
Елдің бүкіл аумағында Төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде көптеген кәсіпкерлер және қарапайым азаматтар коммерциялық қызметін және жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды, бұл олардың кірістерінің төмендеуіне әкелді.
Осыған орай азаматтарға және бизнес субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында Агенттік Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін қабылдады («Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға қолдау көрсету шаралары туралы» Агенттік Төрағасының 2022 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығы).
Тәртіпте төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға және бизнес субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге берілген, банктердің және микроқаржы ұйымдарының кредиттерінің барлық түрлері бойынша төлемдерді 3 айға кейінге қалдыру мүмкіндігі көзделеді.
Ақы төлеу мерзімін кейінге қалдыру үшін қарыз алушы кредиттік ұйымға 2022 жылғы 4 сәуірге дейінгі (қоса алғанда) мерзімде өтінішпен жүгінуі қажет.
Өтініш берілген күнге қарамастан, кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі 2022 жылғы 5 қаңтар – 5 сәуір аралығында берілетін болады. Қарыз алушының және кредиттік ұйымның өзара келісімі бойынша ақы төлеуді кейінге қалдырудың өзге мерзімі белгіленуі мүмкін.
Кредиттік ұйым төтенше жағдай кезеңінде қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлауы немесе келтірілген зиян туралы ақпарат болған кезде қарыз алушының кредиті бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін береді.
Қарыз алушының таңдауына қарыз бойынша кейінге қалдырылған төлемдерді өтеудің 3 балама кестесі беріледі:
1) қарыз мерзімінің соңына дейін кейінге қалдырылған төлемдерді тепе-тең бөлу;
2) төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңіне қарыз мерзімін ұлғайту түрінде;
3) қарыз/микрокредит шартында немесе қарыз алушының өтінішінде көрсетілген өтеудің өзге тәсілі.
Өтініш электрондық поштаның, «банк-клиент» онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильдік қосымшаның, басқа байланыс құралдарының көмегімен не қарыз алушының кредиттік ұйым офисіне баруы арқылы еркін нысанда берілуі мүмкін.
Қарыз алушының өтінішін кредиттік ұйым 10 жұмыс күні ішінде қарайды.
Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі автоматты түрде, шартқа қосымша келісімдерге қол қоймастан беріледі.
Төтенше жағдай және кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қолданыста болған кезеңде кредиттік ұйымға:
– қарыз (микрокредит) шарттары бойынша айыпақы (айыппұлдар, өсімпұлдар) есептеуге және талап етуге;
– есептелген және мерзімі өткен сыйақыны, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына қосуына тыйым салынады.
Төлем мерзімін кейінге қалдыру кезеңінде кредиттік ұйымдар қарыз алушы бойынша шағым-талап жұмысын жүргізбейді және мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарламайды.
Төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін алу қарыз алушының кредиттік тарихын нашарлату және кредиттік бюроға қарыз алушы туралы жағымсыз ақпарат беру үшін негіз болып табылмайды.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 727 237 1089, press@finreg.kz