2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторының жай-күйі туралы

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторының жай-күйі туралы

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 22 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 14 банк шет елдің қатысуымен, оның ішінде 11 еншілес банк. Банк секторының жиынтық активтері 1 желтоқсанда негізінен қараша айында банктік қарыздардың 3,3%-ға өсуі есебінен 2%-ға ұлғайып, 36,7 трлн теңге болды (2021 жылдың басынан бері өсім – 17,8%). 2021 жылдың басынан бері жиынтық активтердің өсуі 5,5 трлн теңгені немесе 20%-ды құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің шамамен 12,48 трлн теңгені немесе активтердің 33,4%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Өтімділік деңгейі клиенттердің алдындағы ағымдағы міндеттемелердің көлемін ескере отырып, банктердің пруденциялық талаптарды сақтауын қамтамасыз етеді және өтімділік резервінің болуына мүмкіндік береді.

Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 79,3%-ын немесе 25,49 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельмен ұсынылған. Айналысқа шығарылған бағалы қағаздар және басқа банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар сияқты өзге де міндеттемелердің үлесі тиісінше 7,1%-ды және 1,8%-ды құрады.

01.12.2021ж. жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 20,02%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 24,33%,  бұл жүйе бойынша орташа алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден айтарлықтай асып түседі.

Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 01.12.2021 жылға 3,45%-ды (01.12.2020ж. – 2,77%), капитал рентабельділігі (ROE) – 27,89%-ды (01.12.2020ж. – 21,11%) құрады.

Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 2021 жылғы қарашада 3,7%-ға ұлғайып, 17,84 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бері 3,22 трлн теңгені немесе 22%-ды құрады.

2021 жылғы қарашада ұлттық валютадағы кредиттер көлемі                3,7%-ға ұлғайды, ал жылдың басынан бастап 20,33%-ға - 12,72 трлн теңгеден 15,98 трлн теңгеге дейін ұлғайды.  Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер іс жүзінде 2,8%-ға, жеке тұлғаларға -                  4,1%-ға ұлғайды.

Салалық бөліністе банктердің экономикаға кредиттерінің барынша көп сомасы мынадай салаларға тиесілі:  жалпы көлемдегі үлесі: өнеркәсіп – 14,2%, сауда – 10,9%, құрылыс – 3,3% және көлік – 2,6%.

Халыққа ипотекалық кредит беру көлемі 2021 жылғы қарашада  7,4%-ға ұлғайды және 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 3,25 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бастап 36,7%-ды құрады. Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарына арналған кредиттері 2021 жылғы қарашада 2,8%-ға 5,99 трлн теңгеге дейін өсті. 2021 жылдың басынан бастап тұтынушылық қарыздар 1,61 трлн теңгеге немесе 36,6%-ға өсті.

Алдын ала деректер бойынша, 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінде 3,7%-ды  (2021 жылдың басында – 6,9%) құрады. Жеке тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 3,6% (01.01.2021 жылға – 5,4%), ШОБ-ты ескере отырып, заңды тұлғалардың портфелінде – 4,1%-ды (01.01.2021 жылға – 8,6%-ды) құрады.

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 2021 жылғы қарашада 0,8%-ға төмендеп, 25,79 трлн теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 2021 жылғы қазанмен салыстырғанда 13,07 трлн теңгеге дейін 3,6%-ға азайып (2021 жылдың басынан бастап 1,77 трлн немесе  15,7%-ға өсу), жеке тұлғалардың депозиттері 12,72 трлн теңгеге дейін 2,1%-ға (2021 жылдың басынан бастап – 1,93 трлн немесе 17,9%-ға өсу) ұлғайды.

Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 2021 жылғы қарашада 3,4%-ға азайды және 01.12.2021ж. жағдай бойынша 16,19 трлн теңге болды (2021 жылдың басынан бастап 16,8%-ға өсу), шетел валютасымен депозиттер 9,6 трлн теңгеге дейін 3,7%-ға (2021 жылдың басынан бастап – 16,6%-ға) ұлғайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі  01.12.2021 жылғы 37,2%-ды (01.12.2020 жылы – 39,3%) құрады.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы қарашада 8,04 трлн теңгеге дейін 5,6%-ға азайды, шетел валютасындағы депозиттері 5,03 трлн теңгеге дейін 0,2%-ға азайды, бұл заңды тұлғалар депозиттерінің 38,5%-ын құрайды.

Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8,15 трлн теңгеге дейін 1,1%-ға азайды, шетел валютасындағы депозиттері жеке тұлғалар депозиттерінің 35,9%-ын құрап, 4,57 трлн теңгеге дейін 8,3%-ға ұлғайды.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,5% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 8,4% (2020 жылғы желтоқсанда – 9,2%) болды.

Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/249266?lang=kk

 

Баспасөз қызметі

+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz