамалары туралы ақпаратқа да түсініктеме берді
«Қазір Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасында сақтандыру омбудсманының сақтандыру нарығына қатысушылардан тәуелсіздігін арттыру ұсынылады. Омбудсманды реттеуші нарыққа қатысушылар ұсынған кандидаттар тізбесінен сайлайды деп болжануда. Қазір сақтандыру омбудсманын негізінен сақтандыру ұйымдарының өкілдерінен тұратын өкілдер кеңесі сайлайды
Сақтандыру омбудсманының офисін кеңейту, оның құрамына ақпараттық технологиялар бойынша мамандарды, заңгерлерді, бухгалтерлерді, бағалаушыларды енгізу де маңызды бастама болып табылады. Бұл омбудсманға өтініш берушілердің өтініштерін неғұрлым сапалы және жедел қарауға мүмкіндік береді
Сақтандыру ұйымдары мен олардың басшы қызметкерлерінің өтініш берушілердің шағымдары бойынша сақтандыру омбудсманының шешімдерін орындамағаны үшін жауапкершілігі артады, оның офисін күтіп-ұстауға арналған жарналарды төлемегені үшін жауапкершілік белгіленеді.».
Агенттіктің сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz