
01.12.2021 жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның 9 ұйымы – өмірді сақтандыру бойынша. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының жиынтық активтері қарашада 1,9%-ға ұлғайды және 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 1,78 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 292 млрд теңгеге немесе 19,7%-ға ұлғайды. Ұлғаюға, негізінен, сақтандыру сыйлықақыларының өсуі және оларды бағалы қағаздарға инвестициялау себепші болды.
01.12.2021 жылғы жағдай бойынша активтер құрылымында ең көп үлеске (жиынтық активтердің 73%-ы) бағалы қағаздар – 1,3 трлн теңге тиесілі, олар 2021 жылғы қарашада 1,7%-ға ұлғайды. Қайта сақтандыру активтері 2021 жылғы қарашада 0,3%-ға азайып, 68 млрд теңге (жиынтық активтердің 3,8%-ы) болды. Сақтандыру дебиторлық берешегі 2021 жылғы қарашада 115 млн теңгеге немесе 0,2%-ға азайып, 55 млрд теңге немесе жиынтық активтердің 3,1%-ы болды.
2021 жылғы қарашада міндеттемелер 2,9%-ға ұлғайды және 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 1 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап міндеттемелер, негізінен сақтандыру резервтерінің ұлғаюы есебінен 27,7%-ға ұлғайды, олар ең көп үлеске ие болды - 83,2% немесе 872 млрд теңге.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 2021 жылғы қарашада 0,4%-ға ұлғайып, 730 млрд теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштің өсуі 65 млрд теңге немесе 9,8% болды.
Сақтандыру секторының негізінен сақтандыру қызметінен түскен кірістер есебінен алынған таза пайдасы 2021 жылғы қарашада 6,3 млрд теңгеге ұлғайды және 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 104,6 млрд теңгені құрады.
2021 жылғы қарашада сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 52,9 млрд теңге болды және 01.12.2021 жылғы жағдай бойынша 622 млрд теңгені құрады, бұл 01.12.2020 жылғы осы көрсеткіштен 37,3%-ға артық.
Міндетті сақтандыру бойынша 2021 жылдың қараша айында 9,7 млрд теңге сомаға, 2021 жылдың 11 айында – 117,8 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылары жиналды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға артық. Өсу, негізінен, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша болды (20,9%-ға ұлғаю).
Ерікті жеке сақтандыру бойынша 2021 жылғы қарашада
22,5 млрд теңге сомаға, 2021 жылдың 11 айында – 267,6 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылары жиналды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 57,3%-ға артық. Өсу, негізінен, өмірді сақтандыру сыныбы және зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары жиынының тиісінше 87,4%-ға және 26,5%-ға ұлғаюымен байланысты болды.
Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша 2021 жылғы қарашада 20,7 млрд теңге сомаға, 2021 жылдың 11 айында – 236,6 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылары жиналды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 28,4%-ға артық. Өсу, негізінен, мүлікті зияннан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылардың 24,6%-ға және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудың екі есеге өсуімен байланысты болды.
2021 жылғы қарашада жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 1 385 477 дананы, 2021 жылдың 11 айында – 11 114 016 шартты құрады, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 39,6%-ға артық. Бұл өсу, негізінен, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының 22%-ға, туристі сақтандыру шарттарының 3,6 есеге, өмірді сақтандыру шарттарының 49,9%-ға және жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының 2,3 есеге ұлғаюымен байланысты болды.
Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/249266?lang=kk
Баспасөз қызметі
+7 (727) 237 1090, press@finreg.kz