«Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-тың есепке алу жүйесінде «омнибус қосалқы шоттарды» және «код бойынша қосалқы шоттарды» енгізу туралы

«Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-тың есепке алу жүйесінде «омнибус қосалқы шоттарды» және «код бойынша қосалқы шоттарды» енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-тың (бұдан әрі – Орталық депозитарий) есепке алу жүйесінде бағалы қағаздарды есепке алу тәртібін халықаралық практиканы ескере отырып жетілдіру мақсатында 2021 жылы Орталық депозитарийдің жеке және заңды тұлғаларға тиесілі бағалы қағаздарын есепке алуға арналған есепке алу жүйесінде номиналды ұстаушылардың (брокерлердің) жеке шоттары шеңберінде ашылатын қосалқы шоттардың түрлерін өзгертті.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылатын қосалқы шоттың жаңа екі түрі енгізілді:

- «код бойынша қосалқы шот», ол әрбір жеке және заңды тұлғаға Орталық депозитарийде бірегей код беріле отырып, олар туралы барлық деректемелер жария етілместен (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты не заңды тұлғаның атауы көрсетілместен) олардың әрқайсысына жеке-жеке ашылады;

- «омнибус қосалқы шот», онда брокердің бірнеше клиентіне, яғни Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіндегі бір ортақ қосалқы шотта жинақталған бағалы қағаздар есепке алынуы мүмкін. Бұл ретте брокердің мұндай клиенттерінің әрқайсысына бірегей код беріледі.

Бұл ретте брокердің өзінің ішкі есепке алу жүйесінде «омнибус қосалқы шот» бойынша бағалы қағаздар мен олармен жасалған мәмілелер жинақталып есепке алынған жағдайда, бұрынғысынша, брокер клиенттерінің жеке шоттары бойынша бөлек есепке алу қамтамасыз етілетінін ескерген жөн.  

Сонымен қоса, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде жеке немесе заңды тұлға туралы барлық деректемелерді жария ете отырып жеке қосалқы шоттың түрі – «ұстаушының қосалқы шоты» алып тасталды. Брокерлік шартты жасасу кезінде Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде брокердің клиенттеріне қосалқы шоттар ашу енді міндетті талап болып табылмайды.

Өз кезегінде қор биржасы[1] алаңындағы сауда-саттық Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде брокердің клиенттеріне берілген бірегей кодтар көрсетіле отырып жүзеге асырылатын болады.

 «Омнибус қосалқы шотты» жүргізу клиентке шот ашу шеңберінде брокерлік қызметтер көрсету, бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға бұйрықтар беру тәртібін жеңілдетуге, сондай-ақ бағалы қағаздар бойынша транзакциялар жүргізу кезінде брокерлер мен олардың клиент-инвесторларының шығыстарын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда көрсетілген ережелер Агенттік Басқармасының 24.02.2021 ж. № 37[2] және 24.09.2021 ж. № 95[3] қаулыларымен қабылданған нормативтік құқықтық актілер шеңберінде бекітілді.

Қаулылардың мәтінімен және тиісті ақпараттық хабарламалармен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында мынадай сілтемелер бойынша танысуға болады:

 

https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/139117?lang=ru

https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/221534?lang=ru

https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/170814?lang=ru

https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/266228?lang=ru.

 

[1] «Қазақстан қор биржасы» АҚ

[2] «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басөармасының  24.02.2021ж. № 37 қаулысы

[3] «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасының 24.09.2021ж. № 95 қаулысы

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

 +7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz